• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Президент 24 Қазан, 2023

Егемендік – басты құндылығымыз

226 рет
көрсетілді

Қасым-Жомарт Тоқаев Рес­пуб­лика күні қар­саңында Ақор­­­да­да бір топ аза­­мат­­­қа мемле­кет­тік наг­­­радалар мен сый­­лық­тар тапсырды. Ол ең алдымен ұлт­­тық мерекенің мән-маңызына тоқталды.

– Бұл – қазақтың мемлекеттілік дәстүрі қайта жаңғырған тарихи күн. Көк түріктер дәуірінен, Алтын Орда, Қазақ хандығы заманынан келе жатқан елдігіміз тамырын тапқан күн. Бұл – Алаш арыстарының азаттық жолындағы арпалысы ақталған күн. Халқымызда «Егемен болмай, ел болмас» деген сөз бар. Осыдан 33 жыл бұрын тарихи әділдік орнады. Қазақстанның Мемлекеттік егемендігі туралы декларация қабылданды. Осы маңызды құжат жұртымыздың азаттық алуына жол ашты. Ақжолтай құжат жұртымыздың талап-тілегіне сай жазылды, отаншыл азаматтардың ақыл-парасатының арқасында қабылданды. Олардың сын сағаттағы батылдығын нағыз ерлік деп бағалауға болады. Біз қазір Әділетті Қазақстанды құрып жатырмыз. Сондықтан өткен заманның қайраткерлеріне, олардың еңбегіне лайықты, әділетті баға беріп отыр­уымыз керек, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің жетістіктері туралы айта келе, адам капиталын жақсартуға бағытталған оң өзгерістерге назар аударды.

– Көп ұзамай халқымыздың саны 20 миллионға жетеді. Бұл еліміздің тұрақты дамуының айқын көрінісі деуге болады. Бір сөзбен айтқанда, азаматтарымыз өз ұрпағының жарқын болашағына және еліміздің ертеңіне сеніммен қарайды. «Ұлттық қор – балаларға» бастамасын жүзеге асыру үшін тиісті заң қабылданды. Небәрі екі айдан кейін балаларымыздың есепшотына қаржы түсе бастайды, – деді Мемлекет басшысы.

Президент аймақтарды жан-жақты дамыту мәселесін мемлекеттік саясаттағы маңызды бағыттың бірі ретінде атап өтті.

– «Қуатты аймақтар – қуатты мемлекет» дегеніміз – жалаң ұран емес. Бұл – Әділетті Қазақ­станды құруға қажетті ең басты қағидат. Біз был­тыр еліміздің әкімшілік-аумақтық құры­лымы­на бірқатар өзгеріс енгіздік. Сол арқылы кейбір облыстың дамуына тың серпін бердік. Менің тапсырмаммен ауыл-аймақты дамыту тұжырым­дамасы қабылданды. Бұл құжаттың мән-маңызы зор. Аймақтарда әлеуметтік, инженерлік және көлік инфрақұрылымын құру – басты міндет. «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлт­тық жо­басы басталды. Осы жобаның аясында 655 амбу­латория және фельдшерлік-акушерлік ны­сан салынады, құрал-жабдықпен толық қамтама­сыз етіледі. Бұған қоса 20 ауданаралық көпбейінді емхана ашылады, ал 12 емхана заман талабына сай жаңарады. Яғни төрт миллионнан астам ауыл азаматына сапалы дәрігерлік қызмет көрсетіледі. Елімізде «Жайлы мектеп» жобасы қолға алынды. 2026 жылға дейін барлық аймақта жүздеген жаңа мектеп бой көтереді. Ауылдарда 100 спорт орталығы ашылады. Сондай-ақ 650 мәдениет ошағы салынады және жөнделеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Қазақстанның «елдің ішінде де, айналасында да бейбітшілік», «әр алуандық арқылы – бірлікке» деген қағидаттарды әрдайым берік ұста­натынын мәлімдеді. Оның айтуынша, Қазақстанның алдында бұрын-соң­ды болмаған жаңа сын-қатерлер тұр. Осы күрделі кезеңде мемлекетіміздің орнық­ты дамуы өте маңызды. Біз болашаққа сеніммен қараған біртұтас Қазақ елін күллі әлемге танытуымыз керек.

