• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Үкімет 28 Қазан, 2023

Костенко шахтасындағы апат себебін арнайы комиссия анықтайды

244 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен Қарағанды облысында «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ның Костенко атындағы шахтасында орын алған апаттың себептерін тергеу және оның салдарын жою жөніндегі Үкіметтік комиссия құрылды, деп хабарлайды Egemen.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Оның құрамына Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр, Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов, Ішкі істер министрі Ержан Сәденов, Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова, Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев, құқық қорғау органдарының, Қарағанды облысы әкімдігінің, еңбек инспекциясының, «Қорғау» көмір өндірушілер кәсіподағының өкілдері және тағы басқалар кірді.

«Шахтадағы өрттің салдарынан топтық жазатайым жағдайдың себептеріне жан-жақты тергеу жүргізіледі. Сонымен қатар келтірілген залалды бағалау, зардап шеккендерге және қаза тапқандардың отбасыларына алғашқы көмек көрсету жөнінде шаралар қабылданады», делінген хабарламада.

Сондай-ақ Үкімет «АрселорМиттал Теміртау» АҚ акционерлерімен алдын ала уағдаластыққа қол жеткізгенін және кәсіпорынның меншік құқығын Қазақстан пайдасына беру туралы келісімшартты рәсімдеу аяқталып қалғанын хабарлады.