Павлодар облысының әскери қызметшілері Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерін ғасырлық мерейтойымен құттықтады.
Павлодар облысының қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары, подполковник Алмасбек Бұхарбаев пен «Қарулы күштер ардагерлері» РҚБ облыстық филиалының төрағасы Жан Қаратаев соғыс ардагері Мария Курбатованы мәртебелі жүз жасқа толуымен құттықтау үшін ардагердің шаңырағына арнайы бас сұқты. Майдангерге Қорғаныс министрінің атынан Алғысхат тапсырған подполковник Алмасбек Бұхарбаев: «Азат етуші батырларымыз мәңгі жадымызда сақталады. Ал ардагерлерге қамқорлық жасау – әр әскери қызметшінің міндеті», деді.
Мария Даниловна 1923 жылы 29 қазанда Павлодар облысының Воронцовка ауылында дүниеге келген. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде ол көшпелі госпитальда жаралыларға көмек көрсетті. 1943 жылы майданға барар алдында Мәскеу облысындағы мергендерді даярлау жөніндегі нұсқаушылардың орталық мектебін үздік бітірді.
Аға сержант Мария Курбатова 138-ші Қызыл Ту атқыштар дивизиясы 650-ші Суворов ордені атқыштар полкінің құрамында отан қорғады. Украина, Польша, Чехословакияны азат етуге атсалысты.
Соғыс аяқталғанда Павлодарға оралып, орта мектепте алғашқы әскери дайындық пәнінен сабақ берді. Мария Даниловна «Отан соғысы», «Жуков» ордендерімен, «Ерлігі үшін», «Жауынгерлік еңбегі үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталған. Ардагердің туыстары әскери қызметшілердің көрсеткен қамқорлығына риза болып, шын жүректен алғысын білдірді.