• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Аймақтар 11 Қазан, 2023

Тазылар жарысы

218 рет
көрсетілді

Алтын түске боялған алқаптың көркін кіргізіп, көрерменнің делебесін қоздырған жарыстың бірі – «Құмай тазы» байқауы еді. Еңбекшіқазақ ауданында ұшқыр тазылар арасында өткен іріктеу чемпионатына жеті ауданнан 40-қа жуық итбегілер қатысты. Асыл тұқымды ит өсірушілер арасында бүкіл бір әулеттің мүшелерін көптеп кезіктірдік. Ақ самайлы атасына ілескен алты-жеті жасар немерелері де тазыларын жетектеп, сылап-сипап жеңіс жолына даярлады. Шашақ құлақты құмай тазылардың сұлулығы көз сүйсінтеді.

«Жарысқа Майлаяқ, Жолдаяқ деген он айлық екі тазымды әкелдім. Екеуі де бабында. Оларға кейде қарсақ қуалатамыз. Мен тамағын беріп, еркелетемін. Екеуін де жақсы көремін», дейді алты жасар Айба­рыс Қыраннұр.

Өңірде осымен төртінші мәрте ұйым­дастырылып отырған байқаудың бас­ты мақсаты – ұлттық салт-дәстүрді жаңғыр­ту­мен қатар, жеті қазынаның бірі саналатын қазақ тазысының тұқымын өсіруге қы­зығушылықты арттыру, алдағы рес­пуб­ликалық чемпионатқа шын жүйрікті анықтау.

«Халқымыз ежелден асыл тұқымды иттерді айрықша қастерлеп, тұрмыс-тір­шілігіне сенімді серік еткен. Тазымен ашар­шылық жылдары ауылды асырағаны тура­лы әңгімелерді білеміз. Құмай тазы жойылу­ға шақ қалған еді, селекционерлердің, соның ішінде Алматы облысының ит өсі­ру­шілерінің арқасында осы күні қатары көбейді. Нәтижесінде, облыста құмай тазы­лардың қатысуымен түрлі жарыстарды жиі өткізу дәстүрге айналды. Бүгін ірі халық­аралық жарысқа іріктеу жүргізіледі. Оған еліміздің ғана емес, көршілес Ресей, Қырғызстан, Өзбекстанның әуесқой кино­логтері қатысатын болады», дейді Ал­маты облыстық «Арғымақ көкпар» феде­рациясының президенті Кенже Жанбота.

Аталған шырға тарту жарысында ал­ты топқа бөлінген тазылар бір шақы­рым­ға жүгіріп, бақ сынасты. Жарыс қоры­тындысында Қарасай ауданынан келген Қара­құмай дейтін тазы алдына қара сал­май 1-орынды иеленсе, екінші орынды Ең­бек­шіқазақ ауданынан қатысқан Ақтілек Кәдіржанның Сарықұмайы енші­леді. Үшінші орын Нестер Курджидидің Ұшарына бұйырды.

«Қарақұмайды күшік кезінен өсіріп ке­лемін. Мұның алдында да бірнеше жа­рыс­қа қа­ты­сып, жүлделі орындар­ды иеленді. Тазы тазалығымен ерек­шеленеді. Кө­рінгенді жей бермейді, өте тал­ғам­паз болады. Ата-баба мұрасын жаң­ғыртуға отбасымызбен атсалысудамыз», дейді жарыс жеңім­пазы Қарақұмайдың иесі Ерқанат Манатов.

Алматы облысының денешы­нықтыру және спорт басқармасы, Алматы облысының бұқаралық спорт­тық іс-шаралар орталығы, об­лыстық «Арғымақ көкпар» федерациясы ұйымдастырған шырға тарту жарысының жеңімпаздары алдағы уақытта Астанада «Асыл қазына» республикалық тазы өсіру қауымдастығы ұйымдастыратын «Қазақтың тазылары» атты халық­аралық жарысқа жолдама алды.

 

Алматы облысы