Облыс орталығы Қонаев қаласының Мәдениет үйінде өңір тұрғындарымен кездескен Энергетика вице-министрі Әлібек Жамауов отын-энергетика кешініндегі бүгінгі жағдай мен жүзеге асып жатқан жобалар жайынан хабардар етті.
Кездесуді кіріспе сөзбен ашқан облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Асхат Бердіханов аймақтағы газдандыру жұмыстарына тоқталды.
«Өңірімізде 149 елді мекен көгілдір отынға қосылған. Биылғы жылы 18 ауылда құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіліп, бұл мақсатқа бюджеттен 3,5 млрд теңге бөлінді. Жылдың соңына дейін 7 нысан іске қосылатын болады. Оған қоса 42 жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуге облыстық бюджеттен 595,0 млн теңге бөлінді. Сонымен қатар сұйытылған газбен қамтамасыз етумен облыс аумағында тіркелген 19 аккредиттелген газ желісі мекемесі жұмыс істейді. Ай сайын облысқа 6 мың тонна шамасында газ бөлінеді. Қажеттілік 10 мың тонна болғанда, жетіспейтін көлемі коммерциялық сұйытылған газбен жабылады», деген басқарма басшысы қазіргі таңда барлық газ желісі ұйымдары осы жылдың 4-тоқсанына газ жеткізу үшін зауыттармен келісімшарт жасасқанын атады.
«Электр және жылу энергиясымен қамтамасыз ету – министрліктің негізгі міндеттерінің бірі», деген Энергетика вице-министрі 9 айдың қорытындысында өңірде электр энергиясын өндіру көлемі – 5,1 млрд кВт сағатты құраса, тұтыну мөлшері 8,9 млрд кВт сағатқа жеткенін мәлімдеді.
Облыста электр энергиясын шекті тарифтер бойынша өткізетін 2 энергия өндіруші ұйым – «Алматы электр стансалары» АҚ мен «Мойнақ ГЭС» АҚ-ы бар. Электр желісінің физикалық тозуы 93 пайызды құрайды. Облыс халқы үшін электр энергиясының кепілдік беруші жеткізушісі «АлматыЭнергоСбыт» ЖШС болып табылады. Облыс жаңартылатын энергия көздерін дамытудың жоғары әлеуетіне ие. Өңірде 10 жылу электр стансасы, 7 су электр стансасы, 6 күн электр стансасы жұмыс істейді. 2027 жылға дейін қуаттылығы 11,9 МВт болатын 4 нысанның құрылысын салу жоспарлануда.
Сондай-ақ күзгі дала жұмыстарын тұрақты жүргізу мақсатында облыстың ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін литрі 250 теңгеден бекітілген 7,1 мың тонна дизель отыны бөлініп, 2,6 мың тоннасы жөнелтілгендігі тілге тиек болды.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі мемлекеттік реттеуді белгілеп, сұйытылған газдың шекті бөлшек сауда бағасын бекіткен. Облыста сұйытылған газдың шекті бөлшек сауда бағасы 1 литр үшін 81-86 теңгені құрайды. Өңірде 8 газ толтыру және 236 автомобильге газ құю стансасы қызмет көрсетеді.
Кездесуде Әлібек Жұмабекұлы министрлік тарапынан ұзақмерзімді баға тұрақтылығын және бағаның көтерілуі мен алыпсатарлыққа жол бермеуді қамтамасыз ете отырып, сұйытылған газ нарығын реформалау бойынша шаралар қабылданып жатқанын атап өтті. «Аталған мәселелердің барлығы Үкіметтің тұрақты бақылауында», деген вице-министр тұрғындардың толғақты сауалдарына жауап қайырып, көтерілген мәселелердің назардан тыс қалмайтындығына сендірді.
Алматы облысы