Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен кешегі Үкімет отырысында Қазақстанның биылғы қаңтар-қыркүйек айларындағы әлеуметтік-экономикалық даму және республикалық бюджеттің атқарылу қорытындылары қаралды. Сондай-ақ отырыста жылыту маусымындағы өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары да талқыланды. Техникалық және кәсіптік білім беруді дамыту мәселелері де күн тәртібінде болды.
Экономикада оң динамика бар
Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров 9 айлық есепті кезеңде ел экономикасының өсу қарқыны 4,7% болғанын баяндады. Нақты сектордағы оң динамика – 3,7%, қызмет көрсету саласында 5,1%-ды құраған. Өсу қарқыны жоғары салалар: құрылыс – 12,6%, сауда – 10%, сондай-ақ ақпарат пен байланыс – 8,4%.
Негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсу қарқыны 12,1% болған. Инвестициялар ағыны артқан салалар: көлік және қойма – 59,4%, сауда – 37,5%, білім – 23,7%, ауыл шаруашылығы – 12,9%, өнеркәсіп – 8,2%, оның ішінде тау-кен өнеркәсібі – 4,3%.
Қаңтар-тамызда республиканың сыртқы сауда айналымы 4,2%-ға өсіп, 91,1 млрд долларды құрады. Экспорт 51,2 млрд долларға жетті, оның ішінде өңделген тауарлар – 16,2 млрд доллар, импорт – 39,8 млрд доллар. Жалпы, Қазақстанның оң сауда балансы 11,4 млрд долларға тең.
Премьер-министрдің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев 9 айдың қорытындысы бойынша мемлекеттік бюджетке 13,8 трлн теңге кіріс түскенін, сөйтіп жоспар 97%-ға орындалғанын мәлімдеді. Республикалық бюджет – 9,2 трлн теңгеге, жергілікті бюджеттер 4,7 трлн теңгеге толықты. Сол кезеңде мемлекеттік бюджеттің шығыстары – 99,3%-ға, республикалық бюджеттің шығыстары – 98,6%-ға, жергілікті бюджеттердің шығыстары 99,5%-ға орындалды.
Үкімет басшысының айтуынша, 9 айдың қорытындысы бойынша Абай, Батыс Қазақстан, Қызылорда облыстары мен Алматы және Шымкент қалаларында барлық негізгі көрсеткіштің өсуі тіркелді. Қабылданған шаралардың нәтижесінде инфляция деңгейі 11,8%-ға дейін төмендеді.
«Жыл соңына дейін 2,5 ай уақыт қалды. Экономиканың барлық саласында өсу қарқынын арттыру үшін нақты шаралар қабылдау керек», деді Премьер-министр.
Сонымен қатар жауапты мемлекеттік органдар мен әкімдіктерге азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру және отандық азық-түлік өндірісін ынталандыру бойынша жұмысты жалғастыру тапсырылды.
«Шетелдік және отандық инвесторларды тарта отырып, шикізаттық емес секторларда, оның ішінде өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, көлік, логистика, IT, туризм және басқа салаларда инвестициялық жобаларды іске асыруды жеделдетуге баса көңіл бөлу керек», деді Ә.Смайылов.
Үкімет басшысы сондай-ақ шағын және орта бизнесті дамыту үшін қолайлы жағдай жасау, кәсіпкерлік бастамаларды қолдау, жаңа жұмыс орындарын құруды ынталандыру бойынша тиісті шараларды одан әрі жалғастыру қажеттігін айтты.
Газ құрылғыларын бақылау күшейеді
Үкімет отырысында жылыту маусымындағы өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары да күн тәртібіне шықты. Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпхановтың айтуына қарағанда, халықты қорғау деңгейін арттыру және өрттен келетін зардапты азайту мақсатында бірнеше бағыт бойынша кешенді жұмыстар жүргізіліп келеді.
Мәселен, кезекші-диспетчерлік қызметтердің жұмыс орындарын автоматтандыру арқылы азаматтарға көмек көрсету уақытын қысқарту бойынша шаралар қабылданып отыр. Атап айтқанда, 95 мың мүмкіндігі шектеулі жанның тұрғылықты жері бойынша деректер жиналған. Бұл өрт кезінде қозғалысы шектеулі адамдардың болуы туралы ақпаратты құтқарушыларға автоматты түрде жеткізуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар халықтың қауіпсіздік мәдениетін арттыру бойынша кешенді іс-шаралар іске асырылып жатыр. Бұл ауқымды үгіт-насихат жұмыстары мен рейдтер жүргізуді қамтиды. Мәселен, өткен жылы «Жатақхана» өрт қауіпсіздігі акциясы кезінде 1,5 мыңға жуық жатақхана рейдтік іс-шаралармен қамтылған. Бұл жұмыстың тиімділігі осы санатындағы ғимараттардағы өрт санының 36%-ға және зардап шеккен адамдар санының 2,5 есеге қысқаруымен расталады.
