Cауда және интеграция вице-министрі Қайрат Балықбаевтың төрағалығымен тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі ведомствоаралық кеңестің IV отырысы өтті. Оған мемлекеттік органдардың, «Атамекен» ҰКП басшылары және Қазақстан тұтынушыларының республикалық қауымдастығының өкілдері қатысты.
Кеңеске қатысушылар ұялы байланыс қызметтеріне, интернет-провайдерлерге тарифтерді көтерудің, сондай-ақ рекреациялық, туристік, қонақүй бизнесі нысандарының тұтынушылардың құқықтарын бұзуының проблемалық мәселелерін талқылады. Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің басшысы Асқар Тынысбеков осы салалар бойынша тұтынушылардың шағымдары мен өтініштерінің өскенін атап өтті.
«2021-2022 жылдармен салыстырғанда телекоммуникация саласына қатысты өтініштер саны 2,5 есеге артты. Тәуелсіз әлеуметтік зерттеу нәтижелері 10 мың респонденттің интернет-провайдерлердің қызметтеріне наразылығын көрсетеді. Байланыс қызметтерін көрсету Заңы мен ережелерінің талаптарын байланыс операторлары елемейді, бұл халық тарапынан үлкен наразылық туғызады және жедел және жүйелі шешімді талап етеді», деді спикер.
А.Тынысбеков тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы мемлекеттік органдарды үйлестіру жөніндегі уәкіл атынан Цифрлық даму министрлігіне осы мәселеге көңіл бөлуді, тиісті шаралар қабылдауды ұсынды.
Статистикалық деректер көрсетіп отырғандай, тұтынушылар өтініштерінің саны жыл сайын 20%-ға артады. Айталық, уәкілетті органға 2020 жылы тұтынушылар тарапынан 21 мың өтініш түссе, 2022 жылы шағымдар саны 30,2 мың өтінішке дейін ұлғайған. Үлес салмағы бойынша шағымдардың басым бөлігі: бөлшек сауда саласында – 14,3 мың, тұрмыстық қызмет көрсету саласында – 4,7 мың, электрондық сауда саласында – 2,6 мың. Ал ең үлкен өсім қоғамдық тамақтандыру нысандарында қызмет көрсету – 2,8 есе, көлік және байланыс қызметтері – 2,5 есе, медициналық қызметтер саласында 2 есе болды.
«Алайда аталған фактілер тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы істердің нақты жай-күйін көрсетпейді, өйткені барлық тұтынушы бұзылған құқықтарды қорғау үшін мемлекеттік органдар мен тұтынушылардың қоғамдық бірлестіктеріне жүгіне бермейді», деді сала басшысы.
Кеңес барысында тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы жаңа заң жобасының негізгі аспектілері таныстырылды. Атап айтқанда, тұтынушылардың шағымдарын қараудың көп сатылы жүйесін қалыптастыру, кәсіпкердің тұтынушының пайдасына азаматтық-құқықтық жауапкершілігі, Заңның мәртебесін күшейту және тұтыну саласындағы мемлекеттік органдарды салааралық үйлестіру, тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша омбудсмен институтын енгізу, электрондық сауданы тұтынушылардың құқықтарын қорғау нормаларын оның күндізгі нысанымен үндестіру сынды мәселелер көзделген.
Жалпы, елімізде тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың барлық жүйесі тұтынушының құқықтарын қамтамасыз ету алгоритміне негізделген. Ол үшін тұтынушылардың шағымдарын қараудың үш сатылы жүйесі енгізілген. Бірінші кезеңде сатушы, қызмет көрсетуші сатып алушының, тұтынушының шағымын өз бетінше немесе тұтынушылардың құқықтарын қорғау ұйымдарын тарта отырып қарауға міндетті. Бұл шағымдарды бірден бейбіт жолмен шешуге болатын алғашқы кезең. Бұл жағдайда үкіметтік емес ұйымдар дауды сотқа дейін реттеу субъектілері ретінде әрекет етеді.
Екінші саты мемлекеттің қосылуын қарастырады. Яғни егер сатушы келіскісі келмесе, шағым Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетіне немесе басқа мамандандырылған органға жіберіледі. Мысалы, егер сатушы таразыға артық салмақ қосып қойса немесе интернет-дүкен тауарды жібермесе, онда бұл алаяқтық ретінде есептеледі және Ішкі істер министрлігіне қатысты жұмыс болып табылады.
Сотқа жүгіну, іс жүзінде, шағымды қараудың соңғы сатысы. Қазіргі таңда сот жүйесі тұтынушылардың мүдделерін қорғауға барынша ынта танытып отыр.
Тұтынушыларға да, бизнеске де және мемлекеттік органдарға да ыңғайлы болуы үшін 2021 жылдан бастап шағымдарды қабылдау мен қараудың бірыңғай ақпараттық жүйесі e-tutynushy.kz іске қосылған.
Күн тәртібіндегі мәселелер жөнінде «Атамекен» ҰКП туризм департаментінің директоры Дамиля Құнанова, Қазақстан тұтынушыларының республикалық қауымдастығының және қоғамдық тамақтану қауымдастығының басшылары өз пікірлерін білдірді.
Отырыс қорытындысы бойынша Туризм және спорт министрлігіне, техникалық реттеу және метрология комитетіне ұлттық стандарттарды оңтайлы мерзімде әзірлеп, оларды рекреациялық, туристік, қонақүй бизнесі салаларында қолдануды енгізуге ұсыныстар жасалды. Телекоммуникация комитетіне интернеттің сапасы мен жылдамдығын өлшеу үшін тиісті жабдықтарға өңіраралық байланыс инспекцияларын қамтамасыз ету мәселелерін пысықтау ұсынылды.
Қоғамда, күнделікті өмірде тұтынушылар құқығының қорғалуы, сақталуы – аса маңызы мәселе. Айта кеткен жөн, тұтынушылардың шағымдарын талдау нәтижелері Үкімет жанынан құрылған Тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі ведомствоаралық кеңесте жыл сайын қаралып келеді. Бүгінгі таңда тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың ұлттық жүйесі 19 мемлекеттік орган мен 200-ден аса үкіметтік емес ұйымдардың жұмысын қамтиды.