Бүгінгі таңда баламалы энергия көздерін пайдаланудың қажеттілігі күн өткен сайын артып келеді. Себебі электр энергиясынсыз ешбір жұмыс атқарылмайды. Далада да, қалада да тіршілік атаулыға жан бітіріп, жарық беріп тұратын электр қуатын күн мен желден өндіруде тың жобалар, ғылыми ізденістер жүзеге аса бастаған. Бұл жолда отандық ғалым, техника ғылымдарының докторы, академик Альберт Болотов ойлап тапқан баламалы энергия өндіруге қажетті құрал – желдік роторлы стансасын қолданудың өрісін кеңейтіп, ғалымның жұмысын жандандырып, баламалы энергия көзін өндіруді талғарлық Бақыт Шәкіров өзіне мақсат еткен.
Бақыт Шәкіров халық игілігіне жарайтын жобаны жүзеге асыруда аяғын «тұсаулап» жүрген жайттар барын жайып салды.
«Академик Альберт Болотов жүзеге асырған вертикальды роторлы стансаның тиімділігі зор. Бүгінде Кеген ауданының шаруа қожалығына орнатылып, пайдаланылып жатыр. Бұл жобаға шетелдіктер аса қызығушылық танытып келеді. Себебі алыс жерлерге электр энергиясын жеткізу өте қиын болғандықтан роторлы стансаларды қою ыңғайлы әрі тиімді. Жел энергиясының келешегі – өте зор. Өйткені жел экологиялық таза, оның қоры ешуақытта таусылмайды, арзан әрі тиімді болады. Мұны пайдалану табиғаттың экологиялық тепе-теңдігін бұзбайды. Біздің табиғатымыздың үзбей соғатын желін кәдеге жарату арқылы электр энергиясын еселеп өндірудің мүмкіндігіне әлі де көзжұмбайлық танытудамыз. Мамандардың дерегіне сүйенсек, желдің адам басына шаққандағы үлесі жағынан Қазақстан бірінші орынға шығатын көрінеді. Сондай-ақ одан атмосфераға зиянды қалдықтар мен залалды бу жіберілмейді. Дамыған елдерде жел энергиясын пайдалану өзекті мәселеге айналған. Мысалға айтсақ, Германияда атом стансалары тоқтатылып, барлық электр қуатының 20 пайызы табиғи желден алынатын көрінеді. Ал біздегі бұл көрсеткіш небәрі 3 пайыздан аспайды», дейді Б.Шәкіров.
Оның айтуынша, Қазақстанда жылына 26 мВт электр энергиясы өндірілетін болса, нақтылы 29 мВт тұтынылады. Сонда бұл көрсеткішке жетпейтін 3 мВт энергияны Ресей мен Қырғызстаннан сатып алуға мәжбүрлік бар. Яғни елімізде электр қуатының тапшылығы жылдан-жылға артпаса, кемімек емес.
Елімізде электр энергиясына тапшылықты болдырмау, отандық электр энергиясы саласын жаңарту қажеттігін Мемлекет басшысы қыркүйектегі «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында атап айтты. «Түптеп келгенде, Қазақстан электр қуатын басқа жақтан алмауға тиіс, яғни көршілес елдерге тәуелді болмауы керек. Біздің қазіргі ахуалымыз мәз емес. Бұл – ең алдымен, мемлекеттік қауіпсіздік мәселесі. Жалпы, қай жағынан алып қарасақ та, бұған мүлде жол беруге болмайды», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Б.Шәкіров осы бір тапшылықтың орнын толтыруда жел энергетикасын дамыту арқылы тығырықтан шығуға болатынын жылдар бойы алға тартып келеді. Бұл бағытта ұлы, өндірісті автоматтандыру саласы бойынша PhD Қуаныш Мүсілім ғылымның соңғы жетістіктерін пайдалана отырып, жаңа технологиялардың көмегімен жел электр стансаларын жетілдіруді қолға алған.
«Академик Болотовтың жобасы пропеллерлі емес, роторлы станса болуымен ерекшеленеді. Яғни жел қалақшалары дөңгелек шеңбердің ішінде вертикальды түрде орналастырылады. Дәстүрлі пропеллерлі стансалардың қалашықтары желдің жылдамдығы секундына 22 метрден асқанда шағылып қалу қаупі туындайды. Оған Жоңғар қақпасында марқұм З.Нұрқаділовтің бастамасымен салынған құны өте қымбат малайзиялық жел электр стансасының жылдар бойы құр босқа қаңырап тұруы дәлел. Ал біз айтып отырған роторлы стансалар жел секундына 50 метр жылдамдықпен соқса да жұмысын еш кедергісіз атқара береді. Оның тағы бір ерекшелігі, желдің бағытына еш тәуелді емес, 360 градус айналып соқса да электр қуатын өндіруге қауқарлы. Жыл он екі ай бойы қыста Ебінің, жазда Балқаштан соғатын Сайқанның желі бір дамыл таппайтын Жоңғар қақпасындағы табиғаттың тылсым құбылысын ауыздықтап, адам игілігіне пайдаланар болсақ, еліміздегі электр энергиясына деген сұранысты арттырып қана қоймай, тапшылықты жоюға мүмкіндік туар еді. Бүгінде бұл жоба Жоңғар қақпасындағы пошта мекемесінде де жұмыс істеп тұр», дейді Бақыт Мүсілімұлы.
Отандық өндірісті дамытып, энергия тапшылығын жоюда аса маңызды жобаны арқалап жүргеніне біраз жылдың жүзі болғанымен, әзірге тиісті министрліктер тарапынан қолдау болмай тұрғанына налыған Бақыт Мүсілімұлы тиімділігі орасан зор жобаны сатып алуға шетелдік компаниялардың қызығушылығы басым екенін жасырмады.