Бүгінгі таңда 300 мыңнан астам үй профилактикалық жұмыстармен қамтылып, 800 мыңға жуық азаматқа нұсқау беріліп, 100 мыңға жуық заңбұзушылық анықталды. Өткен жылдардағыдай халықтың әлеуметтік осал топтары мен көпбалалы отбасылардың тұрғын үйіне басты назар аударылады.
Сондай-ақ газдың және жану өнімдерінің қауіпті концентрациясын анықтайтын датчиктерді орнату тиімді тәжірибеге айналды. Жылыту маусымы қарсаңында 8 мыңға жуық жаңа құрылғы, 2016 жылдан бері барлығы 193 мыңға жуық осындай құрылғы орнатылды.
Премьер-министр қыркүйек айында Алматы облысында 4 рет газ жарылысы болғанын, соның салдарынан 3 адам қаза тауып, 12 адам зардап шеккенін, Абай облысында тұрғын үй секторында орын алған өрттердің саны 2 есеге дейін өсіп кеткенін, ал Шығыс Қазақстан облысында өрттен қаза тапқандардың саны артып отырғанын атап өтті. Өңір әкімдері Марат Сұлтанғазиев, Нұрлан Ұранхаев және Ермек Көшербаев қабылданып жатқан шаралар туралы түсініктеме берді.
Үкімет басшысының айтуынша, жылыту маусымы енді ғана басталды, алайда адамдардың өрттен қаза табу фактілері қазірдің өзінде бар.
«Жыл басынан бері тұрғын үй секторындағы өрт саны – 14%-ға, ал қаза тапқандар саны – 10%-ға өскен. Абай, Алматы, Жамбыл және Ұлытау облыстарында өрт оқиғалары өсіп отыр», деді ол.
Сонымен қатар газ баллондарының жарылуы да жиілеп кетті. Биыл осындай 72 оқыс жағдай болған. Одан 119 адам зардап шегіп, 17 адам қаза тапты. Жарылыстардың негізгі себебі – газ баллондарын пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарын сақтамау.
Премьер-министр қазіргі уақытта газ құрылғыларын пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарының сақталуын бақылау функциясы әкімдіктерге жүктелгенін еске салды. Атап айтқанда, өңірлерде газ-техникалық инспекциялар құрылған.
«Алайда олар әлі күнге дейін жұмысты тиісті деңгейде ұйымдастыра алмай отыр. Бұл салада білікті мамандар мен қажетті жабдықтар жетіспейді. Осыған байланысты, өңір әкімдіктері газ-техникалық инспекциялардың өкілеттіктерін кеңейту және оларды қамтамасыз ету бойынша жұмыс жүргізуі қажет. Төтенше жағдайлар министрлігі Азаматтық қорғау академиясының базасында осы салаға арналған кадрларды даярлау деңгейін арттыру жөнінде шаралар қабылдауы керек», деп атап өтті Ә.Смайылов.
Сондай-ақ елімізде жарамсыз газ баллондарын қайтармай жинап алу және утилизациялау тәртібі реттелмегеніне назар аударды. Оның үстіне мұндай баллондарды өзімізде өндіру мәселесі де әлі күнге дейін шешімін таппай отыр. Сол себептен Өнеркәсіп және Энергетика министрліктеріне осы бағыттарда тиісті шаралар қабылдау тапсырылды.
Премьер-министрдің айтуынша, жүргізілген талдау нәтижесі өрт оқиғаларының көбіне жеке тұрғын үйлер мен қора-жайларда орын алатынын көрсетіп отыр. Онда негізінен егде жастағы адамдар мен балалар қаза табады.
Осыған байланысты Ә.Смайылов үйлерде газ датчиктерін орнату жұмыстарын және жеке тұрғын үй секторына рейдтерді күшейтіп, сондай-ақ өрт қауіпсіздігі бойынша халықпен профилактикалық жұмыстарды жандандыру қажеттігін атап айтты.
Қорытындылай келе, ол орталық жылыту жүйесіне қосылмаған әлеуметтік нысандардың жұмысын ерекше бақылауға алып, қоғамдық ғимараттар мен көппәтерлі тұрғын үйлерде орнатылған қазандықтарды сыртқа шығару жұмыстарын аяқтау қажет екенін ескертті.
