27 елден келген 238 компания. Бұл – дәстүрге айналған «KazAgro/KazFarm-2023» халықаралық аграрлық көрмесіне қатысушылар саны. Көрмеде агроөнеркәсіп саласындағы жаһандық инновациялық жобалар көпшілік назарына ұсынылды.
«KazAgro» өсімдік шаруашылығына арналып, онда негізінен тұқым селекциясы, заманауи технология мен жабдықтар, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру, логистика бойынша қызметтер көрсету сынды мәселелер көтерілді. Ал «KazFarm» – эмбриондардан бастап, дайын өнімге дейін және мал шаруашылығының әртүрлі салаларындағы қызметтерге дейін толық қамтылған отандық мал шаруашылығы мен ет-сүт өнеркәсібінің көрмесі.
Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың айтуынша, ауқымды көрме – ауыл шаруашылығы мамандары мен жобаларын бір арнада тоғыстыратын, бірегей алаңқай.
«Қазақстанда болып жатқан соңғы жылдардағы климаттың өзгеруі мен су тапшылығы жағдайында технологияның осындай өзгерістерге бейімделуі қажет екенін түсініп отырмыз. Бұған мысал – барлық жерде су үнемдеу технологиясын енгізу. Біздің елімізде мемлекет суару жүйелеріне шығындардың жартысын өтеу, сондай-ақ барлық қажетті инфрақұрылымды жүргізу арқылы оларды қолдануды ынталандырады. Сапалы тұқымдар, минералды тыңайтқыштар және өсімдіктерді тиімді қорғау жақсы егіннің кепілі болғанымен, табысқа жету үшін дұрыс агротехнологияларды қолдану қажет», деді ол.
Сол себепті, осы көрме бағдарламасына дөңгелек үстелдер мен семинарлар енгізілген, онда білікті агросарапшылар өз тәжірибелерімен бөліседі екен. Мұндай көрмелер отандық фермерлердің сенімді өнім беруші мен серіктес табуына, жаңа агротехнологиялар туралы білуге және оларды өндіріске енгізуге мүмкіндік беретін көрінеді.
Министр пайымынша, еліміз қазір Орталық Азия мен Ауғанстанды азық-түлікпен қамтамасыз етіп отыр. Бұдан басқа тағы бірнеше елге өнімдер экспорттайды. Сондықтан мұндай көрмені ұйымдастыру арқылы жаңа инвестор табудың да мүмкіндігі мол болмақ.
Көрме аясында жаңашыл өнімдер көп таныстырылды. Соның бірі – Budan компаниясы өндіретін жүгері тұқымы.
«Бізде жүгері тұқымын тазарту және калибрлеу зауыты бар. Америкалық өндіріс жабдықтары, орнату кезінде ол ең озығы болды. Біздің генетика Белград қаласындағы «Земун Поле» жүгері институтынан шыққан. Әлі күнге дейін онымен ынтымақтастықты жалғастырамыз, олардың генетикасын да, жергілікті жағдайларға бейімделген өз генетикамызды да көбейтеміз», дейді Budan бас директоры Нұрлан Сақаулов.
GESA Agro компаниясы V-AGRO деп аталатын минералды микротыңайтқышты алып келген. Компания өкілдерінің айтуынша, бұл –табиғи өсу стимуляторларына, фитогормондарға және сигналдық молекулаларға негізделген соңғы әмбебап препарат. Оны дәнді және техникалық дақылдарға, көкөніс, шөп, картоп және жидектерге, жылыжайларға қолдануға болады. Қай ел үшін де азық-түлік қауіпсіздігі мен халық денсаулығы бірінші орында екенін ескерсек, мұндай өнімдерге фермерлер тарапынан үлкен қызығушылық туындайтыны түсінікті.
Көрме барысында тек елеулі жетістіктер емес, кемшіліктер де сөз болды. Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтановтың айтуынша, елдегі ауыл шаруашылығы паркінің 70 пайыздан астамы тозып тұр.
«Мұнда әлемдік концерндердің жаңа ауылшаруашылық техникалары, сонымен бірге, инновациялық агротехнология, құрылғылар мен мал шаруашылығы саласындағы түрлі дайын өнімдер ұсынылып жатыр. Қазір министрлік инвестициялық субсидиялау жобасын әзрілеуге кірісті. Кәсіпкерлер ауыл шаруашылығына арналған машиналарды сатып алған жағдайда мемлекет оның 30-50 пайыз аралығындағы құнын төлеп береді. Үш жыл ішінде біз ауыл шаруашылығы техникаларын жаңарту қарқынын 8-10 пайызға жеткізуіміз керек. Қазір ол бізде 4,4 пайыз деңгейінде. Яғни жұмысты екі есе арттыруға тура келеді. Кешеден бастап жеңілдетілген лизингпен ауыл шаруашылығы техникаларын беруге өтінім қабылдай бастадық. Ол алғашқы төлемсіз жүзеге асырылады. Несиелеу мерзімі – жылдық 6 пайызбен 10 жылға дейін», деді министрлік өкілі.
Көрме бағдарламасы шеңберінде AgriTech бағыты бойынша технологиялық болжауға қатысты дөңгелек үстел де ұйымдастырылды. Негізгі тақырып – мал шаруашылығы, өсімдік шаруашылығы, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу, машина жасау, биотехнология, цифрландыру саласындағы форсайттық зерттеулердің нәтижелерін талқылау.
«Цифрландыру және инновация – агроөнеркәсіп кешенін дамытудағы ең өзекті бағыттар. Аграрлық сала экономикамыздың нақты қозғалтқышы бола алады және ол үшін осы бағыттарды нақты дамыту қажет. Сондықтан біз ғылымымыздан заңнамалық қолдауды талап ететін қандай да бір ұсыныстарды көрсек, депутат ретінде оларды тыңдауға және жұмысқа қабылдауға дайынбыз», деді Мәжілістегі АӨК комитетінің төрағасы Серік Егізбаев.
ExpoGroup компаниясының директоры Шолпан Қожабаеваның айтуынша, көрме бірнеше міндеттерді қатар шеше алатын қабілетке ие. Біріншіден, бізде әлемдік деңгейдегі отандық компания жоқ деуге болады. Көрменің көмегімен отандық мамандар биік деңгейге талпына бастайды, бұл өз кезегінде Үкіметті де ойландырады. Екіншіден, мұндай шараға осал компания келмейді. Қай-қайсы да бәсекеге қабілеттілік деңгейі жоғары ұжымдар. Ондай компания өнімдерінің де сапалы болары белгілі. Шетелдік сапа қазақ кәсіпкерлерін де ынталандырса керек. Үшіншіден, көрмеге ауыл шаруашылығына аса қажетті түрлі тауарлар мен техникалар әкелінеді. Тиісінше, техника иесімен тікелей келісім жасасу, мәмілеге келу мүмкіндігі жоғары. Тізбелей берсек, көрме игілігі көп-ақ.
Сарапшылар алдағы уақытта ауыл шаруашылығы дақылдарының отандық сұрыптарын іріктеу және көбейтуге, селекциялық жұмысты жақсарту үшін малды индекстік бағалауды енгізуге мән беру керек деп отыр.