• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 01 Қараша, 2023

Апаттан сақтаудың амалы

207 рет
көрсетілді

Автомобиль жолдарын қақаған қыста күтіп ұстау мен сақтаудың ерекше әдістері бар. Қалың қарды сырып тастағаннан кейін жұқа қар күннің көзімен жіпсіп еріп, шағын ойықтарға құйылады. Ол жерге қатқан мұздың көлемі үлкейіп, асфальтты бұзады. Сөйтіп, бұрынғы ойықтарды үлкейтіп, шұңқырға айналдыруы мүмкін.

Ал жолдағы шұңқырдың қасіреті қандай болатынын барша жүргізуші біледі. Мұндай жолдар, әсіресе қыста өте қауіпті. Екінші мәселе, жіпсіген қар түнде қатып, жолды көктайғаққа айналдырады. Осының кесірінен де жол-көлік апаты болып жатады. Сондықтан жолды қардан тазартқанда толық сыпырып өткен жөн.

Жолдарды қыста сақтаудың бұдан басқа да толып жатқан әдіс-тәсілі бар. Осы бастан жолдың ше­тін­дегі қар ұстайтын ағаш бұтақ­тары, қурай, күзгі шөп бәрін тазалап тастау керек. Әйтпесе, ағаштардағы қалың қар жолды жауып тастайды. Жолаушы тасымалы және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мақсат Баяхметтің айтуын­ша, жергілікті жолдарды 2023-2024 жылғы қыс және көктем айларында күтіп-баптап ұстау үшін 1,3 млрд теңге қаражат қарастырылған. Бұл қаражаттың 400 млн теңгесі тек қыс айлары үшін бөлінген. «Осы қаржы шеңберінде жолдарды күту жұмыстарына алты ұйыммен келісімшарт жасалды. Олар 13 ауданның аумағындағы жолдарға жауапты», деді М.Баяхмет.

Жалпы айтқанда, қыста жолдарды күтуге 142 техника, 278 адам тартылмақ. Ауданның ішіндегі жолдарды сақтауға да жоғарыда айтылған қаржының 400 млн теңгесі бөлінген. Бұл қаражат аудандық деңгейдегі барлық 4 463 шақырым жолды тазалауға жұмсалады.

Жолдарды қыста қардан тазарту, тұрып қалған көліктерге көмек беру секілді жұмыстар ауыл шаруашылығы кәсіпорындарына да жүктеледі. Шамамен 220 ауыл шаруашылығы кәсіпорны 1,3 мың шақырымдық жолдың сақталуы мен қауіпсіздігіне жауап беруге міндеттелген.

Жолаушылар тасымалы бас­қар­ма­сында жолды қардан таза­лауға арналған техникалардың ішінде шнекротордың алатын орны ерекше көрінеді. Солтүстік Қазақстанға Мемлекеттік материалдық резервтен бұл техниканың екеуі бөлінген. Олар қар барынша биік болып, үйіліп қалған аймаққа жедел жеткізіледі. Қазіргі таңда өңірде қар қалың жауатын 266 учаскеге қарайтын 863 шақырым жол анықталған. «Бұл аймақтар басқарманың жіті бақылауында», деді М.Баяхмет.

Осы күндері басқарма жол шетіндегі қар ұстайтын қурайлар мен шөптерді қырқу, суағар құбырларды тазалау және көктайғаққа қарсы жолға себілетін материалдарды үю жұмыстарын ұйымдастырып ке­ле­ді. «Қазір әрбір аудандағы жол учас­келеріне жауапты адамдардың тізімін арнайы бұйрықтармен бекітіп жатырмыз. Мұндай жұмыстар қиын жағдай болғанда кімнің тікелей жауапты екенін бірден анықтау үшін қажет. Белгіленген шаралар тегіс орындалса, жолдардағы апатқа жол берілмейтіні анық», деді басқарма өкілі.

 

Солтүстік Қазақстан облысы