• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Көрме 31 Қазан, 2023

Тарихтан – тәбәрік

285 рет
көрсетілді

Торғайдағы Әліби Жангелдин тарихи-мемориалдық мұражайында «Қасиетті Қазақстан» көрмесі ашылды. Тәуелсіз еліміздің тоқсаныншы жылдардан бері қарайғы дербес мемлекет болып қалыптасу, өрлеу, даму тарихын баяндайтын хронологиялық фотоэкспозиция алты бөлімнен тұрады.

0 жылы 25 қазанда қабыл­данған Егемендік деклара­циясының көшірмесі, 1993 жылғы алғашқы Ата заңымыз, Қазақстанның географиялық картасы, Мемлекеттік Туымыз, Елтаңбамыз, сондай-ақ, тәуел­сіздігімізді бірінші болып танып, мойындаған бауырлас Түркия елінің мемлекеттік нышандары қойылған.

Биыл айналымға енгеніне 30 жыл толып отырған төл теңгеміздің тарихы да көрме төрінен орын алып отыр.

«Төл теңгемізге алғаш қол қойған жерлесіміз, белгілі экономист-ғалым, Қазақстан Ұлттық банкінің тұңғыш төр­ағасы Ғалым Байназаров аға­мыз кезінде өз қолымен әкеліп музейге тарту етіп кеткен ұлттық валюта үлгілері мен алтын қаламы да осы көр­менің аясында көпшілік наза­рына ұсынылып отыр. Сонымен бірге біздің экспозицияда Қазақстан Қарулы күштері, еліміз мүшелікке енген халықаралық ұйымдар туралы мәліметтер бар», дейді музей кешенінің басшысы.

Көрмеде, сонымен қатар, ел­ордамыз – Астана қаласының құрылыс-сәулет тарихы туралы фотодеректер, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қай­тару туралы Жарлығының көшірмесі, Алаш ардақтылары Әлихан, Ахмет, Міржақып аталарымыздың портреттері, «Қасиетті Қазақстан» энци­клопедиялық жинағының төрт томы айшық тапқан.

Торғай мұражайлар ке­шенінің директоры Гүл­ба­ну Сәрсекейдің айтуынша, Қос­танай облысының кие­лі нысандары «Қасиетті Қа­зақстан» көптомдық жи­на­ғының үшінші томына енген. Мұнда Жангелдин ауданында орналасқан 7 киелі нысан, соның ішінде Алаш қайраткері Міржақып Дулатұлының ке­сенесі де бар.

Аталған көрме жыл соңына дейін жұмыс істейтін болады. Оған дейін музей ұжымы аудандық білім бөлімімен бірлесіп, мектеп оқушыларына арналған тәрбиелік-танымдық сабақтар өткізуді жоспарлап отыр.

 

Қостанай облысы