Еліміздің ең басты мерекесі – Республика күні қарсаңында Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов депутаттар мен аппарат қызметкерлеріне Президенттің атынан мемлекеттік наградаларды тапсырды.
Жиналғандарды құттықтаған Мәжіліс төрағасы былтыр 25 қазан Мемлекет басшысының ұсынысымен Республика күні ретінде қайта жаңғырып, оған ұлттық мереке мәртебесі берілгенін атап өтті.
– Республика күні – Қазақстанның дербес мемлекет ретінде қалыптаса бастауының бірінші баспалдағы. Ол – біздің Тәуелсіздігімізге жасалған тарихи қадам. Бұл – ұлтты ұйыстыратын, патриотизмге тәрбиелейтін, елімізді жаңа жетістіктерге жетелейтін мейрам, – деді Е.Қошанов.
Мәжіліс төрағасы Республика күнінің қайта жаңғыруы, шын мәнінде, ақжолтай оқиға болып, содан бері елімізде көптеген іргелі өзгеріс болып жатқанына тоқталды.
– Сегізінші сайланған Парламент Мәжілісінің депутаттары ретінде біз Президентімізбен бірге әділетті Қазақстанды қалыптастыру жолында еңбек етеміз. Депутаттық корпус өкілдері сол реформалардың басы-қасында болып келеміз. Парламентте тарихи заңдар мен ел тағдырын айқындайтын маңызды құжаттар қабылдаумен айналысып отырмыз, – деді Палата төрағасы.
Сонымен қатар Ерлан Қошанов Мемлекет басшысы да, халық та депутаттық корпустың, жалпы, Мәжілістің белсенді де тиімді жұмысына жоғары баға беріп отырғанын айтты.
Салтанатты жиында Палата төрағасы депутаттар мен Мәжіліс аппаратының қызметкерлеріне Президенттің құттықтауы мен алғысын жеткізіп, Мемлекеттік наградаларды тапсырды.
Мемлекет басшысының Жарлығымен «Парасат» орденімен Мәжіліс депутаттары Ермұрат Бапи, Ерлан Барлыбаев, Еркебұлан Мәмбетов марапатталды. Ал депутаттар Нұрлан Әуесбаев, Снежанна Имашева, Юлия Кучинская, Магеррам Магеррам, Ардақ Назаров, сондай-ақ Мәжіліс Аппаратының бөлім меңгерушілері Зәуре Иманбергенова мен Майраш Көзжанова «Құрмет» орденімен марапатталды.
«Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағын Қазыбек Иса алды. «Ерен еңбегі үшін» медалі Мәжіліс депутаттары Ерлан Әбдиев, Олжас Құспеков, Таңсауле Серіков және Мәжіліс Аппаратының бөлім меңгерушілері Мұхтар Ибраймов пен Қонысбай Түсіпжановқа табысталды.
Ерлан Қошанов Мәжіліс Аппараты мен Материалдық-техникалық қамтамасыз ету басқармасы қызметкерлеріне Мәжіліс төрағасының Алғысхаттарын тапсырды.