С.Мұқанов атындағы ғылыми кітапханада қоғамдық келісім мен ұлттық бірліктің отандық моделін насихаттау аясында қолға алынған «Қазақтану» жобасы талқыланды.
Облыстық ішкі саясат басқармасы бастығының орынбасары Кемел Оспановтың жетекшілігімен өткен басқосуға Қазақстан мен КСРО халық әртісі және Мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты, Еңбек Ері Асанәлі Әшімов, Халық әртісі Тілектес Мейрамов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сырым Қасқабаев бастаған бір топ өнер майталманы қатысты. Сонымен қатар этносаралық қатынастар мәселелері жөніндегі республикалық ақпараттық-түсіндіру тобы, этномәдени бірлестіктер өкілдері, ғылыми-шығармашылық зиялы қауым, қоғамдық, оның ішінде азаматтық қоғам институттарының көшбасшылары болды.
Солтүстік Қазақстан облысы қашанда өзінің көпмәдениетті әралуандығымен қатар, этностар арасында қалыптасқан жылы қарым-қатынасымен ерекшеленеді. ҚХА-ның этномәдени бірлестіктері мен құрылымдық бөлімшелері – азаматтық қоғам мен мемлекет өкілдері арасында байланыс орнататын буын, этносаралық келісім мен бірлікті нығайту саласындағы мемлекеттік саясатты таратушы рөлін атқарады. Олар өңірдің қоғамдық өмірінде белсенді, облысымыздың атынан республикалық және халықаралық деңгейдегі түрлі іс-шараларға қатысады.
Қазақстан халқы Ассамблеясының бірегей бағдарламаларының бірі – ел халқының мәдениетіне, тарихына, дәстүрлеріне тереңірек үңілуге бағытталған «Қазақтану» жобасы. Солтүстік Қазақстан облысында бұл жоба ерекше танымал. Жоба негізгі 5 бағыт бойынша жұмыс істейді. Олар – «Ас дәмді болсын!», «Qazaqtime», «Халық мұрасы», «Ұлттық ойындармен танысайық», «Асыл мұра». Жоба аясында Наурыз мейрамы қарсаңында этномәдени бірлестіктер арасында «Томпақ бауырсақ» байқауы, қазақ тілінде «Ғажайыптар алаңы» ойыны, «Шеберлердің қаласы» сәндік-қолданбалы шығармашылық жәрмеңке-көрмесі, ұлттық ойындардан жарыс, жергілікті емес ұлт өкілдері арасында «Өнеріміз саған, Қазақстан!» фестивалі өткізіледі. Биыл «Қазақтану» жобасын іске асырудың бір мысалы Шәкәрімнің мерейтойына арналған бейнероликтер байқау-челленджі болды.
Басқосу кезінде Асанәлі Әшімов, Тілектес Мейрамов қоғамдық келісімге қатысты ой-пікірлерін ортаға салды. Өнер майталмандары түрлі этностардың өзара берік достығын орнатуда, сақтауда өнердің алатын орны зор екенін жеткізді. Өздерінің орыс және басқа ұлттар арасындағы достарынан көрген қолдауларын, оларға өздерінің де қолдан келгенше жасаған көмектері туралы қызықты әңгімелерін айтты.
Жиында Ғ.Мүсірепов ауданының «Ұлытау» этномәдени орталығы төрағасының орынбасары Николай Вербовский, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті «Қазақстан халқы Ассамблеясы» кафедрасының меңгерушісі Людмила Гривенная жобаға қатысты баяндамаларымен таныстырды. Жиында Моңғолияның астанасы Ұланбатыр қаласындағы Шыңғысхан академиясының Құрметті академигі Ғиззат Табылдин, ҚХА Кеңесінің мүшесі, «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты Тимур Жұмырбаев тағы да басқа қатысушылар сөйледі. Жастармен қалай жұмыс істеу қажет, Ассамблеяның осы заманғы бейнесін қалай жасаймыз деген сұрақтар төңірегінде көзқарасымен бөліскен Тимур Жұмырбаевтың баяндамасы тыңдаушыларды қызықтырып, оған тақырыпқа қатысты бірнеше сұрақ қойылды.
Жиынға келген қонақтар ақын Мағжан Жұмабай ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, облыстық музейді тамашалады. Сондай-ақ жиынға қатысушылар М.Қозыбаев атындағы СҚУ ҚХА кафедрасының жұмысымен танысты.
Солтүстік Қазақстан облысы