• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 12 Қазан, 2023

Солтүстік Қазақстан облысы: Отын нарқы ойнап тұр

217 рет
көрсетілді

Облыс әкімдігінің энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Владислав Лукиннің айтуына қарағанда, бүгінгі таңда көмірдің бағасы тұрақты емес. Түрлері мен сапасына қарай оның бір тонна­сының бағасы 12 500 теңгеден 20 мың теңгеге дейін құбылып тұр.

Мәселен, қазір «Екібастұз көмірінің» бағасы 12 500 теңгеден 14 000 мың теңгеге дейін өзгеріп тұр. «Шұбаркөл көмірінің» бағасы 16 600 теңгеден 19 000 теңгеге дейін құбылады. Ең қымбаты – «Қаражыра көмірі», оның бағасы 20 мың теңгеге дейін барады. Ал «Майкөбе көмірі» 15 мың теңгеден 18 мың теңгеге дейін өзгеруде. В.Лукиннің айтуына қарағанда, көмірдің бағасы шектен шығып кетсе, әкімдік бәсекелестікті қорғау және дамыту жөніндегі құзыретті органға тапсырма беріп, қымбаттатудың негізділігін тексертеді.

Облыстың ауылдық елді мекен­­деріндегі жекеменшік үйлерде тұратын тұрғындарға 419 мың тонна көмір қажет болса, өкі­ніш­ке қарай, соның 200 мың тоннасы ғана жеткізілген. Бұл мәсе­ле алаңдаушылық тудырады. Облыс әкімдігі мен «Жүк тасымалдау» АҚ көмір тасушы вагондардың келуіне мониторинг жасап отыр. Келген көмірдің облыс аймақтарына таратылуы үшін тасымалдаушылармен 228 мың тоннаны тасуға келісімшарт жасалған.  

Облыс аумағында көмір қабыл­дай­тын 32 тірек бар, қазір оларда қордаланған көмірдің көлемі – 51 мың тонна. Ауыл тұрғындарына көмір тарату желтоқсан айына дейін жүргізіледі. 

«Облыс орталығын жылумен қам­тамасыз ететін ­«Сев­­ка­з­энерго» АҚ қарайтын ЖЭО-2 қоймаларында қазір 215 мың тонна көмір, 600 мың тоннадан аса мазут  жинақталған, бұл жылу-электр стансасының бір айға жақын жұмыс істеуіне жетеді. Қалған көмір кестеге сәйкес келіп түседі», дейді В.Лукин.