Шекаралы аймақ – Райымбек ауданының Сүмбе ауылының жастарын шат-шадыман еткен айтулы жаңалық – заманауи спорт кешенінің пайдалануға берілуі. Ауылдың ажарын ашып, тұрғындар көңілін көпсіткен еңселі ғимарат 1 гектардан астам аумақты алып жатыр.
Ауласында баскетбол және футбол алаңдары, көліктерге арналған тұрақ, воркаут алаңы орналасқан. Ал кешеннің ішінде 70 көрерменге арналған спорт, бокс, фитнес, күрес, тіпті гимнастика залдары бар. Сонымен қатар ғимаратта медициналық пункті, дәретхана, киім ілгіштің болуы ауыл жастарының, әсіресе спортқа әуес балалардың қуанышын еселеді. Мұнда бір уақытта 100-ден астам жас спортпен шұғылдана алады. Спорт кешенін жылыту үшін блоктық-модульдік қазандық орнатылған. Құрылысқа 1 млрд теңгеге жуық қаржы жұмсалған.
Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев таулы ауданға барған іссапарында ауыл тұрғындарымен жүздесіп, Сүмбе ауылдық спорт кешенінің ашылу салтанатына қатысты.
«Ауылда спортқа қызығушы балалардың көп болғаны қуантады. Бұл нысанның саламатты өмір салтын халық арасында дәріптеуде маңызы зор. Жалпы, Нарынқол өңірінің жастары белсенді әрі талантты. Осы спорт кешенінен еліміздің туын көкке көтеретін, айбынды жастар тәрбиеленіп шығады деп үміттенеміз», деді өңір басшысы.
Шеткерідегі Сүмбе ауылының инфрақұрылымы ай өткен сайын жаңғырып, жанданып келеді. Бұлай деуіміз негізсіз емес. Осы жылдың мамыр айында ауылда құны жарты миллионға жуықтайтын мәдениет үйі ашылса, енді міне, әлеуметтік нысан қатары халықтың игілігіне арналған спорт кешенімен толығып, жастардың құлшынысы мен қызығушылығын арттырып келеді.
Алматы облысы