Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев facebook және Instagram әлеуметтік желілеріндегі парақшаларында Костенко шахтасында болған төтенше жағдайдан қаза тапқандардың жақындарына көңіл айтты және зардап шеккендердің тезірек сауығуына тілеулес екенін айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.
Сенат төрағасы facebook және Instagram парақшаларында: «Мемлекет басшысы бұл жағдайды тікелей өз бақылауына алып, Үкіметке кеншілердің отбасыларына барлық қажетті көмек көрсетуді тапсырды. Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін үкіметтік комиссия құрылып, тиісті жұмыстар басталып кеткенін де атап өткен жөн», деді.
Сондай-ақ Мәулен Әшімбаев әлеуметтік желілердегі парақшаларында Президенттің Үкіметке «АрселорМитталТеміртау» компаниясымен инвестициялық ынтымақтастықты тоқтатуды тапсырғанын атап, еліміздің Бас Прокуратурасы да сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстарын бастап кеткенін айтып өтті.
«Алдағы уақытта қолға алынған шаралар өз нәтижесін беріп, кінәлілер заң жүзінде жауапқа тартылады деп сенеміз және мұндай төтенше оқиғалар енді ешқашан қайталанбасын деп тілеймін», деп жазды Сенат спикері.