– Егемендікке қол жеткізу оңай емес, ал оны сақтап тұру тіпті қиын. Шын мәнінде, Тәуелсіздік – бәрінен қымбат. Тәуелсіздікті сақтау, бұл, ең алды­мен, тұтас ұлттың жауапкершілігі. Біз еге­мендікті тынымсыз еңбекпен, мызғымас бірлікпен күн сайын қорғауымыз керек. Ең бастысы, еліміздегі тұрақтылықты сақтауымыз қажет. Себебі тыныштық болмаса, басқаның бәрі бекер. Әлемдегі ахуалдың қандай күрделі екенін көріп отырсыздар. Беделді халықаралық сарапшылар Қазақстанды бейбітшіліктің бесігі деп атайды. Қазір біз аймақтың мәдени-рухани орталығына айналдық. Биыл шетелдің өнер ұжымдары елімізде 200-ден аса мәдени іс-шара өткізді. Бұл – тұрақтылықтың, тыныштықтың айқын көрінісі. Мұны басқаларға үлгі-өнеге деу­ге болады. Ал тұрақсыздық жайлаған елге ешкім ұмтыла қоймасы анық. Бейбітшілік – біздің басты байлығымыз. Оның қадіріне жетіп, бағалай білу – бәрімізге ортақ парыз. Мұны еліміздің әрбір азаматы, әсіресе өскелең ұрпақ терең түсінуі қажет, – деді Мемлекет басшысы.

Президент «Адал азамат» ұғымына айрықша тоқталып, жастарды құнды­лықтарды бағалауға шақырды.

– Елімізде жүзеге асырылып жатқан әрбір бастама, ең алдымен, сіздерге арна­лады. Қазіргі реформалардың игілі­гін көретін де, елдік істерді жалғас­тыра­тын да – сіздер. Бүгінгі жастарды Қазақстанның келбеті деуге болады. Шын мәнінде, кез келген мемлекетті тұрғындарына қарап бағалайды. Яғни біздің қандай ел боларымыз өскелең ұрпаққа байланысты. Сондықтан жас­тарымыз отаншыл, білімпаз, еңбекқор, үнемшіл, әділ әрі жанашыр болуы қажет. Жастар спортпен, денешынықтырумен айналысуы керек. Мен мұны үнемі айтып жүрмін. Осы құндылықтарды барынша насихаттап, тарату қажет. Сонда жеке адамның қасиеті тұтас ұлттың қасиетіне айналады. Жастар кез келген өзгеріске бейім болады. Әр нәрсені бойына тез сіңіреді. Мен сіз­дерді жақсыдан үйренуге, жаманнан жи­ренуге шақырамын. Ұлы Абай айт­қан бес нәрседен қашық, бес нәрсеге асық болыңыздар. Сіздер дәріптеген құндылықтар қоғамда тез орнығады. Сіздер қолдаған өзгерістер жылдам жүзеге асады. Бәріміздің тілегіміз – бір, бұл – қоғамымызда жаппай әділеттік орнату. Ендеше, мақсатымызға бірге жетейік, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент мемлекеттілік тұғырын нығайта түсу үшін заң үстемдігін орнықтыру өте маңызды деп санайды. Мемлекет басшысының айтуынша, Әділетті Қазақстанды құру үшін құқықтық мәдениетті дамыту қажет.

– Заңсыздық, тәртіпсіздік, мәдениет­сіздік елді жарға жығады. Мұндай жағымсыз үрдістерге бүкіл қоғам болып қарсы тұруымыз керек. Ал тәртіпке бағынған қоғам өркениетті болады. Бұл – заңдылық. Әр азамат еліміздің заңын құрметтесе, береке-бірлік те, бақуатты тұрмыс та болады. Яғни заң толығымен орындалса, төрт құбыламыз түгел болмақ, – деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы елімізде кейінгі екі жыл ішінде іске асырылып жатқан реформаларға тоқталып, оның қоғам санасын өзгертуге ықпалы туралы айтты.

