Қостанайда синтетикалық есірткі таратумен айналысқан жергілікті колледждің екі студенті 10 жылға бас бостандықтарынан айырылды. Өзге жастарға сабақ болсын десе керек, қылмыстық істерді қарайтын мамандандырылған соттың ашық отырысы бұл жолы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы өңірлік университетте көпшілік студенттердің алдында өтті.
Он тоғыз жастағы екі бойжеткенге алдын ала сөз байласқан бір топ адаммен бірігіп аса ірі көлемдегі есірткі заттарын заңсыз иемденген, тасымалдаған, сақтаған, оны электронды ақпарат көздері арқылы сатпақ болған деген айып тағылып отыр. Сот олардың өткен жылдың қыркүйегі мен осы жылдың қаңтары аралығындағы кезеңде Қостанай әлеуметтік-техникалық колледжінің 3-курсында оқи жүріп, есірткі заттарын заңсыз иемденгенін, сақтағанын және оны сату үшін Қостанай қаласының әр бұрышына тасымалдап, алдын ала белгіленген құпия орындарға жасырып қойып кетіп отырғанын анықтады.
Колледж студенттері Ангелина Антипенко мен Анастасия Савостьянова бірге пәтер жалдап тұрған. Арнайы сайт арқылы бейтаныс оператормен байланысқан Ангелина оған жеке куәлігіндегі мәліметтерін өзі жіберіп, есірткі тасымалдаумен айналысуға келісім берген. Одан кейін бұл ісіне құрбысы Анастасияны тартқан. Бойжеткендердің өздерінің айтуынша, оларды мұндай ауыр қылмысқа баруға бұрын өздерімен бірге тұрған Мария Ермакова есімді бойжеткен итермелеген. Қарызға алған азық-түлігі мен коммуналдық қызмет ақысын төлей алмай тығырыққа тірелген студенттер Мария Ермакованың «Сендерді ешкім ешқашан ұстай алмайды, қайта қарыздарыңнан құтылып, пайда табасыңдар», деген сөзіне сеніп, келісім берген көрінеді.
Осылайша, бейтаныс оператор екі студентке хабарлама арқылы есірткі жасыратын орынды көрсетеді. Тапсырманы орындаған соң қыздар өздері есірткі жасырған орынды суретке түсіріп, скриншотын әлгі операторға жіберіп отырған. Студенттер атқарған жұмыстың әрқайсысы мың теңгеден бір жарым мың теңгеге дейін бағаланған. Антипенко мен Савостьянова біраздан соң бұл «бизнестен» бас тартпақ болған екен, алайда олардың әлеуметтік желі арқылы жұмсап, табысқа кенелтіп отырған «жарылқаушысы» «орманға апарып көміп кетеміз, жақын туыстарыңды жазалаймыз», деп қорқытқан.
Полиция студенттерді 2023 жылдың 11 қаңтарында көпқабатты бір үйдің кіреберісіне есірткі жасырып жатқан жерінен ұстады. Бойжеткендер есірткіні көбіне осындай көпқабатты үйлердің кіре берісінің көзден таса бір бұрышына немесе пошта жәшігінің ішіне тастап кетіп отырған.
Қыздардың жеке басын тінту барысында А.Савостьянованың үстіндегі күртенің оң қалтасынан – 20, сол қалтасынан 30 түйіншек ақ түсті ұнтақ зат шыққан. Одан кейін студенттер тұрып жатқан жалдамалы пәтерге тінту жүргізген полиция салмағы 100 гр «Мефедрон» есірткісі салынған пластикалық тәрелке, электронды таразы, екі ұялы телефон, барсеткаға салынған 12 түйіншек есірткі және есірткі салуға ыңғайлы көптеген ZIP пакетін тапқан.
Облыстық полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі, полиция подполковнигі Айгүл Ерәділованың айтуынша, сотқа дейінгі тергеу жұмыстары барысында студенттер жалдап тұрған пәтерден тәркіленіп алынған айғақтардың «Идея» интернет дүкенінен сатып алынғаны анықталған. Бұл заттарды белгісіз біреулер Петропавл қаласындағы құпия орындарға қалдырып кетіп отырған. Одан әрі «Идея» телеграм дүкені арқылы өзге өңірлерге таратпақ болған. Қостанайда таралған есірткі – соның бір ұшығы ғана.
Ашық сот отырысында прокурор сотталушыларға 11 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұраған. Алайда қылмыстық жауапкершілікті жеңілдететін бірқатар жайтты ескерген сот бойжеткендерді 10 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды. Сот үкімі әлі заңды күшіне ене қойған жоқ.
Полиция департаментінің мәліметінше, есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының қызметкерлері жыл басынан бері заңсыз есірткі айналымына қатысты 237 қылмысты анықтап, 340 кг есірткі заттарын тәркілеген.
Қостанай облысы