• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Шахмат 30 Қазан, 2023

15 жастағы чемпион

226 рет
көрсетілді

Қазақстан шахмат федерациясы «Freedom Broker» компа­ния­сы­ның демеушілігімен «Шахмат керуені» жобасы аясында ел аралап жүр. Дәл Республика күні керуен Орал қаласына ат басын тіреп, ойлылар ойынның өңірдегі үздіктерін анықтады.

Қазақстан шахмат федерациясы президентінің кеңесшісі Олег Рябченконың айтуынша, бұл жоба елімізде интеллектуалды спорт түрін дамыту, кеңінен насихаттау үшін қолға алынған. Жоба бойынша «Шахмат керуені» екі ай ішінде 14 мың шақырым жол жүріп, ел аймағын түгел аралап, 10 қараша күні Түркістанға табан тірейді. Әр облыс­тың үздік­­терінен құралған 60 ойын­­­­шы өзара бәсекеге түсіп, гранд-финалдың жеңімпазы 5 млн теңге жүлдеге ие болмақ. Керуеннің жалпы жүлде қоры – 16 млн теңге.

– Бұл жарысқа әдейі әуес­­қой шахматшыларды ғана қатыстырып отырмыз. Өйткені шахмат секілді интеллектуал ойыны елімізде жалпыхалықтық сипат алға­нын қалаймыз, – деді Олег Рябченко.

«Шахмат керуені» жоба­сының Оралдағы кезеңін Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиұлы ашты.

– Елімізде халықаралық Эло рейтингіне кіретін 900-дей­­­ спортшы бар. Оның 15-і – халықаралық гроссмейстер атағына ие. Ал біздің облыс­та 9 мыңдай адам шахматпен жүйелі түрде айналысады. №2 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде, Мектептен тыс жұмыстар орталығында, Оқушылар сарайында,­ сон­дай-ақ Ақжайық, Бәйтерек, Бөрлі, Теректі, Қазталов ау­дан­­­­­дарында шахмат үйір­ме­лері жұмыс істеп тұр. Онда 500-дей бала бар. Өңірде жоғары білікті 20 жат­­тық­тырушы-ұстазымыз са­­бақ­­ береді. Өңірде ел намысын­ қор­ғап, кәсіби мансабын­да жо­ғары жетістіктерге қол жет­кізген, балалар үлгі тұ­та­тын, еліктейтін шахматшы­лар аз емес. Солардың ішін­де­ халықаралық гроссмейс­тер, жазғы Азия ойын­да­ры­ның жеңімпазы Мұртас Қажығалиев, жасөспірімдер арасындағы әлем чемпио­на­тының қола жүлдегері Әлібек Иғамбергенов, 20 жасқа дейінгі жастар ара­сындағы ел чемпио­ны­­ Жанат Сайын, 20 жасқа дейінгі қыздар арасындағы Қазақстан чемпионатының кү­міс жүл­дегері Айсезім Мұ­хит, 16 жасқа дейінгі ұлдар ара­сындағы «Aktau Chess Open» ашық турнирінде қола жүл­дегер атанған Александр Савин, ел Республикасы балалар кубогінің және жасөспірім қыз­дар арасындағы ел чем­пионатының күміс жүл­дегері Лаура Әбділдаева бар, – деді Н.Төреғалиев.

Осы күні Оралдағы тұң­ғыш Президент алаңында ұйым­дастырылған мерекелік іс-шара кезінде Қазақстан шахмат федерациясының облыстық филиалы ашылып, оның төраға­лығына Орал қаласының әкімі Миржан Сатқанов таға­йын­далды.

Осы іс-шараға орай арнайы құрылған мобильді киіз үйде швейцарлық жүйе бо­йынша 11 кезеңнен тұратын блицтен турнир өтті. Онда облыстық іріктеуден шыққан 20 адам өзара бақ сынап, үш жеңімпаз 10 қараша күні Түркістанда өтетін гранд-финалға жолдама алды. Олар – Төрехан Молбай (1-орын, 100 мың теңге), Дмитрий Данилов (2-орын, 50 мың теңге), Мирас Рушанов (3-орын, 30 мың теңге).

– Мен шахматты 4 жасымда әкемнен үйрендім. Содан бері тұрақ­ты айналысып келемін. Бүгін турнирде облыстың 20 мық­тысымен ойнап, 1-орын иелен­дім. Өзімнің жеткен же­тіс­­тігіме қуанып тұрмын, – деді киелі Түркістанда өте­тін фи­нал­ға жолдама алған 15 жас­та­ғы­ Төрехан Молбай.

Турнирде Айша Тұрсынова «Қыздар арасындағы үздік көр­сеткіш», Бексұлтан Ғұба­шев «16 жасқа дейінгі үздік ойыншы», Тайыр Жұма­­баев «50 жас­тан асқан арда­гер­ қатысушы» аталымдары­ бо­йынша марапатталып, әрқай­сы­сы­на 30 мың теңгеден ақшалай сый­лық табыс етілді.

Іс-шара аясында алдын ала тіркелген 10 әуесқой ойыншы шахмат олимпиадаларының жеңімпазы, ел чемпионы Роман Козловпен бір мезеттік ойын сеансына қатысты.

 

Батыс Қазақстан облысы