– Біз біртіндеп қоғамды өзгерту және демократия қағидаттарын енгізу жолынан айнымаймыз. Әлемде саяси және экономикалық ахуал құбы­лып тұрған заманда заң және құқық үстем­дігін қамтамасыз ету өте маңыз­ды. Екі жылға да жетпейтін аз уақытта елімізде іске асырылған реформалар халықтың саяси сана-сезімін едәуір өзгертті. Енді жұртымыз мемлекетті басқарудың бұрынғы тәсілін қайтаруға жол бермейтініне сенімім мол. Реформалардан кейін өткенге қайта оралмаймыз. Өзгерістер әлі жалғасады және мемлекетіміздің сипатын толық өзгертеді. Бірақ біз реформаны жүзеге асырғанда, ең алдымен, ішкі саяси тұрақтылықтың маңыздылығын естен шығармауымыз керек. Әйтпесе, Қазақстанның мемлекеттілігіне зор қауіп-қатер төнуі және оның салдары ұлт болашағы үшін өте ауыр болуы мүмкін. Сондықтан мен әрбір азамат заң мен тәртіпті сақтауы керек деп үнемі айтып жүрмін. Біз сөзбен де, іспен де қоғамды ортақ мақсатқа жұмылдыруға және жалпыұлттық бірлікті нығайта беруге тиіспіз. Халқымыз азат ел болып, мықты әрі әділетті мемлекет құру туралы арманын береке-бірлігінің арқасында ғасырлар тезінен аман алып шығып, ақиқатқа айналдырды. Бүгінде біздің мемлекеттілігіміз қарқынды дамыған егемен республиканың өркениетті әрі құқықтық сипатына ие болды, – деді Президент.

Президент сөзін қорытындылай келе, еліміздің дамуына елеулі үлес қосқан бір топ азаматқа жоғары мемлекеттік наградалар, сыйлықтар мен атақтар табыс етті.

– Тәуелсіз елдің табысын арттыруға азаматтарымыз маңдай терімен үлес қосып жүр. Шын мәнінде, табанды еңбек зор табысқа жеткізеді. Барлық саланы, әсіресе өндірісті білікті мамандар дамытады. Сондықтан біз бір ел болып қоғам­да еңбекқорлықты дәріптейміз. Адал еңбек пен жауапкершілік жаңа қоғамдық этиканың өзегі болуы керек. «Еңбегіне қарай – құрметі» деген. Еңбегімен дараланып, көпшіліктің құр­метіне ие болған азаматтың бірі – көр­некті мемлекет және қоғам қайрат­кері Бақтықожа Ізмұхамбетов. Ол мұнай-газ саласында, өндірісте және мемлекеттік қызметте ұзақ жыл бойы табысты жұмыс істеді. Оның өмір жолы өскелең ұрпаққа өнеге болары сөзсіз. Бүгін мен елімізге орасан зор еңбек сіңірген қайраткер Бақтықожа Салахатдинұлына «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын беру туралы шешім қабылдадым, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар Президент басқа да салада, соның ішінде ауыл шаруашы­лығында өнімді еңбек етіп жүрген азаматтар туралы айта келе, осындай нағыз еңбек адамының бірі ретінде Сыр елінің азаматы Имамзада Шағыртаевтың есімін атады. «Оның ауылы да, шаруасы да көпшілікке үлгі болып отыр. Табысқа жеткен әрбір жан өз ауылына дәл осылай қамқор болса, нұр үстіне нұр болар еді. Аймақты дамытуға орасан зор үлес қосқан Имамзада Қуанышбайұлы бүгін «Қазақстанның Еңбек Ері» атағына ие болды», деді Мемлекет басшысы.

