• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Қоғам 31 Қазан, 2023

Көшелі іске бастаған көшпелі отырыс

245 рет
көрсетілді

Қостанайда республикалық «Ардагерлер ұйымы» Орталық кеңесінің көшпелі отырысы өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» Жолдауы арқау болған алқалы кеңесте Президент атап көрсеткен ортақ міндеттерді еңсеруге Ардагерлер ұйымы қандай үлес қоса алады деген мәселе айқындалды.

Көшпелі кеңеске Қазақстанның Еңбек Ері, Мәжіліс депутаты, ре­спуб­ликалық Ардагерлер ұйымы­ның төрағасы Бақтықожа Ізмұ­хам­­бетов бастаған Орта­лық кеңес­тің төралқа мүшелері, облыс әкі­мі Құмар Ақсақалов, Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен өңірлік филиал­дардың басшылары қатысты.

Бақтықожа Салахатдинұлы алдымен жиналғандарды  Республика күнімен құттықтап, ардагер әріптестеріне жоғары мемлекеттік наградалар тапсырды.

«Президентіміз әділ әрі озық мемлекет құруды көздейді. Ел өмірінде болып жатқан оң өз­ге­рістер де аз емес. «Халық үні­не құлақ асатын мемлекет» тұжы­рымдамасы сәтті жүзеге асып келеді. Біздің басты міндетіміз – Президент реформаларын жүзеге асыру бағытындағы жұмыстарға белсене атсалысу, елімізде болып жатқан түбегейлі бет­бұрыстарды өңір тұрғындарына барын­ша байыпты, түсінікті жеткізу. Бүгінгі бас­қосуымыз әділетті мемлекетті құру жолындағы көшелі істі қол­дайтын, алдағы жоспарымызды айқындайтын аса маңызды кеңес», деді Бақтықожа Ізмұхамбетов.

Бұдан әрі жергілікті ардагерлер ұйым­дарының алдағы жұмыс жоспарының басым бағыттары жөнінде әңгіме өрбіп, келешекте Жолдауда айтылған бірнеше мәселе басты назарға алынатын болды.

Ұйым төрағасының айтуынша, ардагерлер әділетті қоғам құру жолындағы ортақ іске атсалы­сып, мемлекеттің ішкі мәселелеріне белсенді түрде қолдау көрсетіп отыруға тиіс. Осы мақсатта Президент бастамаларын жұртшы­лыққа түсінікті жеткізіп, көпшілік көкейіне сіңіре алатын, жалпы әлемдегі ахуалдан хабары мол, елге беделді, айтары бар ардагерлерден тұратын мобилді топтар құрылмақ.

Аталған ұйымның жұмыс жоспарын пысықтау барысында ұлттық дәстүр­ді, мәдени-рухани құнды­лықтарды дәріптей­тін іс-шара­ларға көбірек атсалысу, жастар­дың бойына отансүйгіштік қасиет­терді ұяла­татын рухани дү­ние­лерді көптеп насихат­тау секілді маңызды мәселелер сөз болды.

«Бұл мәселеде бізге Қызыл­орда, Жамбыл, Түркістан, Алматы облыстары жақсы үлгі бола алады. Аталған өңірлерде «Әкелер мектебі», «Аналар мектебі» сияқты қоғамдық институттар жұ­мыс жүргізіп жатқанын білеміз. Осындай қоғамға тиетін пайдасы зор игі жұмыстарды өзге өңірлер де қолға алуы керек. Сонымен қатар кейінгі жылдары дін төңірегінде де неше түрлі ұшқары ой-пікірлер жиі айтылып жүр. Өкінішке қарай, түрлі ағым өкілдері дін жайында әңгіме айтамыз деп, қазақтың салт-дәстүрін ысырып, өзінің теріс идеологиясын тықпалағысы келеді. Дін мен дәстүрді ешуақытта бір-біріне қарсы қоюға болмайды. Халқымыз дәстүрді ерекше қадірлеген, қастерлеген, сақтай білген. Жалпы, дін тақырыбы өте нәзік дүние екенін ескеріп, осы мәселеге мұқият болуларыңызды сұраймын», деді Бақтықожа Ізмұхамбетов.

Жиын соңында ардагерлер ел іргесінің беріктігіне үлес қосу, Мем­лекет бас­шы­сының реформаларын жүзеге асыруға белсенді атсалысу туралы ортақ байламға келді.

 

Қостанай облысы