Атырауда Сұлтан Бейбарыстың 800 жылдығына арналған іс-шаралар легі халықаралық айтыспен жалғасын тапты. «Ерлігі ерен ер бабам!» атты халықаралық айтыста 14 ақын бақ сынады.
Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрындағы жыр бәйгесін халықаралық қазылар алқасы саралады. Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы Мереке Құлкенов төрағалық еткен қазылар алқасының құрамына қырғыз ұлттық «Манас» театрының директоры, Ш.Айтматов атындағы мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Азиз Биймырза уулу енді.
Айтыс екі күнге созылды. Алғашқы күні еліміздің ақындарымен бірге жыр көрігін моңғолиялық қандас Айдос Рашатұлы, қырғызстандық Эсенбек Кийизбаев пен Амантай Куманалиев қыздырды. Екінші кезеңде ұшқыр ойымен ерекшеленген сегіз айтыскер сахнаға шықты.
Ақындар Сұлтан Бейбарыстың тұлғалық болмысын, мемлекет басқарудағы қайраткерлігін арқау етті. Дегенмен, мұнайлы өңірдің жетістіктері мен түйінді мәселелерін де қалыс қалдырмады. Жыр додасында қарағандылық айтыскер Дидар Қами дара шапты. Қазылар алқасы алғыр ақынның арынын орынды бағалап, айтыстың бас жүлдесі – 1 млн теңгені иеленуге лайық деп тапты.
Ал бірінші жүлде – 750 мың теңгені астаналық ақын Еркебұлан Қайназар иеленді. Өзіндік сөз саптауымен, мәнерімен көрініп жүрген атыраулық өрен Өнербек Дәулекенов екінші жүлденің сыйақысы – 600 мың теңгеге ие болды. Үшінші жүлденің 500 мың теңгесі екі айтыскерге берілді. Оның бірі – Батыс Қазақстан облысының ақыны Талғат Мықи, ал екіншісі – қырғызстандық Эсенбек Кийизбаев.
Сондай-ақ үш ақын Батыржан Кәдірбай (Атырау облысы), Рауан Қайдар (Павлодар облысы), Бауыржан Ширмединұлы (Батыс Қазақстан облысы) арнайы жүлдені иеленді. Олардың әрқайсысына арнайы жүлде үшін 350 мың теңге берілсе, алты ақын 300 мың теңгеден ынталандыру сыйақысын алды. «Халқымыздың ежелден келе жатқан ұлттық өнерінің қатарында айтыс та бар. Көрермен айтыстың қызықты өткенін қалайды. Қарсыласы мықты, көрермені көп болса, айтыскерлер ашыла түседі. Шабыты оянады. Мемлекет басқарған тарихи тұлға Сұлтан Бейбарыс бабамызға арналған халықаралық айтыс жоғары деңгейде әрі әділ өтті. Атырауда өткен айтыстан екінші рет бас жүлде алып тұрмын», деді Д.Қами.
Қырғызстаннан келген Эсенбек Кийизбаевтың айтуынша, мұндай халықаралық айтыс көбірек өткені жөн. Өйткені айтыс – қазақ пен қырғызға ортақ өнер. «Мұндай халықаралық айтыс жиі өтпейді ғой. Сол себептен, бауырлас екі халықтың достығын жырға қостым. Бұрыннан екі елдің ақын-жазушылары бір-бірінің шығармашылығына қолдау білдіріп, достық қарым-қатынас орнатқанын білеміз. Біз де сол жолды жалғағымыз келеді», деді Эсенбек Кийизбаев.
Атырау облысы