• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Экономика 30 Қазан, 2023

Қазақстан-Қытай: Экономикалық байланыс негіздері

424 рет
көрсетілді

Өткен жылы Қазақстан мен Қытай арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толды. Осы қысқа мерзім ішінде екі ел берік мемлекет­аралық байланыстар орнатты. Қазір әлем алпауыт ел Қытайдың басқан ізін аңдып отыр. Сарапшылар түрлі болжам жасап, ғалымдар оның ірілі-ұсақты елдермен, әсіресе айналасындағы мемлекеттермен қарым-қатынасын жіті зерттеп келеді. Қазақстан мен Қытай арасындағы байланысты тіпті АҚШ сарапшылары зерделеп, ғылыми мақалалар да жазып тас­тады. Оның бер жағындағы Ұлы­британияның кішкентай ғана Ланкас­тер қаласында Қытай зерттеу орталығы бар. Бұл орталықта да Қытайдың Орта Азия елдерімен байланысын зерттеу жұ­мыстары қызу жүріп жатыр. Алдың­ғы қатарда Қазақстан тұр. Осы зерттеу­шілердің еңбектерін сараптап отырсақ, көбінің пікірі қазақ-қытай арасында дип­ломатиялық арақатынастың символикасы басым дегенге саяды.

Сарапшылар пікірі қандай?

«Covid-19 кезінен өз елінен аттап шық­паған ҚХР Төрағасының шетелге сапары Қазақстаннан басталғаны көп нәрсені аңғартады», дейді саясаттану ғылымдарының профессоры, Мичиган (АҚШ) университетіндегі Цифрлық ис­лам­тану бағдарламасының (DISC) директоры Паулина Джонс.

Паулина Джонс – кеңес одағының құрамында болған Орталық Азияның бес мемлекеті – Қазақстан, Қыр­ғыз­стан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өз­бекстанның тұтас ел болып қа­лып­­тасуын, ішкі-сыртқы саясатын зерт­теп жүрген ғалым. Халықаралық конфе­ренцияларда Қазақстанның сыртқы сая­саты туралы баяндама жасап, сұхбат та берді.

«Ресей мен Украина арасында қақты­ғыс басталғаннан кейін Қытай өзін аймақт­ық егемендіктің кепілі ретінде көр­­сетті, әсіресе Қазақстанды ерекше «қам­қорлығына» алды. Си Цзиньпин Covid-19 пандемиясынан кейінгі алғашқы мем­лекеттік сапарын Қазақстанға жасады, бұл кездейсоқ емес. Өйткені Қа­зақстан – бұл ел үшін орталық дәліз, мық­ты стратегиялық серіктес. Шанхай ын­тымақтастық ұйымының жыл сайын­ғы саммиті жоспарланғанға дейін бір күн бұрын екі елдің көшбасшылары «Еге­мендік, Ұлттық қауіпсіздік және аумақтық тұтастық мәселелері бойынша өзара қолдауға» уәде берді. Ресейдің Украи­наға қарсы қақтығысы неғұрлым ұзаққа созылса, Қытайдың Орталық Азия, оның ішінде Қазақстанды қорғауы со­ғұрлым көп уақытқа негізделеді», деген пікірде америкалық ғалым.

Қытай Қазақстанның экономикалық өсімінің басты серіктесі екені анық. Алайда Ибин университетінің Халық­аралық қатынастар, дипломатия және қауіп­сіздік кафедрасының доценті (Сы­чуань, ҚХР) Томас Амейо-Бробби секілді бірқатар сарапшы Қытайдың ықпалы басым екенін алға тартады. Десе де, көп зерттеуге сүйенсек, Қазақстанды Қытайға бағы­нышты деп айтуға болмайды. Мә­селен, Карнеги қорының Еуропалық бағдар­ламасының аға ғылыми қызметкері Филипп Ле Корре «Қазақстан ірі көршісіне тым тәуелді болса, олардың эко­номикасы мен егемендігіне қауіп төне­тінін біледі. Сондықтан мақсатын тепе-теңдік қарым-қатынасқа негіздейді. Қы­­тай әлемнің көптеген елінде ықпалды болғанымен, Қазақстанға бола алмайды», дейді.

ҚХР да Қазақстанға толықтай тәуелді бола алмайды. Қытайдың ұзақмерзімді стратегиялық бағдарламасы бойынша Қазақстан ең маңызды серіктес. Қытай әсіресе теңізден құрлыққа дейінгі сауда мен энергияға тәуелділігін сезінеді. ҚХР экономикасы үшін Қазақстан энергиясы өте маңызды.

«Бүгінде Қытай экологиялық мәселе­лермен бетпе-бет келіп отыр. Бұл мә­селелер қытайлық компанияларды шетелдерге шығуға итермелейді. Мұнай ресурс­тары мен нарықтық бәсе­кенің төмендігін ескере отырып, Қазақ­стан тиімді орналасуына байланыс­ты таң­далуы мүмкін. Мысалы, Қазақ­стан­ның синтетикалық маталарды өнді­руге іс жүзінде мүмкіндігі жоқ, ал Қы­тай химиялық қалдықтар мен көмір­тегі шығарындыларының жоғары деңгейімен байланысты осы өндірістен қол үзбек. Осыған байланысты Қытай үшін Қазақстанмен байланысты сақтау – оның сауда және энергетикалық тәуелділігін теңізден құрлыққа ауыстыру мақсатындағы қажетті қадам», деп көрсетеді өз зерттеуінде Бішкектегі ЕҚЫҰ академиясының Орталық Азиядағы Қытай мәселелері бойынша ғылыми қызметкері Нива Яу. Сон­дай-ақ АҚШ-тың Шығыс Азия мен бұрын­ғы кеңестік республикалар мәселелерін зерттейтін сарапшысы Эйтан Голдш­тейн де Қытайдың Қазақстандағы мүд­делерінің салмақты екенін айтады. Қытай – Қазақстан табиғи газ экспортының с­енім­ді тұтынушысы. Бұған Батыс Қазақстанның газ кеніштерін екі елдің ше­карасымен байланыстыратын құбыр­лар дәлел.