Колледж студенттерінің шәкіртақысы екі есеге көбейеді
Үкімет отырысында техникалық және кәсіптік білім беруді дамыту мәселелері де күн тәртібіне шықты. Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың баяндауынша, бүгінде 772 колледжде 531 мың студент оқиды. Бұл ретте колледждердің 85%-ы экономика салаларының техникалық, ауыл шаруашылығы және қызмет көрсету бағыттары бойынша кадрлар даярлайды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын орындау аясында 2025 жылға дейін жастарды сұранысқа ие мамандықтармен 100% қамту көзделген. Биылғы жоспар көрсеткіші 80% деңгейінде орындалды.
2025 жылы мемлекеттік тапсырыс көлемін 155 мың орынға дейін арттыру жоспарланған еді. Оның 70%-ын техникалық мамандықтарға бағыттау көзделген. Сондай-ақ 2027 жылға дейін 10 мың студентке арналған жатақхана пайдалануға беріледі екен.
Министр қазіргі уақытта жұмысқа орналастыру міндеттемесімен кәсіпорындардың тапсырысы бойынша кадрларды мақсатты даярлау жүзеге асырылып жатқанын айтты. Қазір осы бағыт бойынша 20 мың студент білім алуда, 2029 жылы көрсеткішті 80 мыңға жеткізу жоспарда бар.
Сонымен қатар бүгінгі таңда 558 колледжде 72 мыңнан астам студент дуалды оқытумен қамтылған. 2029 жылы бұл көрсеткішті 160 мың адамға жеткізу жоспарланып отыр. Жалпы, өткен екі жылда 40 мыңнан астам колледж түлегі 1,5 жылға дейінгі жұмыс өтілімен еңбек нарығына шығуға мүмкіндік алыпты.
Үкімет басшысы айтқандай, дамыған елдерде кадр даярлау жүйесіне, оның ішінде кәсіптік техникалық білім беру сапасын арттыруға басымдық беріледі. Атап айтқанда, бұл мәселе БҰҰ Декларациясында Мыңжылдық даму мақсаттары ретінде айқындалған.
Премьер-министр жалпы әлемдік тәжірибе бойынша жастардың еңбек нарығына араласып, алғашқы мамандық алып шығуына мемлекет тарапынан кепілдік берілетінін айтып өтті. Бұл ретте экономикалық жетістігі дуалды оқыту жүйесіне негізделген Германия мемлекетін мысалға келтіруге болады.
«Бізде 9-сынып түлектеріне колледждерде тегін оқуға мүмкіндік берілген. 3 жыл ішінде кадр даярлауға тиісті мемлекеттік тапсырыс көлемі ұлғайтылды. Егер бұған дейін колледждерде бюджет есебінен 95 мың студент оқыса, биыл олардың саны 133 мыңға дейін ұлғайтылды. Біз мемлекеттік тапсырысты бұдан әрі де арттыра беретін боламыз», деді Ә.Смайылов.
Сонымен қатар Премьер-министр биыл колледж студенттерінің шәкіртақысы 50%-ға көбейгенін, келесі жылы тағы да 50%-ға ұлғайту жоспарланып отырғанын айтты. Осылайша, 2025 жылға қарай шәкіртақы 2 есе артады.
Айтылғандарды негізге алған Үкімет басшысы Оқу-ағарту министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен, әкімдіктермен және «Атамекен» палатасымен бірлесіп, Техникалық және кәсіптік білім беруді жаңғырту жөніндегі жол картасын әзірлеуді тапсырды.
«Онда кадрларға деген сұраныстың болжамы және өндіріс пен инфрақұрылымның дамуы ескеріліп, салалар бөлінісінде іс-шаралар көрініс табуға тиіс», деді ол.
Бұлармен бірге, қысқамерзімді оқытуға мемлекеттік тапсырысты бөлу, оны бір терезе қағидаты бойынша орналастырудың автоматтандырылған жүйесін әзірлеу мәселелерін пысықтау қажеттігін айтты. Сондай-ақ Ұлттық біліктілік жүйесінің цифрлық платформасын және колледждердің білім беру бағдарламаларының тізілімін енгізуді жеделдетуді тапсырды. Оған қоса, жетекші колледждерді анықтауды, кадрларды даярлау, біліктілікті арттыру және сертификаттау бойынша салалық кластерлер қалыптастыруды тапсырды.
«Оларда жұмыс берушілердің салалық қауымдастықтарының, базалық кәсіпорындардың, тиісті колледждердің ресурстары біріктірілуі керек. Осы мақсатта мемлекеттік колледждерді заманауи жабдықтармен қамтамасыз ету үшін «Жас маман» бағдарламасын іске асыруды жалғастыру қажет», деп сөзін түйіндеді Үкімет басшысы.