ХХІ ғасырда ашылған жаһандық жаңалықтардың ішінде жасанды зерденің жөні бөлек. Ел арасында екіұдай пікір қалыптастырған, соған қарамастан қоғам өміріне дендеп еніп келе жатқан жасанды зерде түбінде адамзат баласының өмір сүру бағытын түбегейлі өзгертеді. Оның ең үлкен пайдасы адам баласына түрлі ауыр жұмыстарды атқаруда жеңілдік жасайды.
Kazakhstan Growth Forum шарасының генеративті жасанды зерде көмегімен бизнесті трансформациялау тақырыбындағы панельдік сессиясында отандық бизнесмен, AITAS холдингінің негізін қалаушы Серік Толықпаев агроөндірістік кешенде жасанды зердені және цифрландыруды қолданудың артықшылықтары, сондай-ақ бизнесті басқару жүйесіндегі инновациялық тәсілдер туралы кеңінен әңгімелеп берді. Сұхбат барысында спикер жасанды зерденің ендігі жерде заманауи аграрлық кәсіпорындарда кеңінен қолданылатынын атап өтті.
«Агросектордағы жасанды зерде Machine Learning (Машинаны оқыту) және Сomputer vision (Компьютер көзі) бағыттарында жұмыс істейді. Соңғы екі жыл ішінде жасанды зердені өсімдік шаруашылығында белсенді пайдаланып жүрміз. Осының арқасында саланың табысы 10-15%-ға артты», деп мәлімдеді С.Толықпаев.
AITAS мамандары агроөндірістік кешенде IT саласында қолданылатын цифрлық шешімдердің көпшілігін ұтымды жүзеге асыруға болады деп біледі. Машинаны оқыту шаруаларға егін түсімі мен ауа райын болжауға көмектеседі. Компьютер көзі арнайы бағдарламаланған дрон арқылы пайдалы өсімдікті және арамшөпті тануға, олардың көлемін анықтауға жол ашады. Сонымен қатар жасанды зерде ауыл шаруашылығы алқаптарында нақты жер өңдеуді дамытуға үлес қоса алады. Мәселен, мұндай технологияның көмегімен холдинг шаруалары жердің құнарлылығы тұрғысынан алқапты бірнеше бөлікке бөліп, егінді соған орайластырып салады. Яғни құнарлылығы жоғары аймақтарға отырғызылатын тұқым көлемі жоғарырақ болады, бұл өз кезегінде барынша тиімді өнім алуға септігін тигізеді.
Әңгіме барысында С.Толықпаев IT-саласына, стартаптарды қолдауға және ұйым қызметін басқару жүйесіне арналған жаңа тәсілдерді пайдалануға инвестиция салудың маңызды екенін айтып өтті. Оның пікірінше, AITAS холдингі түрлі инновацияға, жекелей алғанда нарықтағы құндылықтар қатынасына өзгеріс әкелуі мүмкін айрықша жобаларға қолдау білдіреді.
Сондай-ақ агроөндірістік ұйымның негізін қалаушы AITAS трансформациясы туралы да айтып өтті: «Компания ерекше уақытты бастан өткеріп жатыр. Басқару жүйесін басшылыққа ала отырып, қазіргі және болашақ бизнесімізді «Run», «Change» және «Disrupt» атты үш бағытқа бөліп тастадық. Бұлардың әрқайсысы назар аударуға тұрарлық модель деп ойлаймын. «Run» – белгілі бір қарқынмен дамып отыруға мүмкіндік беретін, алайда нарық шекарасынан шыға алмайтын бизнес. «Change» – нарық әлеуетін арттыра алатын одақтармен, стратегтермен бірлесу. «Disrupt» – стартаптар, жаңа бизнес-модельдер, бұл бағыттың аясында бүкіл әлем бойынша «дизрапт» технологияларды іздеп, болашақта күрт дамытуға болады-ау деген жобаларға қаражатымыздың 10%-ын бағыттаймыз», дейді С.Толықпаев.
Айта кетелік, AITAS – Қазақстандағы ең ірі цифрлық агроөнеркәсіптік холдинг, оның құрамына «Кус&Вкус» брендімен белгілі Өскемен және Орталық Азиядағы ең ірі Макинск құс фабрикалары, Алматы асыл тұқымды құс репродукторы, «AMP» брендімен ет, деликатес, шұжық өнімдерін өндіру, Aitas Foundation корпоративтік қоры сияқты 15-тен астам кәсіпорын кіреді. Холдингте жемшөп және жемшөп компоненттерімен қамтамасыз ету мақсатында Шығыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарындағы 35 мың гектардан астам аумақты алып жатқан бірнеше шаруашылық кіретін Aitas Agro бизнес-бағыты жұмыс істейді.