Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік наградалар мен сыйлықтар тапсыруға арналған салтанатты рәсімде егемендік декларациясы қалай қабылданғанын айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Шын мәнінде, егемендік декларациясын қабылдау оңайға соққан жоқ. Еліміздің ұлттық құрамы біркелкі емес еді. Сол кездегі Парламентте, яғни Жоғарғы Кеңесте және бүкіл қоғамымызда ұзақ пікірталас, қызу талқылау болды. Құжаттың әр сөзін, әр бабын қорғауға тура келді. Әлихан Бөкейхан «Бостандыққа апаратын жалғыз жол – ұлттық ынтымақ қана» деген. Ел ағалары халқымыздың ардақты ұлының бұл өсиетіне адал болды. Олар жауапты сәтте ұйымшылдықпен ұлт мүддесін қорғай білді. Ақжолтай құжат жұртымыздың талап-тілегіне сай жазылды, отаншыл азаматтардың ақыл-парасатының арқасында қабылданды. Олардың сын сағаттағы батылдығын нағыз ерлік деп бағалауға болады», деді Мемлекет басшысы.