Кейінгі онжылдықта ел экономикасының түрлі саласында, оның ішінде IT саланы дамытуда үлкен серпіліс жасалды. Цифрлы үдеріс – экономика дамуының көрсеткіші. Бұл бағытқа мемлекетіміз стратегиялық басымдық беріп отыр.
Ресми деректерге сүйенсек, елімізде мемлекеттік қызметтердің 90 пайызы онлайн ұсынылады. Өзге елдермен салыстырғанда, бұл – жақсы нәтиже. Ел азаматтары қандай қызметтерге үйден шықпай-ақ жүгіне алады, тізіп көрейік. Кейінгі жылдары еGov mobile қолданбасы белсенді дамып келеді. Қазір электронды цифрлық қолтаңба құралына айналып үлгерді. Бұл жүйеде 29 цифрлы құжат қолжетімді әрі қағаз құжаттарымен қатар танылған. Бүгінде мобильді қосымшаның көмегімен азаматтар құжаттарға 557 мың рет қол қойған. Мысалы, нотариаттық құжаттарды рәсімдеу электронды түрде жүзеге асырылады. Кейінгі тоғыз айда 18 мыңнан астам сенімхат берілген. Азаматтар нотариусқа бармай-ақ бірнеше минут ішінде құжаттарды куәландыра алады. Үйде отырған аналар да қазір мемлекеттік мекемелерге барып, табалдырық тоздырып жүрмейді. Қазіргі уақытта жаңа туған нәрестені тіркеудің 68 пайызы онлайн форматта жүзеге асырылады.
«Құжаттардың түпнұсқаларын өзіңізбен бірге алып жүрудің қажеті жоқ. Бұл өте қолайлы. Алдағы уақытта біз көптеген мемлекеттік қызметті проактивті түрде ұсынуды көздеп отырмыз, яғни мемлекеттік қызметтерді алу үшін Халыққа қызмет көрсету орталықтарына жүгінудің қажеті болмайды. Қазірдің өзінде 23 мемлекеттік қызмет проактивті нұсқада ұсынылады. Мәселен, бала тууға байланысты көрсетілетін мемқызметтерді алсақ, жаңа босанған ана бір хабарлама арқылы растаса болды, баланың туу туралы куәлігі автоматты түрде рәсімделеді. Болашақта мұндай проактивті қызметтер қатары арта түседі», деген еді Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин.
Қазақстан 198 ел арасында мемлекеттік қызмет көрсету индексі (PSDI) бойынша 6-орында тұр. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі финтехтердің өскенін ескеріп, 17 мемлекеттік қызметті банк платформаларына шығарған. Банктік қосымшалар арқылы автокөліктерді қайта рәсімдеу қызметі басқа елдерде жоқ, бірақ бізде бар. Автомобильдерді сатып алу немесе сату бойынша мәмілелердің 55 пайызы тек онлайн режімде өтеді. Астанада өткен Парламент палаталарының бірлескен отырысында Мемлекет басшысы Үкіметке Қазақстанды IT мемлекетке айналдыруды және 2026 жылға қарай ақпараттық қызметтер экспортын 1 млрд долларға дейін жеткізуді тапсырған еді.
«Most» компаниясының зерттеуінше, Қазақстанның венчур нарығындағы жария мәмілелері 65,1 млрд теңгеге бағаланған. Сонымен қатар мәміленің орташа сомасы жылдан-жылға өсіп келеді. Бұл жергілікті стартапшылардың қомақты инвестицияларға дайын екенін көрсетеді.
Проактивті саясаттың нәтижесінде халықтың IT салаға деген қызығушылығы арта түсті. Мұны ақпараттық технологиялар, информатика және есептеу техникасы факультеттеріндегі студенттер санының өсуінен-ақ көруге болады. Инновациялық экономиканы құруға қажетті кадрлық базаны толықтыратын жеке бағдарламалау мектептері де ашылған. «Tech Orda» бағдарламасы аясында мамандықты игергісі келетіндерге ваучерлік жүйе бойынша алдыңғы қатарлы жеке IT мектептерде оқыту мүмкіндігі қарастырылған. Мысалы, қазіргі уақытта осы бағдарлама бойынша 2 мыңнан астам адам IT мамандықты игеріп, 450 мың теңгеден жоғары жалақы алып отыр. Бағдарлама аясында 83 IT мектеп аккредиттеліп, 3 273 IT ваучер, яғни грант берілді.
