Көрнекті ғалым Зейнолла Қабдолов: «Тахауи Ахтанов кім?» деген сұраққа «Үлкен үшеу – «Қаһарлы күндер», «Боран», «Шырағың сөнбесін», деп жауап беріпті. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін әдебиетке келген жазушылардың ішінен алдымен ауызға Тахауи Ахтановтың есімі ілінеді. Ол әдебиет есігін өзінің кейбір қатарластары секілді қағып кірген жоқ, еркін ашып, әп дегеннен өз орнын иеленді.
1947 жылдың күзінде Алматыда жас қаламгерлердің республикалық кеңесі өтеді. Сонда әскерден келе жатып, сол жиынға қатысып, мінбеде соғыс туралы өлеңін оқыған жас Тахауиға риза болған Сәбит Мұқанов: «Ау, мынау атылғалы тұрған мылтық, жарылғалы тұрған бомба ғой», деп бірден КСРО Жазушылар одағының мүшелігіне қабылдапты. Заңғар жазушы Мұхтар Әуезовте оның болашағынан үлкен үміт күтті. Қаламгер әдебиет алыптарының сенімін толығымен ақтап, айтулы суреткерге айналды.
Қанды қырғынды көзімен көрген майдангер жазушы соғыс тақырыбына алғашқылардың бірі болып, қалам тербеді. «Қаһарлы күндер» романында Мәскеу түбінде жанқиярлық көрсеткен жауынгерлердің ерлігін айшықты көркемдеді. Осы шығармадан оның ірі реалист суреткер екендігін жазбай танисыз. Ал «Шырағың сөнбесін» романында қазақ офицерінің соғыс басталғанда жау тылында қалған әйелі – Нәзираның қым-қуыт тағдырын, басынан өткерген оқиғасын, өмірге көзқарасын кейіпкер болмысы арқылы шынайы жеткізген. Бұл адамның қырық қатпарлы жан дүниесіне терең бойлаған психологиялық туынды. Көрнекті қаламгер Шерхан Мұртаза Т.Ахтанов туралы «Айға шағылған найза» атты эссесінде «Шырағың сөнбесін» романы туралы айта келіп: «Романда боздаған бомбалардың, зіркілдеген зеңбіректердің жексұрын арсыл-гүрсіл дауыстарының арасынан ұдайы бір үзіліссіз, иә скрипка, иә қыл-қобыз ғажайып бір нәзік үнмен сыңсиды да тұрады. Бұл – лирика, арманшыл Тахауи жанының лирикасы», деп баға берген.
Лирика дегеннен шығады, жазушының бұл ерекшелігі оның шағын туындыларынан да айқын көрінеді. Сондай әңгімесінің бірі – «Алғашқы ән». Мұнда жас композитор Серәлінің жастық шақтағы басынан өткен махаббат оқиғасы әңгіме арқауына айналған. Туған ауылына демалысқа келген Серәліге бір жас жігіт сәлем бере келіп, «осыны сізге беpiп жіберіп еді» дейді де қолына бүктеулі кішкене қағазды ұстата салады. Ол қағазды ашып көз жүгіртіп өтсе, «Бүгін қолыңыз тисе, біздің үйден дәм татсаңыз. Күн демалыс қой. Гауһар». Төменіректе: «Ұмытып қалған жоқсыз ба? Алыста жүргенде ұмытсаңыз да, осында келгенде есіңізге түскен шығар» деген ойнақы жазуды оқиды. «Fayhap. Гауһар... Иә, иә... Ол осында еді-ау». Бар оқиға осыдан басталады.
Серәлі туған жеріне шаршап-шалдығып жетті. Оны шаршатқан жол азабы емес, жұрт аузында бір әннен екінші әні айтылып, мақталып жүрген композитордың соңғы екі-үш жылда шығармашылығы тоқырап қалғандай күйге түсті. Елді таңырқатар музыка жазып тастамаққа қанша бекінсе де, көкірегіндегі күй көзі бітеліп қалғандай еш нәрсе шықпады. Қанша шабыттанып көрсе де, ескі машықты сарынға орала берді. Содан бір күні соңғы жазғандарын жыртып тастады да елге жүріп кетеді.
