• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 19 Қазан, 2023

Елордада Асқар Забикулинге ескерткіш қойылды

404 рет
көрсетілді

Астанада №6 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің аумағында ерлікпен қаза тапқан өрт сөндіруші Асқар Забикулиннің құрметіне ескерткіш ашылды, деп хабарлайды Egemen.kz қалалық ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ескерткіштің ашылу салтанатына және № 6 мамандандырылған өрт сөндіру бөліміне Асқар Забикулиннің есімін беру рәсіміне Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов, елорда әкімі Жеңіс Қасымбек, гарнизон басшылығы мен жеке құрамы, азаматтық қорғау органдарының ардагерлері, Асқардың туыстары мен жақындары қатысты.

«Әрбір адамның өмірі баға жетпес құнды, мемлекеттің стратегиясы ең алдымен азаматтарды қорғауға, төтенше жағдайлардың алдын алуға және жоюға бағытталған. Сол себепті құтқарушылар мен өрт сөндірушілердің еңбегі аса маңызды саналады. Бұл ескерткіш – Асқардың өжеттігін, жанқиярлығы мен адалдығын білдіреді. Оның  ерлігі бізге күш пен қуат беретін үлгі болсын. Асқар Забикулин біздің әріптесіміз ғана емес, сүйікті ұл, жар және әке болды, оның өмірден өтуі біздің жүрегімізге жазылмас жара салды. Біз оны әрқашан еңбекқор, ақылды және сүйіспеншілікке толы адам ретінде есте сақтаймыз», деп атап өтті Сырым Шәріпханов өз сөзінде.

Іс-шараға жиналғандар мемориалға гүл шоқтарын қойып, Асқарды бір минут үнсіздікпен еске алды.

Биіктігі үш метр болатын ескерткіште Асқардың бюсті қоладан, ал төменгі бөлігі мәрмәрдан жасалған.

Елордалық өрт сөндіруші Асқар Забикулин 2022 жылғы 20 қарашада тұрғын үй кешеніндегі өртті сөндіру барысында қызметтік борышын өтеу кезінде қаза тапты, ол өз өмірін қатерге тігіп, үш адамның өмірін сақтап қалды. Президенттің Жарлығымен Асқар қайтыс болғаннан кейін І дәрежелі «Айбын» мемлекеттік наградасымен марапатталды.