• RUB:
    5.05
  • USD:
    521.81
  • EUR:
    543.67
Басты сайтқа өту
Сұхбат 11 Қазан, 2023

Сомайя ШАНТИЛАЛ: Үлкен жүректі адамдар үшін әлем – бір отбасы

241 рет
көрсетілді

Ертең елордамызда өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі Хатшылығының ХХІ отырысына әлемнің көптеген елінен қонақтар қатысады. Соның бірі – Үндістандағы Индология және дінаралық диалогті зерттеу жөніндегі «Сомайя Видьявихар» институтының төрағасы Сомайя Самир Шантилал. 2003 жылы өткен алғашқы съезге Сомайя Самирдің әкесі қатысқан еді. Одан кейінгі форумдардың біріне институт төрағасының өзі келген. Хатшылық отырысы қарсаңында газетімізге арнайы сұхбат берген ол діндер съезінің маңызы мен еліміздегі конфессияаралық келісім туралы ойын ортаға салды.

– Әлемдегі ұлтаралық және дінаралық ахуал күрделенген сайын өзара диалог пен достыққа шақыратын басқосулардың маңызы артып келеді. Осы орайда біздің елімізде 20 жылдан бері өтіп келе жатқан діндер съезінің маңызын қалай бағалар едіңіз?

– Мен қазіргі күні бұл форумның маңызы аса үлкен екенін айтқым келеді. Әлемнің көптеген елінде әртүрлі дін негізінен бір-біріне қарама-қайшы құбылыс ретінде көрсетіледі. Сонымен қатар олар ортақ тіл табысудан гөрі, өздерін бір-бірінен алшақ ұстауға тырысады. Алайда соған қарамастан әлемдік діннің бәрі ұзақ ғасырлық тарихты басынан өткерді, сондықтан әртүрлі діни кітапта, олардың өмір салтында, өздері насихаттайтын ойлары мен тәжірибесінде терең мағына бар. Мысалы, индуизм дінінде мынадай тәмсіл бар:

«Мынау менікі, ал анау сенікі» деген сөзді санасы шектеулі адамдар айтады. Ал үлкен жүректі адамдар үшін әлем – бір отбасы».

«Бір ғаламшар, бір болашақ, бір отбасы» деген тақырыппен өткен «Үлкен жиырмалық» отырысында да Үндістанның премьер-министрі Шри Наренда Моди негізгі ой ретінде осы тәмсілді негізге алған болатын.

Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбас­шыларының съезі түрлі дін өкілінің басын қосады және бәрімізге ортақ адамгершілік құндылықтарын ұсынады. Сондықтан біз әр жерден келген дін өкілдерімен кездесіп қана қоймай, бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтауға қолдау көрсеткеніміз жөн.

– Біздің еліміз секілді Үндістан да бірнеше конфессиядан тұратын мемлекет. Осы съезден өздеріңізге қандай да бір пайда алдыңыздар ма?

– Әрине, бұл форум бізді өзінің көрсет­кен жолымен жүруге шақырады және түрлі дін мен сенім өкілін біріктіретін іс-шаралар өткізуге үндейді. Бәрімізге ортақ құнды­лықтар жайында ойландырады. Съезд барысында айтылған пікірлер өз елімізде және қызмет ететін саламызда бейбітшілік пен үйлесімділікті қалыптастыру үшін әрекет етуге мүмкіндік ашып берді. Біз мұнда бірнеше жыл сайын кездесіп отыра­тын­дықтан, өзара достығымыз бен ынтымағымызды нығайту үшін бас қосып, идеяларымызбен алмасатын таптырмас алаңға айналды.

– Өкінішке қарай, әлемнің кейбір елінде дінаралық қақтығыстар болып жатқанын білеміз. Оның себебі неде деп ойлайсыз? Бізге не жетіспейді?

– Кабир есімді үнді мистик-ақыны болған. Соның мынадай өлеңі бар:

«Су ішетін жалғыз құдық,

Ал адам көп қаншама.

Тек ыдыста – әртүрлілік,

Ал су бірдей баршаға».

Бұл – мағынасы өте терең шумақ. Дінаралық кикілжіңдердің пайда болу себебі – адамдар өздерін әртүрлі «ыдыс» ретінде көреді, ал оның ішіндегі суы бәріне ортақ екеніне мән бермейді. Иә, біздің мәдениетімізде, тілімізде, дәстүрлерімізде, құлшылық ететін орындарымыз бен амалдарымызда әртүрлілік пен айырмашылықтар бар. Бірақ мұның бәрі әлемді байытып тұр. Дегенмен біз әрқайсысымыздың ішіміздегі «су» бірдей екенін ұмытпауымыз керек. Бұл өзара сенім мен бейбіт қатынасқа жетелейтін түсінік.

– Біздің еліміздегі дінаралық келісім мен толеранттылыққа қандай баға бересіз?

– Қазақстан – конфессияаралық келісім мен толеранттылық тұрғысынан көпке үлгілі ел. Бхагавад-гитада (Бхагавад-гита – көне үнді діни-пәлсапалық кітабы – Е.З.) мынадай жолдар бар:

«Адамдар жақсы адамдарды үлгі етеді».

Бұл форум, шын мәнінде, мемлекеттің дінаралық толеранттылық пен әртүрлілікке қолдау білдіріп отырғанын көрсетеді. Ал одан да маңыздысы, Съезд әр үш жыл сайын өтіп отыратындықтан, Қазақстанның әлемге көрсетіп отырған өнегесі уақыт өткен са­йын артып келеді. Осы ашық ұстанымның арқасында әр елдің адамдары өздеріне бағытталған жолдауды сезініп, оны өмір дағдысына айналдыруға тырысады.

– Алда өтейін деп жатқан хатшылық отырысынан не күтесіз? Қандай мәселе көтерер едіңіз?

– Бұл жиында бәріміз бас қосып, әділетті де бейбітсүйгіш әлем құру ісіне деген ортақ ұстанымымызды одан әрі нығайтамыз деп ойлаймын. Мен өз сөзімді Ригведадағы Үнді әдебиетіндегі діни гимн жинағы – Е.З.) мына шумақпен аяқтағым келіп тұр:

«Бір болыңдар, бір мақсатта сөйлеңдер.

Әр адамды ортақ болған ой демдер…

Мұраттарың алдарыңда бір болсын,

Ынтымақтың игілігін көргендер.

Бірге қылсаң ақыл менен тілекті,

Бір мақсатқа бастар әрбір жүректі.

Бәріміз де бақытты өмір сүруге,

Ізгілікке бағыттайық ниетті».

Сөз соңында мен Қазақстан Республика­сына және Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа осы ізгі бастамаларға деген айнымас адалдығы және барлық әлемде бейбітшілік пен келісімді нығайтуға қосқан үлесі үшін алғысымды білдіргім келеді.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Ескендір ЗҰЛҚАРНАЙ,

«Egemen Qazaqstan»