Президент еліміздің дамуына елеулі үлесін қосып жүрген еңбек адам­дарының қатарында ұстаздар қауымы­ның орны ерекше екенін айтты. Бүгінгі заман білімнің дәуірі болғандықтан, сондықтан білімпаздық ең басты қасиеттің біріне айналуға тиіс екенін тілге тиек еткен Мемлекет басшысы: «Мұғалімнің мәртебесін көтеріп, жағдайын жақсарту өте маңызды. Астанада өткен Ұстаздар съезінде бұл мәселеге арнайы тоқталдым. Өйткені ұстаздар қауымы ұлттың жаңа сапасын қалыптастырады. Мұғалім болып, ұрпақ тәрбиелеу – қасиетті миссия. Елімізде мыңдаған адам осы міндетін адал атқарып жүр. Олар күнделікті еңбегімен Қазақстанды дамытуға зор үлес қосып жатыр. Сол себепті мұғалімдердің қоғамдағы орны ерекше болуға тиіс. Ұстазға барлық жерде құрмет көрсетілуі керек. Бірнеше жыл бұрын менің тапсырмаммен «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атағы белгіленді. Жақында бір топ педагогті өзім арнайы марапаттадым. Осы игі үрдіс бүгін де жалғасын таппақ» деп, елу жыл бойы ұрпаққа білім мен тәрбиені қатар беріп келе жатқан Семей қаласындағы №7 мектеп-лицейдің математика пәні мұғалімі Алма Шүкежанованы «Қазақстанның Еңбек Ері» атағымен марапаттау туралы шешім қабылдағанын жеткізді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен биыл «Қазақстанның Халық жазушысы» және «Қазақстанның Халық әртісі» атақтары қайтадан беріле бастады.

– Ұлттың руханиятын дамытып, рухын көтеруге қаламгерлеріміз ерекше ықпал етеді. Бұған дейін «Қазақстанның Халық жазушысы» атағын қайтару туралы бастама көтерілді. Мен Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайдың отырысында осы ұсынысқа қолдау білдірдім. Құрметті атақ ширек ғасырдан соң жазушыларымызға қайта беріле бас­тады. Төл әдебиетімізді дамытуға зор үлес қосқан бір топ көрнекті қаламгер бүгін «Қазақстанның Халық жазушысы» атанды.

Менің тапсырмаммен «Қазақстанның Халық әртісі» атағы да қайтарылды. Бұл атақ бұрынғыдай театр, кино, музыка және тағы басқа өнер саласының елімізге танымал тарландарына беріледі, – деді Президент. Сондай-ақ ол биыл көктемде өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІ сессиясында ел бірлігін және қоғамдық келісімді нығайтуға үлес қосқан азаматтарды арнаулы «Ел бірлігі» ордені­мен марапаттау туралы  тапсырма бергенін атап өтті.

– Мемлекет еліміздің ғылым саласын дамытуға, ғалымдарымыздың жетістіктері мен еңбегін бағалауға айрықша мән береді. Биыл Әл-Фараби атындағы ғылым мен техника сала­сындағы мемлекеттік сыйлық Қазақ­станның Ұлттық ядролық орталығының ғалымдар ұжымына берілді. Орталық атом-энергетикасы саласында теңдессіз зерттеулер жүргізіп, әлемдік деңгейдегі озық әзірлемелер жасады.

Қауіп-қатерден қаймықпай, өзгенің өмірін құтқару – нағыз ерлік. Мұндай адамдар шынайы құрметке лайық. Бүгін осындай бірнеше азаматты марапаттаймын. Жалпы, еліміздің дамуына әр аймақтың тұрғындары, әр саланың мамандары зор үлес қосып жүр. Біз оларға әрдайым құрмет көрсетеміз. Мемлекеттік марапатты, ең алдымен, халықтың алғысы деп түсінген жөн. Шын мәнінде, туған елдің ықыласынан артық ештеңе жоқ. Ендеше, жұрттың ризашылығын алып, табысты еңбек ете беріңіздер! – деді Президент.

Салтанатты жиыннан кейін Прези­дент Қасым-Жомарт Тоқаев Респуб­лика күніне арналған концертті тамашала­ды. Ме­рекелік іс-шара «Астана Опера» теат­рын­­да өтті.

Концертте Әлібек Дінішев, Роза Рымбаева, Майра Мұхамедқызы, Айгүл Үлкенбаева, Димаш Құдайберген, басқа да белгілі мәдениет қайраткерлері, сондай-ақ хореографиялық топтар мен симфониялық оркестр өнер көрсетті.