Енді Астана тұрғындары аула маңындағы ақылы автотұрақтарды тегін пайдалана алатын болды.
«Астананың тұрақ кеңістігі» ЖШС мәліметінше, 1 қазаннан бастап ақылы автотұрақтарды тегін пайдалануға бірегей мүмкіндік берілді. Бұл шешім қаланы тұрғындар үшін барынша ыңғайлы етуге арналған. Ал осыған дейін абонемент құны айына 1 500 теңге болған.
«Автотұрақ аймақтарының тізімі және олардың мекенжайлары astanapark.kz сайтының «Резиденттер» бөлімінде көрсетілген. Резиденттік абонементті ресімдеу үшін сайтқа тіркеліп, онлайн-өтініш беру қажет», дейді жауапты мекеме қызметкері.
Уақытты үнемдегісі келетін жүргізушілер үшін абонементтер беріледі. Абонемент иелері көлігін қала бойынша барлық ақылы тұрақта төлемсіз қоя алады. Яғни автоматты тіркеу жүйесі қолданыстағы абонементтің бар-жоғын анықтайды. Абонементтер жеке және заңды тұлғалар үшін де бірдей болмақ.
Олардың айтуынша, енді Астана қаласында тек демалыс және мереке күндері автотұрақ ақылы болды. Тұрақ құны – сағатына 100 теңге. Мұндай шешім қала қозғалысын тұрақты ұстауға мүмкіндік береді. Автокөлік иелері төлемді Kaspi.kz, Homebank қосымшасы немесе astanapark.kz сайтындағы жеке кабинет, терминалдар және Касса24 сайты арқылы төлей алады. Көлік құралдарын тұраққа қою ережелерін бұзғаны үшін айыппұл 3 АЕК құрайды.
Елорда әкімдігі бекіткен ережеге сәйкес Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлері, І-ІІ топтағы мүгедектер, «Алтын қыран» және «Халық қаһарманы» ордендерімен марапатталған тұлғалар, «Алтын алқа» және «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған көп балалы аналар, Семей полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан радиациялық әсерге ұшыраған адамдар, Ауғанстандағы соғыс мүгедектері және жергілікті жауынгерлік әрекеттерінің жауынгерлері, Тәжік-ауған шекарасы, Таулы Қарабақ, Ирак соғысында зардап шеккен азаматтар автотұрақты тегін пайдалана алады.