• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Еңбек 11 Қазан, 2023

Жеңілдетілген несие: Ұқсата білген ұтылмайды

240 рет
көрсетілді

Елімізде кейінгі бірнеше жылдың бедерінде еңбек құндылығын бағалау және еңбек адамының мәртебесін арттыру секілді іскерлік бағытта біршама ілгерілеу байқала бастады. Әсіресе жас кәсіпкерлердің алғашқы қадамын нықтап, аяққа тұрып кеткенше мемлекет тарапынан көрсетілетін көмектің орны бөлек.

Енді еліміздегі жас кәсіпкерлерге 5 млн теңгеге дейін жеңілдетілген несие беріледі. Жастарға арналған жаңа жоба «Аграрлық несие» корпо­ра­циясы арқылы берілетін несиені 21 жас­тан 35 жасқа дейінгі азаматтар алуға құқылы. Бұл жоба туралы Мем­лекет басшысы биылғы Жол­дауын­да да айрықша айтқан болатын.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің мәліметінше, 6 мың жас азаматқа 5 жылға 2,5% жеңіл­дікпен 5 млн теңгеге дейінгі жеңіл­детілген несие берілсе, ал ерекше қажеттіліктері бар жастарға және халықтың әлеуметтік осал топ­тарынан шыққан азаматтарға 1,2 млн теңге мөлшерінде 9 мың грант бөлінді. Аталған жеңілдетілген не­сиені алушылардың басым бөлігі – ауыл шаруашылығы, қызмет көр­се­ту, сауда, жеңіл өнеркәсіп сала­ла­рының кәсіпкерлері.

Биыл наурыз айының соңынан бастап еліміздегі жас кәсіпкерлер же­ңілдетілген несиені ресімдеп кәсі­бін дөңгелете бастаған. Соның бірі – астаналық жас кәсіпкер Әлібек Қаныбек. Ол мемлекет тарапынан берілетін шағын несие арқылы кәсіп ашып, қазір 12 адамды жұмыспен қамтып отыр. Жұмыс беруші ретінде әр жұмысшыға 250-300 мың теңге көлемінде жалақы төлейді. Әлібек мем­лекеттің жас кәсіпкерлерге кәсі­бін кеңейту үшін жеңілдетілген несие бері­летінін әлеуметтік желілер арқы­лы білгенін айтады.

– Жыл басынан бастап жиһаз цехын ашуды жоспарлап жүргенде жеңілдетілген 2,5 пайыздық несие берілетінін естіп, «Аграрлық несие» корпорациясының кеңесіне жүгіндік. Сөйтіп, Астана қалалық әкімдігі Жұмыспен қамту және әлеу­мет­тік қорғау басқармасына қа­жетті құжаттарды өткізіп, көп ұза­май сәуір айында 5 млн теңге көле­мін­де же­ңілдетілген несиеге қол жеткіздік. Соның нәтижесінде жиһаз шығаруға қажетті станоктар сатып алып, кәсі­бімізді бастап кеттік. Біз үшін бұл үлкен қолдау болды, – дейді жас кәсіпкер.

Жас кәсіпкерлерге несие беру бағдарламасын Еңбек және халықты әлеу­меттік қорғау министрлігі Кәсіп­кер­лікті дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жоба шеңберінде жүргізеді. Ұлттық жоба тек кәсіпкерлікті қолдап қана қоймай, жұмыс орындарының да ашылуына септігін тигізіп отырған көрінеді.

«Субсидияланатын жұмыс орындарына 163,8 мың адам орналастырылды. Оның ішінде әлеуметтік жұмыс орындарымен – 16,1 мың адам, жастар практикасымен – 19,3 мың адам, қоғамдық жұмыстармен – 108,5 мың адам, «Алғашқы жұмыс орны» жобасы бойынша – 6,7 мың адам, «Ұрпақтар келісімшарты» жобасы бойынша – 326 адам, «Кү­міс жас» жобасы аясында 12,9 мың адам жұмыспен қамтылды. Сондай-ақ «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқытумен 110,8 мың адам жұмыспен қам­­тыл­ды, оның ішінде 82,7 мың адам оқуды аяқтап, сертификат­тар алды. Қызмет саласын таңдау мақсатында 87,9 мың адам әлеуметтік кәсіптік бағ­дар­лаудан өтті. Бұған қоса 2023 жылы Ұлттық жоба шеңберінде 400 АЕК (1 380 000 теңге) мөлшерінде жаңа бизнес-бастамаларды іске асыру үшін 9 мың грант беру көзделген. Әзірге жыл басынан бері 5 317 грант берілді», дейді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі.

Биыл қыркүйек айындағы жағдай бойынша 2021-2025 жылдарға арнал­ған Кәсіпкерлікті дамыту жөнін­дегі ұлттық жобасына 503,4 мың адам қатысқан. 345,7 мың адам жұмыс­қа орналасып, оның 181,9 мыңы тұрақ­ты жұмыс орнын тауыпты.

Астана қаласы әкімдігі Жұмыс­пен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Жүсіповтің айтуынша, алдағы уақытта қала әкімдігі мен мем­лекет тарапынан жас кәсіпкерлер үшін қолдау жалғаса бермек.

– Президенттің тікелей тапсырмасымен 2,5 пайыздық жеңілдікпен беріліп жатқан бұл несиелер бес жыл мерзімге беріледі. Шағын цехтың иесі жас кәсіпкер Әлібек Қаныбек те – сол бағдарламаның игілігін көріп отырған кәсіпкердің бірі. Осы күнге дейін 200-ден аса астаналық жас кәсіпкер осындай көмекті алып үлгерді. Жыл аяғына дейін бар­лы­ғы 500 жас кәсіпкерді қамту жоспарланған, – дейді Е.Жүсіпов.

Оның сөзінше, мұндай жеңіл­детілген несиені шекті жас мөл­шері сәйкес келетін кез келген жас кәсіпкер пайдалана алады. Тек не­гізгі екі шарты бар. Оның бірін­ші­сі – кәсіп ашқанына бес жылдан ас­паған болуға тиіс, екіншісі – не­сиені ресімдеу үшін жылжымайтын мүлікті кепілге қоюы қажет. Со­ны­мен қатар кәсіпкер үшін атал­ған несиені төмен пайызбен 5 жылға беріп қана қоймай, алғашқы 20 айға дейін төлем мерзіміне үзіліс жасауға да болады. Бұл кәсіпкер үшін жұмысын жандандырып алған­ша қарастырылған үлкен көмек болып отыр.

– Біз әзірге жұқа тақтай кесетін екі станок қана алдық. Соған сай қазір тек ағаштан жасалатын түрлі шкаф, асүй гарнитуры сияқты жи­һаз­­дар жасап жатырмыз. Алдағы уа­қытта цехты кеңейтіп, жұмсақ жи­һаз­дар да шығаруды жоспарлап отыр­мыз, – дейді Ә.Қаныбек.

«Егер де мал керек болса, қол­өнер үйренбек керек... Алдау қоспай адал еңбегін сатқан қолөнерлі – қазақтың әулиесі сол» деген хакім Абайдың өсиетін берік ұстанған жас кәсіпкер Әлібек жиһаз өндіру саласын дамыта беретінін айтады.