IT саласы дамуының бір көрсеткіші – Astana Hub. Бұл – ел аумағында, бүкіл әлемде жоғары технологиялық компанияларды тіркеу, дамыту ісімен айналысатын IT стартаптардың халықаралық технопаркі. Оның негізгі мақсаты – стартап мәдениетін дамытып, нығайту, инновациялық жобалар арқылы ел экономикасын көтеру. Басым технологиялық орталықтар ретінде төрт бағытты атап көрсетуге болады: Блокчейн, 5G, GameDev, SpaceTech. Мақсатты аудиториясы стартаптарға, венчурлық инвесторлар мен бизнес-періштелерге, отандық және шетелдік IT компанияларға, IT саласы мамандары мен әуесқойларға арналған.
Astana Hub-та екі даму бағдарламасы жүзеге асырылады. Біріншісі – акселерация. Іріктеу критерийлеріне сәйкес стартапты жедел дамыту үшін жетекші жаттықтырушылар 300 сағаттан астам кеңес береді. Сондай-ақ табысты кәсіпкерлердің тәлімгерлік бағдарламалары өткізіледі. Екіншісі – инкубациялық бағдарлама. Мұнда қатысушыларға бірыңғай коворкингке, білім базасына, сарапшылардан кеңес алуға және қаржыландырудың бірінші раундын тартуға көмек беріледі. «Astana Hub» аумағында зертханалар, пікірталас клубтары, академиялар мен алаңдар да жұмыс істейді.
Кейінгі жылдары аймақтық IT хабтар құру да бір ізге түсті. Өңірлік IT хабтар инновациялық жобаларды дамытып, ақпараттық технологиялар саласында білікті мамандар даярлауға көмектеседі. Өңірлік IT хабтарды дамыту – «Astana Hub»-тың басым міндеттерінің бірі. Биылғы мақсат – өңірлік IT хабтардың санын көбейту. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өңірлік деңгейде инновациялық экожүйені кеңейтудің маңыздылығы туралы жиі айтып жүр. Бұл мақсатта Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен «Astana Hub» және жергілікті атқарушы органдар айтарлықтай жұмыс атқарып келеді. Жыл басынан бері еліміздің Семей, Қызылорда, Талдықорған, Тараз, Өскемен, Орал, Түркістан, Ақтөбе, Қостанай, Көкшетау, Павлодар қалаларында IT хабтар ашылды.
Елімізде 16 мың IT компания, 182 мың маман бар. 2023 жылдың бірінші жартыжылдығында IT қызмет ел экономикасына 476,8 млрд теңге алып келген. Демек өнімді арттыратын өндірушілер де артуы қажет. Осыған орай Мемлекет басшысы 2025 жылға қарай кем дегенде 100 мың жоғары білікті IT маманды даярлау міндетін қойып, тапсырма берген еді. Премьер-министрдің ресми ресурсына сүйенсек, отандық жоғары оқу орындарының IT факультеттеріндегі студенттер саны артып келеді. Сондай-ақ әр өңірде заманауи IT мектептер салу саясаты да жүзеге асырылып жатыр. Ондай мектептер инновациялық экономиканы құруға қажетті кадрлық базаны толықтыра түседі.
«Менің цифрландыру ісіне және инновацияны енгізу мәселесіне баса мән беретінімді баршаңыз білесіздер. Біздің маңызды стратегиялық міндетіміз – Қазақстанды ІТ-мемлекетке айналдыру. Цифрландыру ісінде нақты жетістіктеріміз де жоқ емес. Біз электронды үкіметті және финтехті дамыту индексі бойынша әлем көшбасшыларының қатарында тұрмыз. 2026 жылға қарай ІТ қызметтерінің экспортын 1 млрд долларға жеткізу – Үкіметке жүктелетін жаңа міндет», деген еді Президент.