• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Оқиға 26 Қазан, 2023

Аягөзде қаза тапқан балалар туралы тың деректер жарияланды

884 рет
көрсетілді

Абай облысы Аягөз қаласында болған өрттен қаза тапқан балалар туралы жаңа ақпарат пайда болды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қайғылы оқиға 25 қазан күні Абай облысы Аягөз қаласында болған. Жекеменшік үйден өрт шығып, оқыс оқиға салдарынан 4 бүлдіршіннің ғұмыры қыршыннан қиылды. Қаза болған балалардың ең үлкен егіздері небәрі 8 жаста, ал інілері 3 және 2 жаста болған. 

Бұл отбасын жақсы білетін Аягөздік тұрғынның айтуынша, әкесі Бауыржан Аягөз қаласындағы Қазығұл ауруханасында жедел жәрдем көлігінің жүргізушісі. Анасы Арай Наурызбаева жұмыссыз.

«Отбасы шағын мал шаруашылығымен айналысып, сүт өнімдерін сатады. Аудандық басшылар 1989 жылғы «Volkswagen Passat» көлігі бар, табысы көп деп мемлекеттен алып отырған АӘК-ті кесіп тастаған. Анасы 4 балаға нәпақа болсын деп сүт сатады. Базарға жүгіріп барып келгенде құлыншақтарының орнын сипап қалған. Отбасының тұрып жатқан үйі Бауыржан Файзуллиннің ата-анасына тиесілі. Арай да, Бауыржан да ес-түссіз күйде қалды», деді қала тұрғыны massaget.kz сайтына берген ақпаратында.

Сондай-ақ балалардың үйде жалғыз қалғандары анықталды. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова «Өзгеріс дәуіріндегі еңбек нарығы» атты халықаралық конференция кулуарында айтты.

«Қазіргі уақытта комиссия жұмыс жүргізіп жатыр. Балалардың әкесі жедел жәрдем қызметінде жұмыс істейді, анасы азық-түлік алуға шығып кеткен. Балалар үйде жалғыз қалған. Негізі балаларды жалғыз қалдыруға болмайды. Комиссия өз шешімін шығарады. Біздің тарапымыздан тек қана жәрдемдесу – психологиялық қолдау көрсету», деді министр.

Абай облысы Полиция департаментінің хабарлауынша, жазатайым оқиғаға байланысты сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталды.

«Аягөз қаласында жас балалардың көміртегі тотығынан қайтыс болуына байланысты жазатайым оқиға фактісі бойынша Абай облысы ПД Аягөз аудандық полиция бөлімімен сотқа дейінгі тергеу басталды. Бірқатар сараптама тағайындалды, сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Өзге ақпарат тергеу мүддесінде, ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес жария етуге жатпайды», деп хабарлады департаменттен.