Жыл басынан бері 23 озат оқушы әлемдегі ең беделді жеті олимпиадада 2 алтын, 11 күміс және 10 қола медаль жеңіп алды. Олардың қатарында IMO, IphO, IChO, IBO, IGеO, IOI және IOL пәндік олимпиадалары бар. Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев олимпиада жеңімпаздарымен және жүлдегерлермен, сондай-ақ оларды дайындаған педагогтермен кездесті.
мпиаданың (IPhO) күміс жүлдегері, Алматы қаласындағы №165 мамандандырылған лицей оқушысы Марғұлан Нұрсағатов тәлімгерлеріне алғысын білдірді. «Физиканың қыр-сырын үйрету үшін күш-жігер жұмсаған мұғалімдеріме және мені қолдап келе жатқан ата-анама рахмет айтамын. Сондай-ақ еліміздің болашағына – бізге сенім артқаны үшін Мемлекет басшысына ерекше алғысымды білдіремін», деді Марғұлан Нұрсағатов.
Оқу-ағарту министрі жеңімпаздарды жетістіктерімен құттықтап, халықаралық олимпиадаларда жүлдегер болған оқушыларды қолдау шараларына тоқталды.
– Сіздер еліміздің көк туын әлемдік аренада жоғары көтеріп, математика, физика, химия, биология, география, информатика сияқты іргелі ғылымдар бойынша лайықты нәтижелерге қол жеткіздіңіздер. Бұл ұстаздардың да орасан зор еңбегі, жетістігі деп білемін. Мемлекет дарынды оқушыларға жан-жақты қолдау көрсетіп келеді. Былтырдан бері халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне, сондай-ақ оларды дайындаған педагогтерге біржолғы сыйақы төлене бастады. Биыл әлемдегі ең беделді 7 олимпиадада жүлдегер атанған 23 оқушыға 65,5 млн теңге, ал 20 педагогке 6 млн теңгеге жуық ақшалай сыйақы берілді. Бұл шаралар, ең алдымен, олимпиадашылардың беделін арттыруға және отандық ғылымның болашақ жұлдыздарын қалыптастыруға бағытталған, – деді Ғани Бейсембаев.
Айта кетейік, алтын медальға – 1 500 айлық есептік көрсеткіш, күміс медальға – 1 000 айлық есептік көрсеткіш, қола медальға 500 айдық есептік көрсеткіш мөлшерінде ақшалай сыйақы қарастырылған. Алтын медаль иегерін дайындаған педагогке – базалық лауазымдық жалақының 26,5 еселенген мөлшерінде, күміс үшін базалық лауазымдық жалақының 17,5 еселенген мөлшерінде, қола үшін базалық лауазымдық жалақының 8,5 еселенген мөлшерінде сыйақы төленеді.