• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 20 Қазан, 2023

Қазақтың тұрмысында қыз алып қашу бұрын да болған – этнограф

720 рет
көрсетілді

Тараз қаласының №2 сотының судьясы  Маңғыстау мен Ақтөбе облысының азаматтарына қыз алып қашқаны үшін жаза кесті. Жамбыл облыстық прокуратурасы баспасөз қызметінің таратқан мәліметі бойынша  қызды күштеп көлікке отырғызып алып қашуға қамданғандарды көрген көршілер полицияға хабарласқан. Жергілікті тәртіп сақшылары  әбжіл қимылдап  күдіктілерді ұстады.  Қылмыстық кодекстің 125-бабы 2-бөлігінің 1-тармағы бойынша сот үкімі шығып, қыз алып қашқан азамат пен оның серігі айыпты деп танылып, 7 жылға сотталды.  Елімізде адам ұрлау фактісі ауыр қылмыс санатына жатады. Азаматтардың құқығын, бостандық пен теңдіктегі негізгі ұстанымын бұзу болып саналатын адам ұрлау қылмысын жасағандарды 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделген.

Этнограф Болат Бопайұлы: «Қыз алып қашуды қазақтың дәстүріне теліп, салты деп санап ешқандай келісімсіз адам ұрлаушылардың әрекеті ешқандай ақтауға келмейді», дейді.

«Ертеде  жарлы, жалшының баласы деп бай қызын бергісі келмегенде қыз бен жігіт сөз байласып, уағдаластықпен алып қашу үрдісі болған. Жігіт алып қашады, қыз ілесіп қашады. Ғашықтық жырлардағы Қозы Көрпеш-Баян сұлу,  Қыз Жібек пен Төлеген, Қалқаман-Мамырдың тағдыр-талайында шарасыздық пен  кезіккен кедергіден өтудің ақыры қайғымен аяқталған. Қазіргі күні ше, көшеде кетіп бара жатқан, мүлде танымайтын бейтаныс қыз баласын шырылдатып өңгеріп әкету адам ұрлау емей немене?!  Қой торыған қасқырдай  ізінен аңдып алып қашу заңға мүлде қайшы. Рас, кезінде  ата-анасы қарсы болғандықтан, рулық қайшылықтардың кедергі келтіруінен мұңлықтар қосылудың басқа амалын таппаған соң осындай қадамға барған. Онда да қыздың ықыласымен іске асқан. Қыздың өзі жүйрік атын жарау күйіне жеткізіп, уәделі күнге дейін қашып кетудің қамын ойластырған. Жолға қажет азығын дайындап алып сүйгеніне ілескен. Қазір мүлде танып-білмейтін адамды алып қаштық деген желеумен әкеледі де, түрлі қорқыту, үркітумен психологиялық қысым жасау арқылы көндіріп  жатады. Ал кейін жас жұбайлар жарасым таппай екіге айырылатын  жайт да жиі ұшырасады. Көпшілігі босаға аттап қойған соң амалсыз көндігетіндіктен де «шарасыздан шалға тидім» дейді. Таяқтың екі ұшы болатыны секілді,  бүгінгі күнде де ата-анасы қарсы болатын жайт та кезігеді. Басқа да тұрмыстық жағдайына байланысты сыңсу айтып ұзату тойын жасау қалтасына салмақ салатындықтан екі жастың өзара келісімімен  алып қашуды да естіп біліп,  көріп жүрміз.  Заңмен тыйым салғанда бұған да баса мән беріп, қыздың өз ырқымен  келгенін ескеру  керек деп санаймын», дейді Болат Бопайұлы.