24 қазан – Кітапханашы күні мерекесіне орай Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен, Ұлттық академиялық кітапхананың ұйымдастыруымен республикалық «Жас кітапханашы 2023: жаңа мүмкіндіктер уақыты» атты жастар лабораториясы өтті. Еліміздегі мемлекеттік кітапханалардың жас кітапханашылары қатысқан іскерлік кездесудің мақсаты – салаға келген жастардың мамандыққа деген сүйіспеншілігі мен кәсіби біліктілігін шыңдау, өзара тәжірибе алмасуына ықпал ету, іскерлік қабілеттерін дамыту болды.
Екі күнге созылған форумда республиканың түкпір-түкпірінен 50-ге жуық жас кітапханашы, қоғам, ғылым, мәдениет, білім салаларының өкілдері басқосты. Салтанатты ашылу рәсімінде сөз алған Мәдениет және ақпарат министрлігі, архив, құжаттама және баспа ісі комитеті, кітапханалар басқармасының сарапшысы – Дина Аманжолова, «Алтын қыран» қоғамдық қоры Маркетинг және жобалар департаментінің директоры Саят Жөкенұлы, «Дәулеттен» қайырымдылық қоры директорының орынбасары Бекзат Қайрат форумның маңызына тоқталып, жас кітапханашыларға сәттілік тіледі.
Алдын-ала әлеуметтік желіде ұйымдастырылған «Жас кітапханашы – 2023: жыл таңдауы» байқауына қатысқан 40 шақты үміткерден үздік деп танылған 10 маман кітапхана сахнасында өз жобаларын қорғап, бақ сынасты. Бар өнерлерін, іскерлік қабілеттерін ортаға салды. Осыдан соң кітапханашылар Назарбаев университеті, М.Нәрікбаев атындағы ҚазГУ, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ Ғылыми кітапханаларына, Ұлттық академиялық кітапханаға арнайы экскурсия жасап, сала бойынша мәдени, білім ошақтарында ұйымдастырылған панельдік, форсайт сессияларға, практикалық семинарларға, тәжірибелі мамандардың шеберлік, іскерлік сағаттарына қатысты.
Форумның екінші күнінде қатысушылар Ұлттық кітапхана директоры Ғ.Нұрғалиеваның жетекшілігімен өткен «Кітапхана индустриясындағы трендтер: әлеуметтік желіні стратегиялық қолдану және тиімді пайдалану» атты шеберлік сағатқа, кәсіби медиатор, бизнес-тренері Динара Карамакинаның «Медиация жастар арасындағы араздықтың алдын алу құралы ретінде» атты практикалық семинарға, модератор – Вероника Балгарскаяның «Инклюзия – принять нельзя отвергнуть» атты тренингіне қатысып, білімдерін жетілдірді.
Кәсіби мамандардың жетекшілігімен «Кітапханадағы жасанды интеллект: мүмкіндік әлде қауіп?» тақырыбында дискуссиялық панель, «Заманауи кітапхананың келбеті» Форсайт-сессиясы, «Кітапханадағы әлемдік ақпараттық ресурстар» атты семинарлар форум аясында жан-жақты талқыланып, жас мамандар «QUIZ» интеллектуалдар са-йысына қатысты. Одан соң ашық микрофон ұйымдастырылып, жас кітапханашылар өзара пікір алмасты, жастар лабораториясынан алған әсерлерімен бөлісті. Форумды қорытындылай келе, республикалық жастар лабораториясының резолюциясы қабылданды. «Жас кітапханашы – 2023: жыл таңдауы» республикалық байқауының қорытындысы жарияланып, жеңімпаздар анықталды. Байқау нәтижесі бойынша бас жүлде және «Dauletten» қайырымдылық қоры ұсынған – Дубайға жолдаманы Шығыс Қазақстан облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасының жас маманы Дана Бөкенова жеңіп алды. Үздік жобаларымен ерекшеленген Құлпынай Жасарал, Айгерім Абдухалимова, Ұлжан Рахымғалиева және Жадыра Жасұлан арнайы жүлдемен марапатталды. Оларға арнайы дипломдар және жоба демеушісі «Altyn Qyran Foundation» қоғамдық қоры ұсынған 100 мың теңге сыйлық табысталды. Сондай-ақ екі үміткер Астана қалалық кітапханалар жүйесі мен «Qalamger.kz» әдеби порталы тағайындаған арнайы сыйлықтарға ие болды.
Кітапхана саласына келген жастардың мамандыққа деген сүйіспеншілігін арттырып, кәсіби біліктілігін шыңдауды мақсат еткен іс-шара биыл екінші рет ұйымдастырылып отыр.