• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Кітапхана 31 Қазан, 2023

Кітапханалар жаңғыртылды

285 рет
көрсетілді

Биыл Астананың орта­лық­тандырылған кітап­ханалар жүйесіне қарасты 4 қала­лық кітапхана жаң­ғыр­тылып, олардың 2-уі Рес­публика күні мен кітап­ха­нашылардың кәсіби м­е­рекесінде есігін оқыр­ман­дарға қайта айқара ашты.

Бүгінде елордадағы Орталық­тан­дырылған кітапханалар жүйесіне қарасты 18 қалалық кітапхана бар, онда 92 маман қызмет істейді. «Кі­тапхана қызметін жаңғырту және жетілдіру» атты қанатқақты жо­басы аясында №4 балалар кітап­ханасы мен Зағиптар мен нашар көретін азаматтарға арналған ма­мандандырылған кітапхананың ма­­териалдық-техникалық базасы толықтай жаңартылып, заманауи эргономикалық жиһаз, дизайнерлік жұмыс жүргізілді. Кітапхананың қасбеттері өзгерді.

Сондай-ақ зағиптар мен нашар көретін азаматтарға арналған мамандандырылған кітапханаға «Оқу машинасы» деп аталған сөйлеу синтезі бар компьютерлік тифлокешен орнатылды. Оның көме­гімен көзі нашар көретін оқыр­мандар кітап оқып, материалдарды өңдеп, басып шығара алады.

Қайта жаңғыртудан өткен кітап­хананың ашылуына Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен қатысып, жаңаша түрге бөленген оқу залын аралап көрді.

– Қазіргі уақытта халықтың мәдени деңгейін арттырып, оқу бел­сенділігін дамытуға, жас­тар­ды руха­ни-адамгершілікке тәр­­биелеуге көңіл бөлу өте ма­ңыз­ды. Бұл жолда кітаптың атқа­ра­тын рөлі зор. Заңғар жазушы Әбіш Кекілбайұлы «Адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кі­тапхана» деп бекер айтпаған. Ер­теңгі ел тізгінін ұс­тайтын жас ұр­пақ пен көпшілік оқырманға кі­тапты насихаттау жолында жасап жүрген еңбектеріңіз орасан, – деп кітап­хана­шыларға ізгі лебізін білдірді ол.