Нағыз құтқарушы жүретін соқпаққа түсу үшін тек жалаң күш пен көзсіз батыр болу аздық етеді. Шын құтқарушының медицина мен психология саласынан да хабары болу керек. Өйткені күнделікті қызмет барысында адамдарға алғашқы дәрігерлік, психологиялық көмек көрсетуге, биікке өрмелеп, қып-қызыл шоқтың көзіне қойып кетуге, ақ боранның астынан адаспай жол тауып, адам өмірін арашалауға, кейде мұз астына сүңгуге тура келеді.
Облыстық Төтенше жағдай департаментіне қарасты №21 өрт сөндіру бекетінің бөлімше командирі Айдос Боранбаевтың бойында нағыз кәсіби құтқарушыға тән сан тарау дағды-біліктің бәрі біте қайнасып жатыр. Құрыштай шымыр денелі, орта бойлы, ойлы көзді, көп сөзге жоқ аға сержант өткен жылы Әулиекөл ауданында болған алапат өрт кезінде көрсеткен жанқиярлығы үшін Президент жарлығымен «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған. Айдос құтқарушылар сапында орманда өрт тұтанған күннен бастап соңғы шоқ сөнгенше арпалысты.
– Жылдамдығы секундына 20 метрге дейін жететін күшті желдің салдарынан тілсіз жау тез өршіп, бүкіл орман қызыл жалынға оранды. Елді мекендерге қауіп төне бастады. Біздің жасақ, ең алдымен, қауіпті аймақтағы адамдарды эвакуациялады. Тілсіз жаудың елді мекендердегі тұрғын үйлерге өтіп кетуіне жол бермеу үшін жанталастық. Аманқарағайдағы мұнай базасының аумағына су шашып, зардабы ауыр жарылысты болдырмадық. Мұнай базасындағы алып цистерналар жарылса, оның арты орны толмас қайғы-қасіретке, үлкен апатқа әкеп соғатын еді. Жарылыс толқыны Аманқарағайдан асып, бір шеті Новонежинді, екінші шеті Әулиекөлді шарпуы мүмкін. Бұл екі ортада қаншама үй, қаншама адам, қанша мал, қанша мүлік бар. Оны ойлаудың өзі қорқынышты. Жанталасып жүріп төніп тұрған орасан қауіптің бетін қайтардық. Бөлімше құрамындағы жігіттер кезек-кезек 1-2 сағаттай ұйықтап алып, алты күн бойы арпалыстық, – дейді аға сержант.
Жалпы аумағы 43 мың гектарды шарпыған тілсіз жау бесінші күн дегенде біржола тізгінделген. Алайда А.Боранбаевтың бөлімшесі Қостанай, Ақмола облыстарының күш-құралдары сапында орманның әр жерінде шала жанған қоламта шоқты сөндіру, өрттің салдарын жою жұмыстарын атқарды. Аманқарағай, Лесное, Озерное және Бағаналы ауылдарының аумақтарында өртке қарсы қарауыл қызметінде тұрды.
Бүтін елді алаңдатып, көптің қабырғасын қайыстырған алапат өртті сөндіруге ТЖМ, ІІМ ҰҰ-ның, Қостанай қаласындағы ІІМ академиясының, Қорғаныс министрлігінің, ЖАО және облыстың коммуналдық қызметтерінің күш-құралдары – барлығы 207 техника, 5 өрт сөндіру пойызы, 1 785 адам қатысқан.
Аманқарағай өрт сөндіру бекетінің басшысы Абзал Жұмаділовтің айтуынша, бөлімше командирі А.Боранбаев – көпшіл, кішіпейіл әрі өзіне жүктелген кез келген міндетті аса жоғары жауапкершілікпен атқаратын нағыз кәсіби құтқарушы. Абзал тек Аманқарағайдағы алапат өртте ғана емес, оған дейінгі, одан кейінгі талай-талай тосын апат, қиын-қыстауда өзін шұғыл шешім қабылдай алатын, қауіптің алдын көріп, бағытын болжай білетін командир ретінде көрсете білді. Қазір бөлімшесінде өзін қосқанда бес құтқарушы бар. Таяуда ғана су жаңа өрт сөндіру көлігін алды. Бесеуі бес саусақтай жұмылып, талай адамды ажал аузынан арашалап қалып жүр.
– Айдостың жанындағы жігіттер де осал емес. Мысалы, былтыр Әулиекөл маңында ауыр жол апаты болып, А.Боранбаевтың бөлімшесі жеңіл көліктің ішінде қансырап жатқан адамды алып шығып, аман алып қалды. Ол кісінің жүрегі тоқтап қалған екен. Біздің жігіттер өкпеге жасанды дем жіберу арқылы қайта тірілтіп алды. Кейін дәрігерлер біздің өрт сөндіру бекетіне ризашылық білдіріп, егер сіздер дұрыс алғашқы медициналық көмек көрсете алмаған жағдайда ес-түссіз жатқан адамның тірі қалу-қалмауы екіталай болар еді деген әңгіме айтты, – дейді А.Жұмаділов.
Былтыр Аманқарағай ауылында қалың қамыс жанып, маңайдағы тұрғын үй, қора-жайларға қауіп төнгенде де өрт шыққан жерге Айдостың бөлімшесі бірінші болып жетті. Тілсіз жаудың тегеурінін дәл болжаған құтқарушы дер кезінде қосымша күш шақырып, өзі өрт сөндіруге кірісіп кетті. Нәтижесінде, қысқа уақыт ішінде тілсіз жау ауыздықталып, өрт сөндірушілер елдің алғысына бөленген.
– Мұндай оқиғаларды айта берсек таусылмайды. Бұл енді біздің күнделікті жұмысымыз, атқаратын міндетіміз ғой. Өз басым ерлік жасадым деп емес, қызметтік міндетімді атқардым деп ойлаймын, – дейді бесаспап құтқарушы.
Қостанай облысы