• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Жоба 17 Қазан, 2023

Жастарды қолдауға жұмылған

211 рет
көрсетілді

Мәдениет және ақпарат министрлігі Алматы және Абай облысының жастары үшін «Zhasproject» мемле­кеттік грант жобасына конкурс жариялап отыр. Жоба кәсіп бастағысы келетін жас­тарды қолдауға, ойға ал­ған ісін дамытуға, кәсіби дағды­ларын арттыруға жол ашады.

Абай облыстық Жастар ре­сурс­тық орталығының ди­рек­то­ры Айдос Төлеухановтың ай­туынша, грант жобасының ең жоға­ры сомасы 1 миллион теңге. «Zhasproject» жобасына 18-35 жас аралығындағы жастар қаты­сып, бақтарын сынай алады. Дегенмен қойылатын талаптары да бар. Жұмыссыз мәртебесі бар жастар болса, аз қамтылған отбасылардан шыққан, жетім және мүмкіндігі шектеулі азамат болса назарға алынады. Бұдан өзге мүгедек баланы тәрбиелеп отырған ата-аналарға, сондай-ақ «Алтын алқа» және «Күміс алқа» марапатын алған көпбалалы ана­ларға ерекше басымдық беріледі.

Абай облысы бойынша 8 жеңім­паз анықталады. Қазір өтінім­­дерді қабылдау басталып кетті. Аяқталу мерзімі 23 қазан­ға межеленген. Нәтижесі алда­ғы қараша айының 1-і күні жа­ри­я­ланып, жеңімпаздарға грант беру 15 желтоқсанға дейін жүргізіледі.

«1 миллион теңгені ұтып алу – жастар үшін жақсы мүмкіндік. «Zhasproject» жобасы Семейде 2018 жылы жүзеге асырылған. Жас­тардың көбіне жақсы таныс деуге де болады. Ең бастысы – жобаның әлеуметтік бағыты мен маңызы зор. Басты шарт – бай­қауға қатысушы үміткерлер Абай облысында тұрақты тір­кеуде тұруға тиіс», дейді Жастар ресурс­тық орталы­ғы­ның директоры А.Төлеуханов.

Бұған дейін де осыған ұқсас жобаны өз мақсатымен ұштас­тырып, жұрт қызығатын жақсы іс бастаған­дар бар екен. Айталық, Абай ауда­ны­ның Қарауыл ауылында тұратын Айдын Серік­қазин қымыз­дан бал­мұздақ түрлерін жасап, отандық нарыққа шығаруға жол тауыпты. Жасы 25-ке енді келген азамат алдағы жоспарларымен де бөлісті.

«Семейдегі Қаржы-экономи­ка­лық колледжін бітіре салысымен «Атамекен» кәсіпкерлер пала­та­сының ұйымдастыруымен «Жас кәсіпкер» бағ­дарламасына қатысып, 200 АЕК мөлшеріндегі грантты жеңіп алып, 2019 жылдың соңына қарай кәсібімді бастадым. Қымыздан және саумалдан балмұздақ түрлерін шығаруды қолға алғаныма көп уақыт бола қоймаса да қазіргі күнде сұраныс артып келеді. Алматы, Балқаш қалаларында және Абай ауда­нында тұрақты сатылымға қойылған. «Qazice» деп аталатын, яғни қазақ­тың балмұздағы деген мағына бере­тін бұл балмұздаққа ешқандай кон­сервант қосылмайды. Қазір бал­мұздақтың 18 түрін шығарамыз. Таза қымыз бен саумалдың өзінен жа­салады. Болашақта шетелге шы­ғарсақ деген ойымыз бар», дейді жас кәсіпкер А.Серікқазин.

«Жас келсе – іске» дегендей, тың бастамаларды қолға алумен қатар отандық нарықтың дамуына өз үлестерін қосуға ұмтылған жас­тар­ды мұндай мемлекеттік қолдау тұр­ғы­сындағы мүмкін­діктер әлі де та­лай игі істерге жете­лей беретіні анық.

 

Абай облысы