Маңғыстауда мың бояулы сурет әлемінің шеберлері аз емес. Талай додалардан жүлде алып, туған елдің өткені мен бүгінін, ел мен жерді, ұлттық құндылықтар мен тұрмыс-тіршілігімізді қаз-қалпында көз алдыңа көрікті картина етіп ұсынып жүрген суретшілер – тарихты қылқаламмен хаттаушылар.
Маңғыстау суретшілері ізгі жобаны қолға алып, өздерінің біліктілігін арттыру мақсатында Астана қаласына экспедиция ұйымдастырды. Мемлекеттік грант аясында 2023 жылдың мамыр-шілде айлары аралығында «Отпантау-Ұлытау» тақырыбындағы шараны «Ақтау қалалық Суретшілер одағы» қоғамдық бірлестігі мен Маңғыстау облысының мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы бірлесе ұйымдастырды.
Аталған экспедиция аясында қылқалам шеберлерінің шығармаларын кең ауқымда таныту үшін арнайы іріктеу жүргізілді. Астанада әр өңірден келген суретшілер жұмыстарының «Күзгі вернисаж» атты көрмесінде «Отпантау-Ұлытау» суретшілер экспедициясының жұмысы қорытындыланды. Сондай-ақ суретші Аймұрат Таңатовтың айтуынша, биыл шілдеде маңғыстаулық суретшілер Атырау, Батыс Қазақстан, Қызылорда және Түркістан облыстарына сапарлап, киелі орындарды аралап, шеберлік сыныптарын өткізген.
– Экспедиция «Қорқыт ата – Қожа Ахмет Ясауи кешені – Отпантау – Сарайшық – Бөкей ордасы» бағыттарын қамтыды. Экспедиция барысында өңір суретшілері осы тарихи орындарда пленэр ұйымдастырды, – дейді суретші А.Таңатов.
Бұл еліміздің киелі өңірлері жаңа картиналарда бейнеленеді деген сөз.
Маңғыстау облысы