Трамвай көлігі жайында сөз қозғала қалса, Павлодар қаласы алғашқы болып ауызға ілігері анық. Бүгінде шаһар рәмізінің біріне айналып үлгерген рельсті көлік экологиялық жағынан да тиімді. Алдағы уақытта қаланың шеткері шағын аудандарына да автономды трамвайлар жүре бастайды.
Павлодар қаласындағы трамвай жолдарының жалпы ұзындығы бүгінде 90 шақырымды құрайды. Көлік кәсіпорнының иелігіндегі 111 вагон жолаушыларға үзбей қызмет көрсетіп, ұйым ендігі арада жаңа бағыттарды ашуға талпынып отыр.
Шаһардың оңтүстік-батыс бөлігінде жаңадан салынып жатқан «Достық» шағын ауданына келер жылы трамвай көліктері қатынай бастауы мүмкін. Бұл үшін аумаққа электрлі байланыс желілерін ұстап тұратын бетон бағандар салудың қажеттілігі жоқ көрінеді. Трамвай паркінің хабарлауынша, аталған бағытта автономды түрде жұмыс істейтін вагондар жолға шығады.
Рельсті көліктің жаңа тармағы Назарбаев даңғылынан ЖЭО жолы арқылы қозғалып, Ладожская көшесін басып өтеді. Вагондардың жалпы арақашықтығы 7 минутты құрамақ. Трамвай жолын ұзарту жобасы шамамен 2 млрд теңгеге бағаланып отыр. «Трамвай басқармасы» АҚ басқарма төрағасы Муслим Махмудовтың айтуынша, жаңа тармақтың құрылысы келер жылы басталуы мүмкін. Ол небәрі 9 айға созылады деп жоспарланған. Барлығы сәтті жүзеге асса, жаңа бағыттағы рельсті жол қала билігінің иелігіне беріледі.
«Достық» шағын ауданына жолаушыларды жеткізу үшін жаңадан автономды түрде жұмыс істейтін 20 трамвай сатып алу көзделген. Трамвайлар қуатталған аккумулятордың көмегімен жылжитын болады. Электр бағандары мен сымдардың қажеті жоқ. Мұндай автономды трамвайларды іске қосу шаһардағы келешегі зор жаңа желілерді өміршең етуге мүмкіндік береді. Мысал үшін, Екінші Павлодар мен Усолка шағын аудандарында жаңа тармақтар пайда болуы ғажап емес. Егер көзделіп отырған жобадан қаржы үнемделсе, жаңа тармақтар салынады» деп жазылған басқарманың хабарламасында.
Екінші Павлодар шағын ауданында трамвай жүргізу – көптен бері қозғалып келе жатқан мәселе. Себебі бұл аумақтағы тұрғындар автобус маршруттарының аздығына және олардың межелі уақытынан көп кешігетініне жиі шағымданады. Әсіресе қыс мезгілінде проблема көп туындайды. Егер трамвай тармағы салынса, жолаушылардың жүріп-тұруы жеңілдей түсер еді. Қазіргі күні Назарбаев даңғылы, Естай, Малайсары көшелері арқылы шағын ауданға жаңа рельсті жол салу көзделіп те отыр. Жаңа тармақ Российская көшесі арқылы айналып, Нұрмағамбетов көшесіне түседі де, Теміржол вокзалына келеді. Осылайша, қаланың шығыс аумағында рельсті жолдың толық циклі пайда болуы мүмкін. Жобалаушылар бұған балама ретінде Геринг және Сұрағанов көшелерін де ұсынады. Қала билігі бұл екі жобаның қайсысы қаржы жағынан тиімді болады деп ойланып отырғандай.
Еліміз бойынша трамвай санаулы ғана шаһарда сақталып қалған. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр өңірімізге жұмыс сапарымен келгенде Павлодар қаласындағы трамвай жүйесін дамытуды жалғастырып, құрамдарды жаңартуды жеделдету қажеттігін тапсырған еді. «Меніңше, Павлодарда трамвайды сақтап қалу қажет. Егер қажет болса, жолдарды жаңғыртып, жаңа, дыбыссыз, трамвайлар сатып алу керек шығар. Бірақ трамвай – өзінше тартымды көлік түрі. Еуропаның көптеген дамыған қаласында трамвайлар кедергісіз жүреді. Бұл – жергілікті тұрғындар ұнататын экологиялық және ыңғайлы көлік. Трамвай жүйесін дамытуды жалғастырып, құрамдарды жаңартуды жеделдету керек», деген еді Президент.
Трамвай паркі алдағы уақытта жаңа жол тармақтарымен қоса, жаңадан 70 трамвай сатып алуды жоспарға енгізді.
ПАВЛОДАР