Баспасөзге жазылу жалпының ісі болғанымен әлеуметтің газет-журнал оқудан сырт айналғанына біраз болғаны белгілі. Бұл ақпарат саласында қызмет істейтіндердің ғана шаруасы ретінде бағаланып жүр. Соның салдарынан жыл сайын мерзімді басылымдарға жазылу мәселесі қиындық туғызып келеді.
Биылғы науқан аясында Маңғыстау облысына арнайы іссапармен «Қазақ газеттері» ЖШС бас директоры Дихан Қамзабекұлы келді.
Ол облыстық мәслихаттың ұйымдастыруымен өткізілген Алаш ардақтысы, қаламы қарымды публицист, көрнекті мемлекет қайраткері Жалау Мыңбайұлының өмірі мен шығармашылығына арналған «Елім деп өткен Ер Жалау» атты алқалы жиынға қатысты.
Аталған іс-шарада Қазақстан Жазушылар одағының, Қазақстан Журналистер одағының және халықаралық Жамбыл атындағы сыйлықтарының лауреаты Д.Тұрлыбек, облыс әкімінің орынбасары З.Есбергенова, облыстық мәслихат төрағасы Ж.Матаев, белгілі ақын С.Адай жиылған қонақтарды, әсіресе студент жастарды Алаш арыстарының ұлтты сақтау, азаттықты аңсау жолындағы өмірлерін қиған ерен істері туралы айтып, тарихты құрметтеу, Алаш ардақтыларын тану және зерттеу, отанды сүю, елге қызмет етуге шақырған тағылымды тілектерін арнады.
– Елім деп еңіреп өткен ерлердің ерен еңбегін ғалымдарымыз елеп-екшеп, біраз зерттеу кітаптары жазылды. Біз енді осы ұлағатты істі жастарымыздың ұғынғанын және жалғастырғанын қалаймыз. Елдің келешегі – жастар, кейінгі толқын кешегі ерлердің рухына, бүгінгі елжанды аға буынның тілегіне сай болып өсіп-жетілсе, ұрпақтар арасындағы сабақтастықты сақтай білсе – мемлекетіміз өркендеп, тәуелсіздігіміз нығайып, ұлттық қасиет-құндылықтарымыз жоғалмайтын болады, деді С.Адай ағынан ақтарылып.
Кездесу Маңғыстау облыстық мәслихаты ғимаратында жалғасып, мәслихат төрағасы Ж.Матаев мұнайлы өлкенің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндады.
– Өңірде қазіргі таңда шешімін таппай тұрған мәселелер бар, бірақ оның бәрі өз уақытымен шешіледі. Біз мұны қолға алынған және жүзеге асырылатын ауқымды жоспарларға қарап білеміз. Қазіргі таңда Маңғыстауда туризмді дамыту бағытында іргелі істер жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ жұмыссыздықты жою, ауыз су мәселесін шешу, құрылғылары тозған МАЭК-ті жаңғырту, «Каспий» су тұшыту зауыты қуатын арттыру жұмыстары қарқынды жүргізіліп келеді. Кәсіпкерлік саласында салынатын нысандар, ашылатын кәсіпорындар бізге жұмыссыздықты біраз еңсеруге мүмкіндік беретін болады, – деді ол ойын түйіндеп.
ҰҒА академигі, алаштанушы Д.Қамзабекұлы Маңғыстау телеарнасына тікелей желіде «Қоғам мәдениеті және ақпараттық қауіпсіздік» тақырыбында сұхбат құрып, көзі қарақты көрермен тарапынан қойылған түрлі сауалдарға жауап берді. Сондай-ақ 9 мыңнан астам студент білім алып жүрген өңірдегі жетекші оқу орны, алдына зор меже қойып отырған Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар университетінде келелі кездесу өтті. Университет ректоры, техника ғылымдарының кандидаты, «Болашақ» бағдарламасының түлегі Берік Ахметов білім ордасындағы жаңашылдықты баяндап, Германия университеттерімен бірлесіп жүзеге асыратын жобаларды таныстырды. Университет басшысы еліміздегі білім берудің сапасын арттыру, сондай-ақ Маңғыстау өңіріндегі жұмыссыздықты азайтуға атсалысу мақсатындағы жобаларды жүзеге асыруға кіріскендіктері туралы газетте бірнеше мақала жариялап, оқырманға таныстырғандарын жеткізді. Университет ректоры газет басшысын қабылдап, еліміздің қоғамдық-саяси өмірінде өзіндік орыны бар басылымдар жұмысына сәттілік тілеп, мүмкіндікке қарай қолдау көрсететіндігін айтты.
Оқу орнының кино залында қонақтар мен оқытушылар, студенттер тележурналист Д.Тұрлыбек түсірген «Жалау Мыңбайұлы» деректі фильмін тамашалап, Маңғыстау облыстық мәслихаты мен Ш. Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университеті ұйымдастырған «Ұлт баспасөзі және елдік мұрат» атты бірлескен іс-шараға қатысты. Алда келе жатқан Республика күні аясында зиялы қауым өкілдерімен, жастармен пікір алмасып, сұхбаттасу мақсатындағы басқосуда суденттер аға буын өкілдеріне түрлі сұрақтар қойып, жауаптарын тыңдады.
Баспасөз – халық сауаттылығының кепілі, ол тасқа хатталып жазылған ел тарихы. Жалп етіп сөнуі мен жану-жанбауы ешкімге мәлім емес электронды тәсілдің сенімсіздігінен басылым ғана құтқарады. Сондықтан халыққа желілерден гөрі басылымдарға жазылып, оқу, жазу сауаттылығын шыңдап отыру маңызды. Ал жүз жылдан астам тарихы бар, ұлтымыздың марғасқа азаматтары қызмет еткен, ұлт бірлігін, мемлекет тұтастығын ту еткен «Egemen Qazaqstan» газетіне жазылу – азаматтардың мемлекетке, қазақ қоғамына және ана тілімізге жасаған қолдауы саналады.
Маңғыстау облысы