Қазақстанның банк секторы соңғы бірнеше жылда айтарлықтай даму мен өсім көрсетті. 2020 жылдан бері бүкіл әлемде жалғасып келе жатқан дағдарыс толқындары да салаға кері әсерін тигізген жоқ: отандық қаржы институттары реформалар, бірігу және шоғырландыру бойынша қажетті рәсімдерді жүргізе отырып, барлық сын-қатерге дер кезінде тұрақты түрде тойтарыс берді деп есептейді сала сарапшылары.
Отандық банктердің бәсекеге қабілеттілігін шетелдік сарапшылар растап отыр. Ресейлік Forbes.ru басылымының «Көрші елдердің 50 сенімді банкі – 2023» рейтингі бойынша алғашқы төрт орынды біздің банктер иеленді. Бірінші орында – шетелдік қатысуы бар, негізінен мұнай-газ секторына қатысты корпоративтік бизнеске бағытталған «Ситибанк Қазақстан».
Көшбасшылар тізімінде Қазақстандағы тұрғын үй-құрылыс жинақтары жүйесін жүзеге асыратын «Отбасы банкі» де бар. Банк екінші деңгейлі банктердегі жеке тұлғалардың депозиттік базасының 12,7%-ын, сондай-ақ ипотекалық несие нарығындағы елеулі үлесті алады. Қаржы институты ең сенімді және тұрақты ұйымдардың бірі ретінде Қазақстанда ғана аталмайды, халықаралық рейтингтік агенттіктерінің де жоғары рейтингтеріне ие. Нақтырақ айтсақ, Moody’s агенттігі «Отбасы банкінің» рейтингін Baa2 (болжамы – «Тұрақты»), Fitch Ratings рейтингі BBB (болжамы – «Тұрақты») деп бағалады.
Forbes.ru рейтингіндегі 3 сенімді банкті Қазақстандағы ең ірі коммерциялық банк Halyk Bank түйіндейді. Қаржы институты қазір отандық банк секторы активтердің 28,9%-на ие. Үздік бестікке сондай-ақ отандық Kaspi Bank және Грузияның ProCredit банкі кірді. Алғашқы ондықта Қазақстанның бес банкі бар.
Жалпы, 2023 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша, біздің банк секторымызда 21 екінші деңгейлі банк болса, олардың 11-де шетелдік қатысу бар.
Отандық банктердің жиынтық активі 46,6 трлн теңгеге жетті, бұл – ішкі жалпы өнімнің 42,1%-ы. Өз кезегінде өтімділігі жоғары активтер 14,0 трлн теңгені немесе активтердің 30%-ын құрады, бұл банктерге клиенттер алдындағы өз міндеттемесін толық атқаруға мүмкіндік береді.
Биыл шілде айында банктердің меншік капиталы бір айда 3,7%-ға өсіп, 5,9 трлн теңгеге жетті (2023 жылдың басынан бері 13,6%-ға өсті). 2023 жылғы 1 тамызындағы жағдай бойынша, негізгі капиталдың жеткіліктілік коэффициенті (k1) – 18,8%, меншікті капитал (k2) – 21,5% болды, бұл заңнамада белгіленген нормативтерден айтарлықтай асып түседі және банк секторындағы ықтимал тәуекелдерді жабуға мүмкіндік береді.
Халықаралық рейтинг агенттіктерінің тамыздағы бағалауында оң да, теріс те тұстар бар. Агенттік біздің банктердің бірінің рейтингін жоғарылатса, біріне қатысты төмендету шешімдерін қабылдаған. Рейтингтің жоғарылауы тәуекелі жоғары активтердің қысқарғанын, портфелдегі нашар несиелердің азайып, сәйкесінше олардың бизнес-профилге жағымсыз әсер етпейтінін білдіреді. Соңғы төрт жылдағы табыс көрсеткіштері мен қаржы институтының өтімділік нәтижелері де оң бағалауға себеп.
Соңғы жылдары халықаралық агенттіктер біздің банктердің жағдайын негізінен тәуір деп жүр. 4 қыркүйекте S&P Global Ratings елдің тәуелсіз несие рейтингін талдау аясында Қазақстан бойынша жаңартылған шолуды жария етті. Ол бойынша ВВВ деңгейіндегі несие рейтингі және «Тұрақты» болжамы өзгерген жоқ. Онда аналитиктер Қазақстанның қаржы секторындағы активтер сапасының әжептәуір жақсарып қалғанын атап өтеді. Геосаяси фактордың экономикалық өсім мен банк секторына әсері қалыпты деп бағаланған, ал қаржы тұрақтылығының тәуекелі бақылауда тұр.