• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Саясат 29 Қазан, 2023

Бала қауіпсіздігі – басты мәселе

276 рет
көрсетілді

27 қазанда Игорь Роговтың төрағалығымен Президент жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті.

Жиын барысында еліміздегі балалар құқықтарын қорғаудың өзекті мәселелері және олардың шешу жолдары, сондай-ақ Экология және табиғи ресурстар министрлігінің азаматтардың қолайлы қоршаған ортада өмір сүру құқықтарын қамтамасыз ету жөніндегі қызметі тал­қы­ланды. Осы мәселелер бойынша Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев, Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Мансұр Ошурбаев баяндама жасады. Комиссия жұмысына Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, мемлекеттік органдардың өкіл­дері, Парламент депутаттары, омбудсмендер, халықаралық және үкіметтік емес ұйымдардың, адам құқықтарын соттан тыс қорғау инс­ти­тут­тарының, білім беру және ден­сау­лық сақтау ұйым­да­рының өкіл­дері қатысты.

Комиссия отырысында балалар  құ­қын қорғаудың өзекті аспек­тілері, оның ішінде білім алу, қосымша білім беру арқылы баланың дамуы, ерекше білім беру қажеттіліктері бар ба­ла­лардың және жетім балалардың мем­лекет тарапынан қамқорлық алу құқықтары талқыланды. Балалардың қа­уіпсіздігі мен олардың әлеуметтік ке­піл­діктерін талқылау отырыстың не­гіз­гі тақырыбына айналды.

– Елімізде 6,8 миллион бала бар және бұл көрсеткіш үнемі өсу үстінде. Әр жылы 400 мыңнан астам сәби дү­ниеге келеді. Қазір еліміздегі 7 мың­нан астам мектепте 3,8 млн бала білім алып жатыр. Олардың ішінде қамқорлыққа мұқтаж балаларға ай­рық­­ша көңіл бөлінеді. Оқу-ағарту ми­нистрлігі балалардың қолайлы және қауіпсіз білім алулары үшін барлық жағдайды жасап отыр. Соңғы 3 жылда үш ауысымды оқу және орын жетіспеу мәселесін шешу үшін елімізде 626 жаңа мектеп салынды. Биыл тағы да 130 мың оқушыға арналған 154 мектеп салынып жатыр, – деді Ғани Бейсембаев.

Бұдан бөлек, оқу-ағарту министрі елімізде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 740 мың орындық 369 мектеп құрылысы жоспарланып отырғанын жеткізді. Сондай-ақ министрлік «Білім берудегі өзгерістің 1000 көшбасшысы» жобасы аясында жайлы мектептер үшін директорлар корпусын әзірлеу жұ­мыс­тарын жүргізіп жатқанын айтты. «Ұлттық жобаны іске асыру, ең алды­мен, жаңа форматтағы мектептерді құруға, жайлы және қауіпсіз жағдай тудыруға, білім беру қызметтерінің сапасын арт­ты­руға бағытталған. Салынып жатқан мектептерді құрал-жабдықтармен, жи­һаздармен жабдықтауда отандық өнім­дер­ге басымдық беріледі. Бұл шаралар ұлттық жобада қарастырылған», – деді ол.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Үкімет балаларды зор­лық-зомбылықтан қорғау, суицидтің алдын алу, олардың құқықтары мен саламаттылығын қамтамасыз етудің 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарын қабылдады. Оқу-ағарту ми­нистрі Ғани Бейсембаев атап өткендей, мемлекеттің басты міндеттерінің бірі – балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. «Жоспарды әзірлеу кезінде балалар ортасындағы жағдайға егжей-тегжей талдау жасалды. Біз статистиканы зерттедік, балаларға қатысты зорлық-зомбылық туралы деректерді жинадық, қауіп факторларын анықтадық және зорлық-зомбылық жағдайында балаларға қандай ресурстар бар екенін білдік. Бұл талдау бізге басым бағыттарды нақтырақ анықтауға мүмкіндік берді», – деді министр.

Балаларға қатысты зорлық-зомбылық пен суицидтің тиімді алдын алу үшін құ­жатта 53 шара қарастырылған. Оқу-ағарту министрі осы бағыттағы профи­лак­тикалық жұмыстарды жүзеге асыру туралы егжей-тегжей айтып берді, сондай-ақ кешенді жоспар шеңберінде өткізілетін негізгі іс-шараларға тоқ­тал­ды.

Адам құқықтары жөніндегі комис­сияның төрағасы Игорь Рогов балабақ­ша­ларда, мектептер мен колледждерде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі шаралар білім беру ұйым­дарының жұмысындағы бірінші ке­зек­тегі міндеттер болуға тиіс екенін атап өтті. Сонымен бірге балаларды бул­линг пен қорқытудан қорғаудың өзекті мәселелеріне, ата-аналармен, тиісті мемлекеттік құрылымдармен, қо­ғам­дық ұйымдармен тығыз қарым-қатынас жасау қажеттігіне ерекше назар аударды.

Азаматтардың қолайлы қоршаған ортада өмір сүру құқықтарын қам­та­масыз ету мәселелері шеңберінде Мансұр Ошурбаев ластаушы заттар қал­дықтарын азайту, 94 кәсіпорында кешенді технологиялық аудит жүргізу бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Осы бағытта заңна­малық деңгейде инфрақұрылымды жолға қою мәселелерін шешу бойынша қа­былданған шараларға тоқталды.