Мемлекет басшысы Жетісу облысының орталығында салынып жатқан жаңа шағын ауданда болып, құрылыс барысымен танысты, деп хабарлайды Egemen.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа жаңа шағын ауданда 41 тұрғын үй салынып жатқаны жөнінде баяндалды. 1510 пәтердің жалпы ауданы – 122,6 мың шаршы метр. Құрылысқа 28,3 миллиард теңге бөлінген.
«Осы шағын ауданда былтыр аумағы 44,1 мың шаршы метр болатын 509 пәтерлі 14 үйдің құрылысы аяқталған. Ал биыл жыл соңына дейін 783 пәтерлі тағы 21 үйді аяқтау жоспарланып отыр. Қалған 218 пәтерлі 6 үйдің құрылысы келесі жылы аяқталады. Жыл соңына дейін Талдықорған қаласы бойынша жалпы көлемі 155,2 мың шаршы метрді құрайтын 2 065 пәтер пайдалануға беріледі. Сондай-ақ 2024 жылы 2 375 пәтер салу жоспарланған. Бұдан бөлек, Қаратал өзенінің оң жағалауын дамыту қарастырылған. Жаңа шағын аудандарда алдағы уақытта 28 мыңнан астам адам тұрады деп болжам жасалып отыр. Бұл – қала халқының 14 пайызы. Осы мәселелерді ескере келе, азаматтардың жайлы тұрмысын қамтамасыз ету үшін қуаты сағатына 50 Гкал болатын газ қазандығы, сондай-ақ осы шағын ауданға 1200 орындық мектеп салынады», деді Талдықорған қаласының әкімі Ернат Бәзіл.
Кездесу соңында Президент Үкіметке аталған мәселелерді зерделеп, тиімді шешім қабылдауды тапсырды.