Петропавлдағы «Қызылжар» арнайы экономикалық аймағына инвестиция салып, Германияның жоғары сапалы ауыл шаруашылығы техникаларын шығаруды қолға алған кәсіпорындардың бірі «Reimann» ЖШС. Оның Петропавлда тіркелгеніне бір жарым жылдай уақыт болды. Директоры – Владимир Ковшов.
Agroqogam.kz сайтының айтуына қарағанда кәсіпорын тіркеме техникаларды жинауды қолға алатын болған. Осы баспаның жазуына қарағанда Солтүстік Қазақстан облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының бастығы Нұржан Садықов бұл кәсіпорынның жұмысынан үлкен үміт ететіндіктерін айтқан. «Claas» техникаларына сәйкес өнімдер шығаратын бұл кәсіпорынның болашағынан біз үлкен үміт күтеміз», деген еді ол көктемде берген сұхбатында.
Бүгінгі таңда «Reimann» ЖШС өнім шығаруға қажетті құрылыс орнының негізгі құрылыстық-монтаждық жұмыстарын аяқтады. Осынау жұмыстарға құйылған инвестиция көлемі 1,5 млрд теңгеге жетіп отыр. Жуырда осы кәсіпорынның жұмыс барысымен облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов танысты. Кәсіпорын басшылығы жылдың аяғына қарай өздерінің өнімдерін шығаратынын жеткізді. «Біз жылына 150 дана тіркеме техникаларын шығаратын боламыз. Кәсіпорын толық қуатына енгенде 150 адамға жұмыс орындары ашылатын болады. Бүгінгі таңға дейін Германиялық әріптестерімізбен ынтымақтастық келісімдері жасалған», деді кәсіпорын басшысы Владимир Ковшов.
Бұл кәсіпорын Германияның «Claas» және «Horsch» компанияларымен ынтымақтастық орнатқан. Германия агрошаруашылық саласы бизнесінің жарық жұлдызы – «Claas» компаниясының «Қызылжар» АЭА келуімен осындай қосалқы кәсіпорындар да келіп жатыр. Облыс әкімі олардың жұмысына қанағаттанғандық білдіріп, елімізді ауыл шаруашылығы өнімдерімен толық қамтамасыз етуге олардың ісі қуатты көмек болатынына ризашылығын айтты.
Бұған дейін Ғ.Нұрмұхамбетов «Қазтехмаш» машина жасау зауытында да болған еді. Бүгінгі таңда онда 85 адам жұмыс істейді, орташа еңбекақы 300 мың теңгенің көлемінде. Шығаратын өнімдері еліміздің барлық аумағына тарайды. Кәсіпорын финляндиялық бренд саналатын «Sampo» комбайндарын жинайды. ЖШС-ның бас директоры әкімге: «Біз орта және ірі торапты құрастырулармен айналысамыз. Комбайнның 670 түрлі бөлшектерін қабылдап, оларды дайын өнім етіп жинаймыз. Сонымен бірге дайын комбайндардың белгілі уақытқа дейін тоқтаусыз жүруіне кепілдік беретін қызмет те ұйымдастырдық», деді. Кәсіпорын жыл сайын 300 комбайнға дейін құрастыруды межелеп отыр. Бүгінгі таңда 300 млн теңгенің бөлшектерін алуға тапсырыс беріп қойыпты.
Қазір Петропавлдағы дайын өнім шығаратын кәсіпорындардың арасында «Alageum Electric» компаниясы үздіктердің қатарына енген. Еліміздің бірнеше қаласында филиалдарын ашып, трансформатор шығаратын бұл кәсіпорын туралы «Егеменге» бұрын да жазған болатынбыз. Ол да «Қызылжар» АЭА-да шаңырақ көтерген кәсіпорындардың бірі. Қазір кәсіпорында 200-ге жуық адам нәпақасын айыруда. Орташа еңбекақы 330 мың теңгеден келеді екен. Бұлар туралы облыс әкіміне кәсіпорынның директоры Ерсұлтан Шәмшиев айтып берді. Кәсіпорынның тағы бір ерекшелігі – ол өз жұмысшыларына арнап салып жатқан 100 пәтерлік үйдің құрылысын да аяқтап қалды. Қазанның соңғы күндерінің бірінде жүз шақты шаңырақ жаңа пәтерлердің кілтін алатын болады. «Әрине, үйлер тегін берілмейді. Біз пәтер беруші, «Отбасы банк» және пәтер сатып алушы үш жақты келісімшарт жасаймыз. Бізде бес жыл жұмыс істеген жұмысшы пәтердің жарты ақшасын өзінің депозитінде жинаған болса қалғанын «Отбасы банк» оны ипотека арқылы несиелендіріп, пәтерді өзінің меншігіне алатын болады», деді Ерсұлтан Шәмшиев.
Сонымен бірге облыс әкімі тұрмыстық химия өнімдерін шығаратын «Радуга» ЖШС мен АЭА тағы бір қатысушысы «KazKran» ЖШС жұмысымен танысты. «Радуганың» өндіріс рыногында жүргеніне бірнеше жылдың жүзі болды. Қазір онда ай сайын 100 тоннаға жуық сұйық және қатты сабын шығарылады. Күніне 20 тоннадай макулатураны өңдеп, 20 түрлі таза қағаз өнімдерін жасайды. Мұнда қазір 80-дей адам жұмыс істеп, айына 250 тоннадай дайын өнімдер шығарады. Фабрика өнімдерінің қатарында механикалық жәшіктер, шкафтар, металдық жиһаздар және т.б. бар.
Облыс әкімі көтергіш жарақтар мен көпірлік крандар шығаратын зауыттың да жұмысымен танысты. Бұл кәсіпорын да «Қызылжар» АЭА қатысушысы. 2 млрд теңге инвестиция құйылған кәсіпорынның өнімдері 2025 жылдан бастап шығады, қазір онда жұмыс орындары дайындалу үстінде. Қызылжардың өндірістің қуаты осындай қарқынмен дамып келеді.
ПЕТРОПАВЛ