Ел көңілін шаттыққа бөлеген шырайлы мереке – Республика күні қарсаңында облыс орталығында әлеуметтік жағынан аз қамтамасыз етілген 65 адам жаңа пәтердің кілтін алып, ақ түйенің қарны жарылған сүйінішті оқиға болды.
Жиналған жұрт арқа-жарқа. Бір-бірін етене танып-білмесе де, қуаныш ортақ болған соң көптен күткен шын мәніндегі шаттыққа құтты болсын айтысып жатыр. «Сабақты ине сәтімен» дегендей, мәні мол мерекемен орайласқан қуанышқа жиналған ақ жаулықты әжелер ақжарылқап сәтте шашу шашып, көп көңілін демеді. Салтанатты рәсімге пәтерге ие болғандармен бірге тілектес, ниеттес етжақын туыс та жиналған. Демек, бақытты сәтті басынан кешіріп жатқандар 65 адам ғана емес, дүйім көпшілік деуге де болады.
13 пәтерді жетім балалар мен ата-аналарының қамқорлығынсыз қалғандар иеленсе, 15 пәтер көпбалалы отбасыларға беріліп отыр. Халықтың әлеуметтік жағынан аз қамтылған тобына 24 пәтер бұйырса, 13 пәтерді мемлекеттік қызметшілер мен бюджеттік ұйымдардың өкілдері және әскери қызметшілер алды. Жаңа пәтерлердің кілтін Көкшетау қаласының әкімі Бауыржан Ғайса салтанатты түрде табыс етті.
–Баршаңызды Республика күні мерекесімен құттықтаймын! Бүгін 65 адам жаңа пәтерге ие болып отырса, көктемде жүзден астам отбасына осындай қуаныш сыйлаған болатынбыз, –деді қала әкімі.
Көппәтерлі үйлердің сыртқы салтанаты мен ішкі әрлендірілуі көздің жауын алады. Сөз арасында облыс орталығында тоғыз мыңнан астам адам баспана кезегінде тұрғандығын айта кетелік. Үстіміздегі жылы алты тұрғын үй салынды, оның екеуі, міне, Республика күні мерекесі қарсаңында табыс етіліп отыр. Жыл соңына дейін қалған тұрғын үйлер пайдалануға беріліп, халықты қуанышқа кенелтпек.
– Мен төрт баланың анасымын, – дейді жаңа пәтерге ие болғандардың бірі Наталья Панасюра. – Осы қуанышты 17 жыл бойы сарыла тосып едім, міне, қолым енді жетіп отыр. Балаларым да қуанып жатыр. Адамның өз баспанасы болғанға не жетсін. Бізге осындай қамқорлық жасап отырған мемлекетімізге мың да бір алғыс!
Пәтерге ие болғандардың ішінде 92 жастағы Күміс алқа иегері, тыл еңбеккері Шолпан Нұғыманова да бар. Әжейдің қыздары қарт ананың қуанышына ортақтасып, қоныс тойына құтты болсын айта келіпті. Ғасырға жуық ғұмыр кешкен әжей осындай қамқорлық жасаған жандарға әжелік, аналық батасын беріп, ақ алғысын жолдады.
Пәтер кілті қолына тиген көпшілік өздерінің ыстық ұяларына айналатын бақыт босағасына асыға басып тарап жатты.
Көкшетау