Десе де, энергетика саласындағы сүбелі жобаның өз елінде жүзеге асып, игілігін ел-жұрты көруін қалайтын елжанды азаматтар «еститін Үкімет» орнап, Әділетті Қазақстанның саясаты жүзеге аса бастаған тұста жарқын істерінің аяқсыз қалмауынан үмітті.
Жасы жетпіске жақындап, самайын қырау шалған азаматтың ісіне кесе-көлденең кедергі келтіріп тұрған заңсыздықтардың да жолы кесілмей тұрғаны қынжылтады. Бұл – табаны күректей 30 жылға жуық қызмет еткен Талғар қаласындағы эксперименталды құю-механикалық зауытына (ТЭЛМЗ) меншік иесі ретінде бас сұға алмауы. Кеңестік кезеңде егіс алқаптарын суаруға, көгалдандыру жұмыстарына қажет құбырлар өндіруде алдыңғы орынға ие, мыңға жуық адам жұмыс істеген зауытта шеберден бастап, бас инженерге дейін көтерілген Б.Шәкіров жекешелендіру жылдары аталған зауыттың 62,5 пайыз акциясына иелік етеді.
«Жекешелендірудің талаптарына сәйкес, бірінші кезекте зауыттың салыққа қарызы мен жұмысшылардың еңбекақысын төлеуге міндеттелдік. Кәсіпорынның жетекшісі болып қызметіме кіріскеннен кейін бір жыл ішінде 20 млн теңге салық 8,5 млн теңге жалақы қарызы мен 137 млн теңге дебиторлық-несие қарызын өтедік. Өндіріске 185 млн теңге инвестиция құйылды. Сөйтіп, кәсіпорын төрт жыл ішінде аяғынан нық тұрып, қуатын толыққанды атқара бастады. Білікті мамандар мен тәжірибелі жұмысшыларды тұрақтандыру, олардың әлеуметтік мәселелерін жеңілдету мақсатында балабақша салып бердік. Бірақ бұл қуанышымыз көпке созылмады. Тұрақты табыс көзіне айналған кәсіпорынға көз алартқан шенді азаматтар менің 62 пайыздық үлесіме қарамастан, заңды белінен басып, менің сыртымнан шешім шығарып, ақыр аяғында кәсіпорыннан шеттетілдім. Кейін келе балабақшаны мемлекетке 259 млн теңгеге сатып, қаржысын да қалтасына басып алған. Кәсіпорынның атауын өзгерту арқылы мені акционерлер қатарынан заңсыз шығарып тастаған іс-әрекеттерін сотқа бердім. Әділдіктің жолын таба алмай шырғалаңға түскеніме де 20 жылға жуықтады. Зауыттың бастапқы атауын қалпына келтіріп, акция иелеріне қайтару жайлы сот шешімі шыққанына қарамастан, сот орындаушылары сиырқұймышақтатып келеді. Қолымда заңды құжаттардың барын қайтейін, сот шешімі орындалмағалы 17 жыл болды. Бәлкім, бұл әділдікке Әділетті Қазақстан жағдайында жететін болармын. Президент Қ.Тоқаев қол қойған «Заңсыз иемденілген активтерді қайтару туралы» заңының пәрмені тиер», дейді Бақыт Мүсілімұлы.
Меншігіндегі зауытқа иелік етіп, жұмысын қайта жаңғыртса, жел электр стансасына керек құрылғылар мен бөлшектерді шет елдерден сатып алмай, өзінде өндіруді жоспарлап отыр. Өйткені құны АЭС-тен он есе арзанға түсетін әрі экологиялық қауіп-қатері жоқ жел электр стансалары елімізге орасан зор пайдасын тигізетініне сенімді.
«Меншігімдегі зауыт қайтарылып, заманауи технологиямен жабдықталатын жел электр стансалары салынса, бес облыс электр қуатымен жеткілікті көлемде қамтамасыз етіледі. Жоба құны шамамен 1 млрд теңгені құрайды. Егер жоба жүзеге асар болса, 1 кВт электр құны 2 теңгеге түседі. Ал қазіргі уақытта 1 кВт бағасы 8,31 теңгеден айналып жатыр. Бұл – тұтынушылар үшін өте қымбат. Қарапайым халыққа қолжетімді шағын электр стансаларынан бастап, ірі көлемде электр қуатын өндіретін құрылғыларды жасауға болар еді. Жоғарыда айтқан Жоңғар қақпасының алапат мүмкіндігін пайдалана отырып, Қонаев қаласының маңынан жаңартылатын энергия көздерін көбейтіп, шеткері ауылдарға, электр жарығына жарымай отырған шаруашылықтарға, кәсіпорындарға дейін қамтамасыз етуге мүмкіндік туар еді. Ең бастысы, иесіз қаңырап қалған кәсіпорын қайта жанданып, зауыттың өзіне ғана 800-ден аса адам жұмысқа оралып, жүздеген білікті инженердің қызметке тартылатыны сөзсіз. Зауыттан жасалып шыққан электр сатнсаларын орнатумен, құраумен айналысатын адамдар саны еселеп артары анық. Бұған қоса бұл зауытта газ тасымалдау құнын арзандататын құрылғыларды жасап шығару мүмкіндіктері де қарастырылып отыр», дейді «Талғар эксперименталды құю-механикалық зауыты» ЖШС-нің меңгерушісі Бақыт Шәкіров.
Ал әзірге отандық өндірісті дамытып, еліміздің энергетика саласына соны серпін беруге ниетті Б.Шәкіровтің әр күні әділдік іздеумен өтіп жатыр.
Алматы облысы