• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 23 Қазан, 2023

Қаһарман полицей

218 рет
көрсетілді

Бұқар жырау аудандық полиция бөліміндегі учаскелік полиция инспекторы Медет Асқаровты ел ішінде осылай атайды. Бір емес, бірнеше адамды ажалдан аман алып қалған азамат мұнысын қызметтік міндетіне емес, адамдық борышына балайды.

Былтыр жазда Медет Ақылбекұлы Ботақара кентіне жақын жердегі өзеннен екі адамды құтқарып қалған. Ростовка ауылының учаскелік полиция инспекторы Батырхан Сейдығалиев Медетке хабарласып, көмек сұраған. Медет өзенге жедел жетіп, суға сүңгіген. Әлгіндегі әріптесі де екі келіншекті құтқармақшы болған екен, бірақ абдырап қалса керек, ол да су ортасында қалған. Тәртіп сақшысы әуелі әріптесіне қол созады. Одан кейін әріптесі екеуі суға батып бара жатқан екі келіншекті жағаға алып шығады.

– Құрбым терең жаққа қарай жүзіп кетіп, суға бата бастады. Мен көп ойланбай құтқару үшін соңынан жүзе бердім. Бір мезетте мен де бата бастадым. Бізді құтқармақшы болған Батырхан есімді полиция қызметкері де су иірімі қатты болғандықтан, суға тұншыға бастады. Сол сәтте Медет Ақылбекұлы жедел жетіп келді де, үшеуімізді құтқарды. Ерлігіне бас иеміз. Сөйтсек, біз батқан жерге шомылуға болмайды екен. Дәп сол жерде судың көзі бар дейді. Әйтеуір, Медет есімді полицейді Құдай жіберіп, аман қалдық. Кейіннен Медеттің үнемі осындай ерлікке барып жүретін инспектор екенін білдік, – дейді Инга Көшербекова.

Тілеген есімді ауыл тұрғыны қас қарайған шақта жұмысынан үйіне бара жатып, жақында ғана алған жаңа көлі­гімен аударылады. Көлік жүргізушісі шошынып қалған болу керек, есік ашуға қау­қары болмайды. Абырой болғанда, мұны жол үстінде келе жатқан Медет Асқаров байқап қалады.

– Ауа райы қолайсыздығына байланысты аздаған боран, көктайғақ еді. Рөлге ие бола алмай, көлікті аударып алдық. Көлігіміз әрі-бері лақтыра бастады. Екі рет аударылып түстік. Есімнен танып қалыппын. Көк түтіннің иісі шыға бастады. Енді бірде көлігімнің ішінде қауіпсіздік белдігін босата алмай жатқан кезде Медет келіп, әуелі қасымдағы жолаушыны құтқарып, сыртқа шығарды. Құдай сақтасын, Медет болмағанда көлігіміз өртеніп, соның ішінде қалып қояр ма едік. Тәртіп сақшысына алғысым шексіз, – дейді Ботақара кентінің тұрғыны Тілеген Сәкенов.

2018 жылы Ботақара кентіндегі көпқабатты үйдің бірінен өрт шығады. Сол жолы қаһарман полицей бес баланы қызыл жалынға оранған үйден сыртқа аман алып шығады. «Бір әйел омыраудағы баласымен далаға шығып құлап, көмек сұрады. Ол «Балаларымды құтқар, үйде өрт болып жатыр, қара түтін алып кетті», деді. Үйіне жүгіріп кіріп, еңбектеп алып іздедім. Қолыма аяғы іліккен балаларды сыртқа шығарып отырдым. Әйелім де қасымда еді. Ол жедел жәрдем шақырды», дейді тәртіп сақшысы.

Медет Ақылбекұлының елге адал қызмет етуге ант қабылдағанына 16 жыл­­дан асыпты. Осы уақыт аралығында ішкі істер саласындағы түрлі қызметті ат­қарады. Қай қызметте жүрсе де абыройлы болған азаматтың бар ойлағаны – елдің құқығын қорғау. Екінші бір міндеті – елдің амандығы үшін отқа да, суға да түсу.

Жоғарыдағы ерліктері ескеріліп полиция қызметкері министрліктің «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медалімен наградталды. Мемлекет басшысының Жарлығымен қызметтік борышын атқару кезінде көрсеткен батылдығы мен жанқиярлығы үшін II дәрежелі «Айбын» орденін кеудесіне тақты. Бір айта кетерлігі Медеттің барлық бауыры құқық қорғау саласында еңбек етеді. Шаңырағындағы екі ұлы да әкесі секілді елдің алғысын алатын полицей болуды армандайды.

 

Қарағанды облысы,

Бұқар жырау ауданы