Абай облысының мұғалімдері «Aqyl Battle Cup» республикалық зияткерлік ойынында жеңімпаз атанап, 1 миллион теңгені қанжығаға байлады.
Aqyl Battle Cup» республикалық зияткерлік ойыны Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен биыл алғаш рет өткізілді. Білім бәйгесінің басты мақсаты – мемлекеттік тілді жастар арасында білім мен бірліктің негізгі белгісі ретінде насихаттау. Зияткерлік шайқас «Тіл тағдыры – ел тағдыры» жобасы аясында 2025 жылдың соңына дейін жыл сайын өткізіледі деп жоспарланған.
Астанада өткен ақыл-ой додасының жеңімпаздары – Абай облысы лингвистикалық орталығының филологі Жандос Қалиақпаров, Абай ауданы орта мектебінің бастауыш сынып және математика пәнінің мұғалімдері Балауса Сайлаубекова және Айтолқын Ермекова.
– Финалда қатты толқыдық. Суперфиналдағы қарсыласымыз – жамбылдық команда екі күндік шайқаста ең үздік нәтиже көрсетті. Сондықтан бізге тапқырлық қана емес, жеделдік таныту да маңызды болды. Суперфиналдың жалғыз сұрағы Алашорда тарихымен байланысты болғандықтан, түймені қарсыласымыздан бұрын бастық. Ең бастысы, біз – өз оқушыларымызға үлгіміз, – деді «Aqyl Battle Cup» республикалық ойынының жеңімпаздары.
Жарысты «Болашақ Қазақстанға» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды. Еліміздің барлық өңірінен 14 пен 35 жас аралығындағы 150-ден астам азамат қатысып, 50 команда арасынан Абай облысының «Телқара» командасы оқ бойы озық шықты. «Телқара» командасы бас жүлдеге тігілген 1 миллион теңгені еншілесе, І орын алған жамбылдық «Дара» командасы 500 мың теңгеге ие болды. Маңғыстау облысынан келген «West coast» командасы ІІ орынды және 300 мың теңгелік сыйлықты иеленді. ІІІ орын мен 200 мың теңгелік сыйлық Батыс Қазақстан облысынан келген «Europolis» командасына бұйырды.