 

Миллиардтаған инвестиция, маңызды жоба

Ұлттық банктің деректеріне сәйкес, инвестиция көлемі 21 млрд доллардан асатын ҚХР Қазақстанның ең ірі инвесторларының бестігіне кіреді. Қы­тай тарапы он жыл бұрын іске асқан «Бір белдеу, бір жол» жобасы аясында елдің батыс өңірлерінде мультимодальды жүк тасымалдарының жаңа дәлізін салу жұмысын жеделдететінін мәлімдеді. Кейінгі жылдары екі ел арасында жүк тасымалы өсті. Қытай жүргіз­ген статистикаға сәйкес, 2022 жылдың қаңтар-қазан айлары аралығында Қа­зақстан мен Қытай шекарасындағы бір ғана «Бақты-Покиту» халықаралық автомобиль өткізу бекеті арқылы 265 мың тонна жүк тасымалданып, өткен жылдармен салыстырғанда 54 пайызға артқан. Осы кезеңде Қытайдың «Покиту» бақылау-өткізу бекеті арқылы тауар айналымының көлемі 1,67 млрд долларды құраған.

Өткен жылдың қараша айында Қа­зақстанда қытайлық «Changan», «Chery» және «Haval» маркілі автомобильдер шығаратын зауыттың құрылысы басталды. Өндіріс орны пайдалануға беріл­геннен кейін жылына 90 мыңнан аса автокөлік нарыққа шығарылады. Бұл жобаға салынған инвестицияның жалпы көлемі 100 млрд теңгеден асып, 2,2 мың жұмыс орны ашылады. Зауыт ел нарығын жаңа автомобильдермен толтырып, инвестиция тартады, жаңа тұрақты жұмыс орындары құрылып, бюджетке құйылатын салықтар легі артпақ.

Осылайша, қытайлық инвестициялар негізінен өндіріс пен инфрақұрылымды құруға жұмсалады. Қазақстанда тау-кен ме­таллургия кешенінде, өңдеу өнеркә­сібінде, энергетика және басқа да салаларда 3 мыңнан аса қазақ-қытай бірлес­кен кәсіпорын жұмыс істейді. Мысалы, «Бір белдеу, бір жол» бастамасы ая­сында Шығыс Қазақстан облысында «Тұр­ғұсын-1» шағын гидроэлектро стансасы салынды. Ол осы аймақтың энергия жүйесін «көгалдандыру» арқылы таза энергия өндіреді. Ал Қостанай облысында қытайлық «Genertec» (CMC) компаниясы «Сарыарқаавтопроммен» бірге «JAC» брендінің жеңіл автомобильдерін ірі және шағын торапты құрастыру әдістерімен шығарып жатыр. Бұған қоса Қытайдың «COSCO Shipping» ең ірі логистикалық компаниясы «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағын дамытуға инвестиция салмақ. Бұл Қазақстанның бү­кіл өңірдегі транзиттік әлеуетін ны­ғайтуға көмектеседі.

Еліміз негізінен Қытайға мұнай, мыс және мыс катодтарын, кен мен мыс концентраттарын, табиғи газ, ферроқорытпа, уран мен күнбағыс майын жеткізеді. Ал Қытайдан Қазақстанға негізінен техника – телефон, компьютерлер, электр генераторлық қондырғылар, қара металдардан жасалған бұйымдар, шиналар, жол және құрылыс техникасы және автомобильдер әкелінеді.

 

Визасыз режімнің берері мол

Сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша, мамыр айында Сиань қаласында (ҚХР) екі ел Үкіметінің қол қойған визасыз режімге қатысты құжаты 10 қарашада күшіне енеді. Келісім бойынша жеке жұмыстармен, туризм, ем қабылдауға, халықаралық, транзиттік, сондай-ақ іскерлік мақсаттарда барған екі елдің азаматтары визадан босатылады. Олардың елде болуы күнтізбелік 30 (отыз) күннен аспауы қажет, ал күнтізбелік 180 (жүз сексен) күн ішінде жиынтығында күнтізбелік 90 (тоқсан) күннен аспауы қажет.

Ал егер 30 күннен артық болу қажет болған жағдайда, тиісті санаттағы кіру виза­сын алдын ала рәсімдеу қажет. Виза­сыз режім жұмысқа орналасуға, оқуға және миссионерлік қызметке рұқсат бермейді.

«Қытай – экономикасы алпауыт ел. Қазақстан жəне Орталық Азия елдері үшін негізгі сауда серіктестерінің бірі. Екі ел арасындағы өзара визасыз режім арқылы жеке азаматтар ғана емес, жүк көлігін жүргізушілер де шекарадан еркін өте алады. Бұл біраз мәселені ше­шеді. Арадағы сауда-саттық өсіп, өңір­аралық ынтымақтастық нығаяды, эко­н­омикамызға оң əсер етеді. Қазақстан – Ор­талық Азияда Қытаймен визасыз режім орнатқан жалғыз мемлекет. Мұны біз дипломатиялық жеңіс деп есеп­тейміз», деп пікір білдірген еді СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров.