• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Жоба 17 Қазан, 2023

Өңірге серпін берер жобалар

251 рет
көрсетілді

Отандық экономиканың жетекші саласының бірі – мұнай-газ өнеркәсібі. Әлемдік нарықта баррельмен бағаланатын «қара алтынның» алғашқы тамшысы алынған 1899 жылдан бері бірнеше кен орны іске қосылып, мұнай өндіру еселеп артты. Әсіресе Атырау облысындағы «Теңіз», «Қашаған» кен орындарын игеруге шетел инвесторларының инвестициясы тартылды.

Атырау облысының тұрғындарымен кез­дескен Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевтің мәліметінше, «қа­ра алтын» өндіруде бұл өңірдің үлесі басым. Былтыр өңір­дегі компаниялар 46,8 млн тонна мұнай өндірген. Ал биыл тоғыз айда өнді­ріл­­ген мұнай 39,2 млн тоннаны құрады. Енді жыл аяғына дейін өнім көлемі 51 млн тоннаға жететіні жоспарланып отыр.

«Мұнай мен газ конденсатының айналымын есепке алу үшін ақпараттық жүйе іске қосылды. Бұл мұнай айналымының 95 пайызын бақылауға мүмкіндік береді. Елі­міз­дің мұнай-газ өнеркәсібі саласындағы үш кен орнында ірі жобаларды іске асыру жұмыс­тары жалғасып жатыр», деді А.Сәтқалиев.

Бұл жобалардың бастауында Жылыой ауда­нындағы «Теңіз» кен орнында Келе­шек кеңейту жобасы тұр. Жобаның құны – 45 млрд АҚШ доллары. Оны іске асыруға 300-ге жуық отандық компания мердігерлікке тартылды. Ал жұмыс істеген адамдардың саны 27 мыңнан асты. Олардың 91 пайыздан астамы өзіміздің жергілікті мамандар болған.

Жобаға қажетті модульдер Қазақстан­да, Италия мен Оңтүстік Кореяда дайын­да­лып, су жолымен тасымалданған. Мұн­дай модульдердің жеңілі 500 тонна болса, ауыры 1 800 тоннаға дейін жеткен. Модульдерді кен орнына жеткізу үшін Каспий теңізінің жағалауындағы Прорва түбегінде арнайы айлақ салынып, 120-дан астам кеме пайдаланылған. Кемелердің 40-тан астамы жаңадан құрастырылып, кей­бірінің құрылымы осы жоба үшін өзгер­тілген.

«Кен орнында іске асырылып жатқан ұңғыма ернеуінің қысымын басқару жобасын 2024 жылы аяқтау жоспарла­нып отыр. Бұл «Теңіз» кен орнынан мұнай өндіруді жылына 12 млн тоннаға ұл­ғай­ту­ға мүмкіндік береді», деп мәлім етті Энергетика министрі.

Екінші жоба – «Қашаған» кен орнынан алынған газды өңдеу зауыты. Оның қуаты – 1 млрд текше метр. Ілеспе газды қайта өңдейтін бұл зауыттың құрылысы 2022 жылы басталды. Ал биыл зауыттың екінші кезеңінің тұжырымдамалық жобасы қолға алынған. Қуаты 2 млрд текше метрден 6 млрд текше метрге дейін болады.

Үшіншісі – «Қарашығанақ» кен ор­нын­дағы жоба. Мұнда төртінші газды кері айдау компрессоры іске қосылған. Енді осындай бесінші компрессордың құрылысын іске асыру басталды. Жобаның құны – шамамен 1 млрд АҚШ долларын құрайды. Сондай-ақ 735 млн АҚШ долларына бағаланып отырған алтыншы ком­прессорды салу жұмыстары басталып отыр.

Халықты сұйытылған мұнай газының бағасына қатысты мәселе толғандырады. Сол себептен елімізде сұйытылған мұнай газы нарығына баса назар аударылып отыр. Энергетика министрінің айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі мемлекеттік реттеуді белгілеп, сұйытылған газдың шекті бөлшек сауда бағасын бекіткен. Мәселен, Атырау облысында сұйытылған мұнай газының шекті бөлшек сауда бағасы 1 литр үшін 54-59 теңгені құрады. Қазір мұнайлы өңірде төрт газ толтыру стансасы, 104 автогаз құю стансасы бар. Мұнда сұйытылған мұнай газын тұтыну көлемі артып келеді. Өткен жылғы қаңтар-тамыздағы тұтыну көлемі 40,7 мың тоннаны құраған. Ал биыл қаңтар-тамызда бұл көрсеткіш шамамен 62,5 мың тоннаға жеткен.

«Біз ұзақмерзімді баға тұрақтылығын қам­тамасыз ету және бағаның алыпсатар­лық көтерілуіне жол бермеу мақсатында сұйытылған мұнай газы нарығын реформалау бойынша шаралар қабылдадық. Басым бағыт – сұйытылған мұнай газын сатудың шекті бөлшек сауда бағасын белгілеу. Бұл бөлшек сауда бағасының күрт өсуіне жол бермейді» деп мәлім А.Сәтқалиев.

Ал ішкі нарықты жанар-жағармаймен үздіксіз қамтамасыз ету үшін қабылданған нақты қандай шаралар бар? Министрдің айтуына қарағанда, алдымен мұнай өнімдерін автомобиль көлігімен әкетуге тыйым салынып отыр. Ресурс ұстаушы­лар­ды жанармай құю стансаларына тіке­лей сатуға міндеттейтін заңнамалық нор­­­­ма­лар қабылданыпты. Резиденттікке және жанармай құю көлеміне байланыс­ты сараланған бағалар енгізілген. Мәсе­лен, ауыл шаруашылығы тауарын өндіру­ші­лер­ге және жанармай құю стансаларына дизель отынын жеткізу жеке ПИН-код арқы­лы қадағаланады.

«Министрлік отандық мұнай өнімдерін әкетуді болдырмау мақсатында мұнай және мұнай өнімдерін жеткізу жүйесіндегі өнімсіз делдалдарды жою бойынша заң­на­малық нормалар қабылдады. АИ-92 және АИ-93 маркалы бензин бағасын 205 теңгеге дейін (11%), ал дизель отынының 1 литрі үшін 295 теңгеге (20%) дейін көтеруге бұйрық шығарды. Үш мұнай өңдеу зауытында аварияны төмендетудің жоспарлары жасақталды. Сыртқы электр­мен жабдықтаудың сенімділігін қам­та­ма­сыз ету үшін Атырау мұнай өңдеу зауытында газ турби­налық станса салу жобасы іске асырылып жатыр. Газ турбиналық стан­саның қуаты – сағатына 154 МВт құ­райды. Оны 2026 жылдың соңына дейін пай­­да­лануға беру жоспарланып отыр», деді министр.

Елімізде мұнай-газ химиясы саласын өркендетуге қадам жасалып отыр. Атырау облысындағы «Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі» арнайы эко­номикалық аумағында жаңа мұнай-газ-химия жобаларын іске асыру жалғасып жатыр. Енді оның қатарына тағы екі жоба қосылмақ. Қазір жылына 339 мың тонна бутадиен, жылына 1,25 млн тонна полиэтилен өндіру жобалары іске асыру сатысында тұр. Сондай-ақ полиэтилентерефталат, метанол, карбамид өндіретін жобалар да бар.

«Мұнай-газ-химия өндірісі экономика­ның аралас салаларында шағын және орта бизнесті дамытуға жол ашады. Әрбір ке­йін­гі қайта бөлумен мұнай-газ-химия өнім­­дерінің құнын арттыруға мүмкіндік бар. Ал төртінші қайта бөлуден кейін өнім­­нің құны 10 есеге артады», деп түсін­дір­ді А.Сәтқалиев.

Биыл электр желі­сін­де­гі ақаудың салдарынан Атырау мұнай өңдеу зауытының, бірнеше кен орнының жұ­мысы тоқтады. Тұрғындар жарықсыз қалды. Енді осынау түйткіл қалай шешімін та­ба­ды?

Алмасадам Сәт­қа­лиевтың мәліметіне сүйенсек, Аты­рау об­лысында үш кә­сіпорын электр энер­гия­­сының көзі болып отыр. Олардың жиынтық белгіленген электр қуаты – 1 319 МВт, ал жылу қуаты 798 Гкал/сағ құрайды. Биыл тоғыз айда өңірде 5,3 млрд кВт/сағ электр энергиясы өндірілген. Өңірде электр энергиясын тұтыну көрсеткіші – 5,3 млрд кВт/сағ.

Электр энергиясын беруші компания – «Атырау Жарық» ЖШС. Оның иелігінде 9,8 мың шақырым кәбілдік және әуе электр беру желісі, 1700-ден астам кіші станса бар. Алайда электр желісінің тозуы 40 пайызды құрайды. Сол себепті, батыс энергетикалық аймағының электр желілерін күшейту көзделіп отыр. Қазір Батыс Қазақстан және Атырау облыстары өткізу қабілеті 100 МВт болатын 220 кВ электр беру желісімен қамтылған.

«Осы желіні жөндеуге шығарған кезде Атырау және Маңғыстау облыстарының энергия жүйелері оқшауланған жұмысқа ауысады. Бұл тұтынушыларды электр­мен жабдықтау сенімділігіне теріс әсер етеді. Осыған байланысты «KEGOC» инвестициялық бағдарлама шеңберінде «ҚР БЭЖ Батыс аймағының электр желісін күшейту. Электр желілік объектілерді салу» жобасын бастап жатыр. Бұл жоба өткізу қабілетімен Атырау облысының тұтыну­шыларын электрмен жабдықтау сенімділігін арттыруға мүмкіндік береді», деп мәлім етті министр.

Жобаға сәйкес электр желісінің ұзын­дығы – 779,7 шақырым. Осы кезге дейін 684,4 шақырым желі монтаждалған. Бұл жалпы жұмыс көлемінің 88%-ын құрап отыр. Инвестициялық бағдарлама шең­берінде Атырау жылу электр орталығында 2021-2023 жылдары жалпы қуаты 130 МВт жаңа турбоагрегатты ауыстыру және салу жұмыстары жоспарланған. Жобаға ша­мамен 16 млрд теңге инвестиция салу көз­делген. Сондай-ақ инвестициялық бағдарлама жоспарында 2021-2023 жылдар аралығында қуаты 30 МВт болатын Sagat Energy электр стансасын кеңейту қарастырылған.

 

Атырау облысы