Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер Үкіметтен күнбағыс дәніне қатысты осы жылдың ақпан айында енгізілген баж салығының көлемін қайта қарастыруды талап етіп отыр. Шаруалар аталған салықтың ондаған кәсіпорынды банкроттыққа ұшыратуы мүмкін екенін алға тартады.
Еліміз аумағында өсірілетін майлы дақылдар ішінде айрықша басымдыққа ие күнбағыс дақылын өндірумен айналысатын фермерлер отандық тұтынушыларды қорғауға бағытталған үкіметтік шаралардың оң нәтиже бермегенін айтады, ал дүкендердегі күнбағыс майы бағасының сәл арзандауы жоғарыда аталған салықтың енгізілуінің арқасы емес, ресейлік май құнының төмендеуінің салдары деп біледі.
Ұлттық баспасөз клубында өткен баспасөз мәслихаты барысында шаруалар қауымы күнбағыс және оны өңдеуден алынатын өнімдерге салынатын экспорттық баж салығының ел экономикасына тигізер айтарлықтай пайдасының жоқтығын, жергілікті ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге кері әсерін тигізіп отырғанын мәлім етті.
«Өткен жылмен салыстырғанда күнбағыс бағасы екі есе, шикі майдың экспорттық құны шамамен 30%-ға төмендеді. Бұл жағдайда тек май зауыттары ғана ұтып отыр», дейді Aitas Agro компаниясының бас директоры Талғат Алдажаров.
«Шал ақын АГРО 2020» ЖШС директоры Талғар Төкеев өткен жылы 7 мың га жерге күнбағыс еккенін, ал биыл бұл көрсеткішті 4 мың гектарға дейін қысқартқанын айтады. Еліміз көлемінде Талғар секілді бірнеше жүз шаруа бар. Солардың басым көпшілігінің пікірінше, үкіметтік шаралар, оның ішінде, күнбағыс дәніне салынған баж салығы егістік алқаптарының қысқаруына алып келген.
«Бірлік» ЖШС-ның басқарушы директоры Сырым Есен атап өткендей: «Биыл белгілі себептермен бидайдан түскен өнім төмен болды. Бүгінде далада жиналмай қалған жалғыз өнім – күнбағыс. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің көбі соның шығымынан шығынымызды жабатын шығармыз деп үміттенген еді. Жылдан-жылға күнбағыс егу пайдасыз жұмысқа айналып барады. Егер баж салығы келер жылы да күшінде болса, күнбағыс көлемі тіптен қысқарады».
«Орта есеппен алғанда ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші түскен күнбағыстың бір тоннасы бойынша 80-90 мың теңге шамасында қаражаттан айрылып отыр. Қазір күнбағыстың өзіндік құны 100 мың теңгеден асады. Ел көлеміндегі май зауыттары оны 135 мың теңгеге алады, бұл қаржыға зауытқа дейін жеткізіп беру де кіреді», деді спикер.
Еліміздегі май зауыттарының көпшілігі Шығыс Қазақстан облысында орналасқан. Бұл басқа облыстардағы шаруалардың жұмысын қиындатып отыр. Тасымал бойынша бір тоннаға кететін шығын 15 мың теңгеге дейін жеткен.
«Күнбағыстың әр 1 мың тоннасынан шаруа табыс бойынша 90 млн теңгеге дейін шығын көреді. Мысалы, орта есеппен алғанда фермер жылына 3 мың тонна күнбағыс алса, табыс жағынан ол 270 млн теңгеге дейінгі қаражаттан айрылады. Бұл – бір жылдың еңбекақы қорына тең сома. Аталған сомаға 2 комбайн не өнімділігі жоғары егу техникасын сатып алуға болады», дейді Т.Алдажаров.
Шаруалардың ақпаратына сүйенсек, баж салығын енгізу туралы Үкімет шешімін қолдағандардың бірқатар дәйегі бар. Олардың қатарында ішкі бағаны тұрақтандыру мақсатында жергілікті күнбағыс майын өндірушілерді шикізатпен қамтамасыз ету, май өңдеу зауыттарының өндіріс қуатына түсетін жүктемені арттыру бар. Алайда сарапшылар аталған өзгеріс күнбағыс егушілердің табысына түскен қосымша салыққа айналғанын айтады.
«Қазақстанның бидай консорциумы» ЖШС коммерциялық директоры Саят Шортан: «Осы кәсіптің көптен басы-қасында жүрміз, мұндай жағдайдың әлемдік нарықтағы бағалардың түсуіне байланысты орын алғанын көріп отырмыз. Мән-жайды байыптасақ, алдымен ресейлік майдың, артынша отандық майдың арзандағанын байқауға болады. Ал ресейлік май қымбаттаса, отандық өнімнің бағасы да көтеріледі», деді.
«Мұндай кереғар жағдайға тап болсақ, экспорттық салық енгізудің не қажеті бар еді деген сұрақ туындайды. Баға өсті, тауар түрі кеміді, ал рафинадталмаған май экспорты артып кетті», дейді сарапшы.
Баспасөз мәслихатына қатысушылар Үкіметті шаруалардың талап-тілектеріне құлақ асып, мәселені тағы бір салмақтауға шақырды.