Серәлі манағы жігіт әкеп берген хатты қолына алып: «Гауһар менен үш жас кіші еді-ау. Қазір ғой отызда, деп ойлады ол.– Күйеуі, бала-шағасы бар болар. Кімге тиді екен? Әрине, осы ауданның бір қызметкері. Қартайды ма екен?», – деп үнсіз ойға шомды.
Аудан орталығындағы орта мектептің 10-сыныбында оқитын Серәлі өз құрдастарының алдында жүрді. Он алты-он жеті жасқа келген бозбаланың жүрегінде ғашықтық сезімі бүр жарып, қызға қырындай бастайды. Бірде өзімен бірге оқитын Гүлжанға еріп келген ақ құба талдырмаш қызға көзі түсіп, айран-асыр күйге түседі. Содан бастап оның Гауһарды көруге ынтығы артады. Сабақ арасындағы үзілісте ыңғайын тауып сегізінші кластың маңын сағалайтын болды. Сегізінші сыныптың кейбір балаларымен дос болып алды. Бір күні батылы барып, поштаға хат салатын едім деп Гауһарды үйіне дейін шығарып салды. Серәлі оған ғашықтық сезімін сөзбен жеткізуге қиналып, ұзақ күн толғанып жүріп, домбырамен алғашқы рет ән шығарды. Бірақ бұл әннің көркемдігі шамалы болғанымен, ондағы жүрек дірілінің шынайылығы тыңдаған жанды тербетіп әкететін. Ол осы әнді арнаған адамына айтып бере алмай, біраз толғанып жүрді. Ақыры алысқа оқуға кетер алдында екеуі кездесіп, Серәлі оған шығарған әнін орындап береді. Гауһар да әнді ұнатып, ара-тұра ыңылдап қосылып кетеді. Қыздың даусымен айтқанда ән тіпті әсем көрінді.
Сөйтіп жүргенде, соғыс басталды. Гауһар майданда жүрген Серәліге төрт жыл қатарынан үзбей хат жазып тұрды. Ол әскерден аман-есен оралғаннан кейін екеуі кездесіп, Гауһар « Үй болып қалсақ қиын болар. Талабыңнан қайтпа. Сенің талантыңа, үлкен композитор болатыныңа сенемін. Әзір оқуға түсіп ал, өзгесін сосын көрерміз», деп, арман сапарына аттанып бара жатқан оған сәттілік тіледі.
Серәлінің соғыста жүріп шығарған төрт-бес әні жақсы қабылданып, консерваторияға оқуға түседі. Жаңа әндер жазып, атағы шыға бастады. Оқумен бірге тапсырыс та көбейді. Жұмыс көбейген сайын Гауһарға хат жазуды да сиретті.
Серәлі сондай сирек хатының бірінде Гауһарға: «Хатты жиі жаз дейсің, менің өз жұмыстарыма да қолым тимейді», деді. Гауһардан: «Ендеше хат жазып уақытыңды алмай-ақ қой», деген хат келді. Осылай екеуінің арасындағы байланыс бос жіптей үзіліп қалды.
Серәлі Гауһарды тез ұмытып, оның ойын атақ, даңқ билеп әкетті. Гауһарды ешкім есіне салған жоқ. Ал Гауһар ше? Ол үйіне келсе радио, мектепке барса оқушылары жас композитор Серәлі Мұратовтың әндерін шырқап, мұны талай түн азапқа салды. Оңашада сол әндерді көз жасы моншақтап отырып тыңдайтын. Гауһар өмірде өз жолын тауып, бала сүйіп, ана атанды. Арада біраз жыл өткеннен кейін екеуі кездесіп, Серәлі Гауһардан кешірім сұрады. Бірақ бұл кезде екеуінің де өмірге көзқарасы бөлек, басқа адамдар еді. Гауһар жанындай жақсы көрген Серәліні кешірді. Алайда оның сезімінің тазалығын, махаббатының адалдығын ол қаншалықты түсінді? Біз қаншалықты түсіндік? Әңгіме оқырманды сезім сырын шерткен осы сауалымен ойға қалдырды.