Республика күні қарсаңында ел дамуына елеулі үлес қосып жүрген бір топ азамат мемлекеттік марапаттарға ие болды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени-рухани дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі, белсенді қоғамдық қызметі үшін бірқатар азамат мемлекеттік наградалармен марапатталды.
Олардың қатарында өндірістік саланың, бизнестің, білім беру, денсаулық сақтау салаларының көрнекті өкілдері, әскери қызметшілер, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, спортшылар, еңбек ардагерлері, мәдениет және ғылым қайраткерлері бар. Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева салтанатты жиынға қатысушыларды ұлттық мереке – Республика күнімен құттықтады.
«1990 жылы 25 қазанда егемендік туралы декларация қабылданды. Бұл біздің Тәуелсіздігімізге деген алғашқы маңызды қадам болды. Өткен жылы Қасым-Жомарт Кемелұлының бастамасымен Республика күніне ұлттық мәртебе қайтарылды. Бұл күн бүкіл еліміздің рухын көтеретін және оның болашағын нығайтатын жалпыхалықтық бірліктің символына айналды. Игі дәстүр бойынша Мемлекет басшысының Жарлығымен елдің мәдени-рухани дамуына елеулі үлес қосқан бірқатар азамат жоғары наградаларға ие болды. Өз еңбектеріңізбен сіздер ұлттың, мәдениеттің, әдебиеттің, өнердің рухани байлығын дамытуға ықпал етіп келесіздер. Президенттің тапсырмасы бойынша сіздерге лайықты марапаттарды тапсыруға рұқсат етіңіздер», деді А.Балаева.
«Парасат» орденімен «Еуразиялық медициналық қауымдастық» ЗТБ басқарма төрағасы Надежда Петухова, «Құрмет» орденімен «Қазақ ұлттық өнер университеті» РММ профессоры Роза Мұқанова және қоғам қайраткері, Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Ләззат Рамазанова марапатталды. Ал «Egemen Qazaqstan» газетінің ардегері Қайсар Әлім «Құрмет» орденін, осы басылымның жауапты хатшысы Самат Мұса «Еңбек ардагері» медалін иеленді. Сондай-ақ елуден астам адам «Ерен еңбегі үшін» медалімен, ведомстволық наградалармен, құрмет грамоталарымен және алғысхаттармен марапатталды.
«Біз сіздерге әрқашан қолдау көрсетеміз және Отан игілігі үшін жұмыс істеуді жалғастыруларыңыз үшін жағдай жасаймыз. Сіздердің жас ұрпақты тәрбиелеуге қосып жүрген өлшеусіз үлесіңіз бен жарқын болашаққа деген ұмтылысыңызға баға жетпейді. Бұл біздің елімізді өркендететін негізгі факторлар», деп сөзін қорытындылады Мәдениет және ақпарат министрі.