Шаруасын дөңгелетіп, өзімен бірге өзгелердің де нәпақа айыруына сеп болып отырған шаруашылықтың бірі – «Құлжановтар» қожалығы. Маңғыстау ауданының «Нысап» жерінде мал өсіріп, егін егумен айналысып келе жатқан шаруашылықтың жұмысы жолға қойлыған.
Жиырма үш жылдан бері дала төсінде шаруасын күйттеген қожалықта бүгінде 70 бас жылқы, 200 бас қой-ешкі, 40 түйе, 20 сиыр бар. Мал-жан жерасты суын өндіретін фонтан арқылы суарылады. «Қалауын тапса, қар жанар» демекші, шаруашылық иелері мал өсірумен бірге егін егуді де қолға алып, тәп-тәуір өнім алып келеді. Тіпті екі жылдан бері су көзі жанынан салынған алаңда мөңке балығының 1 500 шабағы өсіріліп-бапталып отыр.
Бұл шаруашылық Маңғыстау даласының табиғатына кез келген өсімдік түрі өсе бермейді деген сыңаржақ пікірді жартылай болса да жоққа шығарды деуге болады. Олар егін шаруашылығы бойынша жалпы 35 га жерге қоршау жасап, 2022 жылы ашық топырақта 2 га қауын-қарбыз егіп, 50 тонна көлемінде өнім жинап, ауыл-аймақты жергілікті таңсық дәммен қамтамсыз етуге өз үлестерін қосты. Сондай-ақ 2019 жылы 1,5 га жерге жоңышқа егіліп, күні бүгінге дейін өнім алынып келеді, қосымша 150 түп жеміс ағашын да отырғызды.
Климаты құрғақ Маңғыстау өңірінде кейбір жылдары жауын-шашынның тапшылығы ұшырасып тұрады. Сол себепті шаруашылықта 2022 жылдан бастап диаметрі 548 м (25 га) жерді қамтитын, Түркия елінен әкелінген шеңберлі жаңбырлатқыш құрылғысы орнатылды. Өткен жылдан бастап облыстық «Ботаникалық эксперименталдық бағы» үш жыл мерзімге шаруа қожалығында шөптесін өсімдіктерді өсіруге тәжірибе жүргізіп бастады. Шаруашылық иелері «Нысап» жері маңынан шабындыққа алынған 2 500 га жерден 8 000 түк шөп дайындап, Жармыш, Шетпе халқына қол жетімді бағада сатып отырды.
– Шаруашылығымыздың жұмысын жетілдіре жүргізу басты назарда. Өзіміздің күшімізбен бірге мемлекеттік қолдаулар да бізге демеу болып отыр. 2022 жылы 1 трактор, 1 шөпшапқыш, 1 тырма, 1 шөптайлағыш, 1 соқаны лизингке алып, мемлекеттен 5 млн теңге көлемінде субсидия берілді. 2021 жылы қуаңшылыққа байланысты жемшөпке Үкімет резервінен бөлінген қаржыдан 1 070000 теңге көмек қаражат берілді, бұл – біз үшін көмек, – дейді шаруашылық басшысы Ыбырай Құлжанов.
Маңғыстау облысы